Әлімсақтан айтылатын аксиома: өмірге адамның бәрі бірдей болып келеді. Алайда, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында ата-анадан алған тәлім-тәрбиесіне, өскен ортасына, алған біліміне, таңдаған кәсіп-мамандығына қарай әрқандай азамат болып қалыптасады. Ал, елге сіңірген еңбегіне, жасаған қызметіне қарай абыройға иеленіп, сый-құрметке бөленеді. Әйгілі қаз дауысты Қазыбек бидің: «Ерден ердің несі артық – ептестірген ісі артық» деген қанатты сөзі осындайдан қалса керек. Адамзат тарихындағы кішісінен үлкеніне дейін ұлы тұлғалардың бәрі сондай үлгілі-өнегелі істерімен көзге түсіп, айрықша бағаланып, халықтың жадында қалған. Тіпті, данышпан Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі де – ақымақшылық» деуі де терең ойды меңзейді.
Бұл аз десеңіз, кезінде өзіміз құлай оқыған философ Карл Маркстің «Адамның мәні қоғамдық қатынас арқылы айқындалады» дегені бар.
Міне, осындай көңілге нәр беріп, көкейге жылылық ұялататын, қиялға қанат бітіретін сөздерді бүгінде жетпіс дейтін белесті жасқа келіп, қоғамымызға, мемлекетімізге сіңірген еңбегіңмен еленіп, құрметке бөленіп отырған республикаға танымал заңгер, прокуратура саласының ардагері, атпал азамат Болат Ажақайұлы Сембинге арнауға болады.
Мен Бөкеңді бұрын сырттай естігенім болмаса аса көп тереңірек білмеуші едім. Жақынырақ таныс-біліс болуымыз республиканың Бас прокуратурасында бірге қызметтес болуымыздан басталды. Ол кісі Бас прокурордың кадрлар жұмысы жөніндегі орынбасары болды да, мен сондағы құқықтық ақпарат дейтін басқарманы басқардым.
Бұл Тәуелсіздік алғанымызға бес жылдай уақыт болып, етек-жеңімізді жиып, егеменді ел болғандықтан өзге салалар сияқты сот пен прокуратура, барлық құқықтық салада өзгерістер мен реформалар жүргізіле бастаған өтпелі кезең болатын. Сондықтан да, Бас прокуратураның да алдында саланы қалыптастырып, нығайту, дамыту бағытында қыруар шаруаларды атқарып, жүзеге асыру міндеті тұрды.
Осындайда еске түседі. Еліміз өзінің егемендігін жариялағаннан кейін іле-шала 1992 жылы алғаш прокуратура туралы заң қабылданды. Қазақстан Республикасының 1993 жылы қабылданған тұңғыш Конституциясында прокуратураның қызметі мен міндеті айқындалды. Республика Президентінің 1994 жылғы 14 ақпандағы № 1469 Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, онда заңнаманың дамуының, сот жүйесінің сондай-ақ, бүкіл құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратураның да реформасының негізгі бағыттары белгіленді.
1995 жылы заман талабына қарай, еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуына сай келетін жаңа Конституция қабылданды. Осы Ата Заңның 83-бабының 1-тармағында орны мен мән-маңызы ерекше аталып өтілді.
Осыған байланысты сол 1995 жылдың 21 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылданып, күшіне енді. Демек, алғашқы кезеңнің өзінде еліміздің прокуратура органы да бірнеше реформа мен жетілдіруді бастан кешіріп, айтарлықтай даму сатыларынан өтті.
Осынау қиын кезеңде республика Бас прокуратурасының аппаратында жауапты қызмет атқарғандықтан Болат Ажақайұлы сол реформалық өзгерістердің басы-қасында жүрді. Оған өзінің лайықты үлесін қосты.
Бөкең Бас прокурордың орынбасары ретінде біздің басқармаға тікелей басшылық жасады. Онымен жақсы сыйластық және түсіністікпен қоян-қолтық жұмыс істедік. Сонда байқағаным, ол жоғары басшылардың алдында оза шауып, көзге түсіп қалуға тырыспайды. Байсалды да біртоға. Әрбір іске байыппен, тиянақтылықпен қарайды. Қарамағындағыларға да дауыс көтеріп ұрыспайды. Әркімге атқарып отыған қызметіне, қабілет-қарымына қарай тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалайды. Сол үшін де оны әріптестері сыйлап, құрметтейді.
Әлі есімде, біз Бөкеңмен ақылдаса отырып, 1997 жылы Бас прокуратураның бұған дейін болмаған өзінің дербес, құқықтық журналын шығаратын болдық. Көтеретін мәселесіне, тақырыбына сай оған «Заң және заман» деген ат қойдық. Бұл айтуға оңай да, жеме-жемге келгенде өзіндік қиындығы бар шаруа болатын. Дегенмен, журналдың редакциясын ұйымдастырып, штатын белгілеп, қаражаттық-материалдық мәселелерін шешуде Болат Ажақайұлы бізге көп қолдау мен көмек көрсетті. Сөйтіп, сол жылдың мамыр айынан «Заң және заман» журналы жарық көре бастады. Мұны республикадағы прокуратура қызметкерлері үлкен қуанышпен қарсы алды. Өйткені, мұндай арнайы басылымның өмірге келуі оларға өз салалары бойынша көкейде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, ортаға салып, бір-бірімен пікірлесіп, тәжірибе бөлісуіне жол ашып, ақпараттық тұрғыдан мол мүмкіндік берді.
Содан бері де он жеті жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде «Заң және заман» журналы қалыптасқан, өзіндік бағыт-бағдары бар, прокуратура қызметкерлері ғана емес, құқықтық-заңнамалық тақырыпқа қызығатын басқа да оқырмандар жаздырып алып оқитын айтулы басылымға айналған.
Болат Ажақайұлы прокурорлық қадағалауды жүзеге асырумен қатар, прокурорлардың біліктілігін арттыру жұмыстарына да қатты көңіл бөліп отырды. Б.А.Сембиннің басшылығымен 1992 жылы Бас прокуратураның Оқу орталығы базасында алғаш рет Прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты құрылды. 1997 жылы прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Заңдылық, құқық тәртібін зерттеу және прокуратура кадрларының біліктілігін арттыру институты болып қайта құрылды.
«Бәрін кадр шешеді» демекші, қай салада да кадрлық құрамның сапасы, олардың біліктілігі мен кәсіптік деңгейі айтарлықтай рөл атқарады. Сол бір жылдары Болат Ажақайұлы Бас прокурордың кадрлар жұмысы жөніндегі орынбасары бола жүріп, прокуратура саласына білімді, дайындығы мол заңгер мамандарды тарту, бұрыннан қызмет істеп жүргендерін еңбегіне, тәжірибесіне, кәсіпқойлық деңгейіне қарай өсіріп, жоғарылатып отыру бағытында қыруар жұмыстар атқарды. Талай талапты жастарға, білікті мамандарға қолдау көрсетіп, шарапатын тигізді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты және басшылық қызметтер атқаратын олардың қай-қайсысы да Бөкеңнің есімін жылылықпен еске алып, алғыстарын айтып отырады.
Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: «Адам қанша жерден оқып-тоқыса да өзінің тегінен, табиғаты мен болмысынан алыс кетпейді» дейді. Сол айтқандай, Бөкеңнің бойындағы ақыл-парасат пен адами асыл қасиеттердің негізі ата-анадан дарыған қан мен сүттен, тәлім-тәрбиеден бастау алса керек.
Жақын таныса келгенде білгенім, Бөкеңнің әкесі Донда ақсақал Жамбыл облысының Сарысу ауданында ұстаздық етіп, ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында абыройлы да жемісті қызмет атқарыпты. Сонда Донда Сембин атында орта мектеп бар көрінеді. Осындай ағартушы-ұстаздың отбасында дүниеге келіп, тәлім-тәрбие алған Болат 1960 жылы мектепті бітірген соң өзінің туған жеріндегі Калинин атындағы кеңшарда үш жылдай механизатор болып жұмыс істеген. Әскер қатарында болып, азаматтық борышын да өтеп, оңы-солын танып барып, заңгерлік мамандықты таңдаған.
1969 жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы Казақ мемлекеттік университетінің заң факультетін ойдағыдай бітірген соң арнайы жолдамамен Талдықорған облысы, Гвардия ауданы прокурорының көмекшісі етіп жіберілген.
Өзінің іскерлігімен, кәсіп-мамандығының қыр-сырын меңгеруге деген ұмтылыс-талабымен көзге түскен Болатты сол жылы-ақ облыс прокуроры аудан прокуратурасының тергеушісі қызметіне өсіреді. Сенім арту бар да, оны ақтай білу бар. Сондай сенімді абыроймен ақтай білген Б.Сембин көп ұзамай, яғни 1972 жылы Киров ауданының прокуроры қызметіне тағайындалады. Аудан прокуроры болып Б.Сембин тоғыз жыл бойы абыройлы қызмет атқарады. 1981 жылғы қарашадан бастап 1985 жылғы мамыр айына дейін Б.Сембин Торғай облысы прокурорының орынбасары. 1985 жылғы мамыр айынан бастап 1988 жылдың қыркүйек айына дейін Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. 1987 жылғы мамыр айында Торғай облысының прокуроры болып тағайындалды. 1988 жылы тамыз айында Алматы көлік прокуроры қызметіне ауысады. 1990 жылы тамыз айында Қазақ КСР прокурорының орынбасары, 1992 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасы прокурорының орынбасары – Қазақ көлік прокуроры қызметіне тағайындалды. 1993 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы кадр басқармасының бастығы, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, 1997 жылы Талдықорған облысының прокуроры болып жемісті қызметтер атқарды.
Мұның бәрін мен неге тізбелеп айтып отырмын. «Талаптыға нұр жауар» немесе «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар», дейді. Кез келген адамның өсіп-өркендеуі, жауапты қызметтерге жоғарылатылуы өзіне – талабына, ұмтылысына байланысты. Болат Ажақайұлының өмірбаяны, еңбек жолы осыны дәлелдеп тұрғандай. Оған қоса, оның өмір жолы, қызметтік баяны бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай.
Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Б.Сембин қол қусырып қалған жоқ. Білікті заңгердің көп жылдық бай тәжірибесі ескеріліп, әділет органдарына жұмысқа шақырылды. 1998 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасының Сот орындаушылары департаментінің директоры қызметіне тағайындалып, онда екі жылдай жемісті қызмет атқарды.
Прокурорлық-тергеушілік тәжірибесі мол Б.Сембин ендігі бір мезет өзінің өмірін ғылыми-оқытушылық қызметке арнады. Бұл бағытта да Болат Ажақайұлы елеулі жетістік-табыстарға жетіп, құқықтанушы ғалымдар арасында зор құрметке ие болды.
Б.Сембин 2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетте институт директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Аталған университетте Б.Сембиннің қатысуымен бірқатар оңды және маңызды іс-шаралар жүзеге асырылды және ол ғылыми-оқытушылық қызметте де өзін кәсіпқой маман ретінде көрсете білді. Соның нәтижесінде, Болат Ажақайұлы 2000 жылы Астана қаласында енді ашылған Қазақ Гуманитарлық заң университетінің проректоры қызметіне шақырылды. 2001 жылы аталған оқу орнының Ұлттық құқық және саясаттану институтының директоры болды. Осы кезеңде Қазақ Гуманитарлық заң университетіне елімізге танымал ғалым оқытушылар жұмысқа шақырылып, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамының сапасы артып, студенттер білімінің деңгейі көтерілді. Алғашқы жылдары жаңа оқу орнының жұмысын ұйымдастыру кезінде орын алған қиындықтарға қарамастан, Қазақ Гуманитарлық заң университеті аз уақыт ішінде еліміздің жетекші заң оқу орнына айналды.
Б.Сембин 2003-2008 жылдары Қазақ Гуманитарлық заң университетінің қылмыстық сот ісін жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Кафедра меңгерушісі ретінде кафедра университетте ғана емес, еліміздегі үздік кафедра қатарында болды және ғылыми бағытта бірқатар жаңа жетістіктерге жетті. 2008 жылдан қазірге дейін Қазақ Гуманитарлық заң университеті Директорлар кеңесінің төрағасы.
Б.Сембин 2000 жылдан бері тек әкімшілік-басшылық қызметтермен қоса, ғылыми-оқытушылық қызметпен айналысып келеді. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қазақ Гуманитарлық заң университетінің қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры.
Прокурорлық-тергеу, әкімшілік-басшылық және ғылыми-оқытушылық қызметтерден басқа Болат Ажақайұлы мемлекеттік және қоғамдық қызметтермен де айналысты. Б.Сембин 1973 жылдан 1981 жылға дейін Талдықорған облысы Гвардия аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты, 1987-1988 жылдары Торғай облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
Б.Сембиннің қажырлы да елеулі еңбектерін мемлекет ескеріп, 1986 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапатталды және 2002 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің алғысын алды.
Б.Сембинге 1990 жылы «3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі» деген жоғары сыныптық шен берілді.
1990 жылы «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.
Имандылық адамның ажарын ашып, абыройын өсіреді. Жанына ізгілік нұрын құяды. Ата дініміз исламға деген құрмет пен адалдықты парыз санаған Бөкең күллі мұсылман қауым үшін қасиетті мекен саналатын Мекке мен Мәдинеге сапар шегіп, қажы атанып қайтты.
Бүкіл саналы ғұмырын, таланты мен қабілет-қарымын, күш-жігерін заңдылық пен құқық қорғау саласына арнап, жемісті қызмет еткен прокуратура ардагері, ұлағатты заңгер, ұстаз-ғалым Болат Ажақайұлына алдағы уақытта да мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасында ынтымақ пен береке-бірлік тілегіміз келеді. Бөкеңнің бойындағы ізгі қасиеттер, ол атқарған игілікті істер ұрпағымен жалғасын тапса екен дейміз. Сонда ғана біз ұлттық рухы өшпеген, сабақтастықтан, салт-дәстүрден айнымаған «Мәңгілік Ел» болып қаламыз.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы,
профессор.