Біздер бұған дейінгі мақалаларымызда «Қазпошта»АҚ-тың жұмысына сын айтып жүрдік. Біздің өңір ғана емес өзге аймақтардағы тілшілеріміз, жергілікті авторлық орнықты да байсалды сын айтты. Ондай сынға ауылдардағы пошта байланысы, газет-журналдардың оқырманға уақтылы жеткізілмеуі себеп болған-ды. Былтыр облыста 52 ауылдық пошта бөлімшесі жабылып қалды. Аудандық пошта бөлімдерінде шалғайдағы ауылдарға пошта апаратын бірді-екілі ғана ескі, әбден тозған көліктер бар. Жанар-жағармайды үнемдеу мақсатында аптасына бір-екі рет қана жолға шығады. Пошташылардың еңбекақылары аз. Қысы-жазғы арнайы киімдер, қол сөмкелер қажет-ақ. Ауылдарға газеттер аптасына 3 рет барады. Автобус жүргізушілермен шартқа отырып газеттер жіберіледі. Ауылға «Қаз- пошта» АҚ-тың көмегі ауадай қажет дедік.
Жуырда өткен еліміз Парламенті Мәжілісінің Дариға Назарбаева басқаратын Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Қазпошта» АҚ-тың жұмысы сын тезіне іліккен еді. Енді, міне, пошта жұмысына жан бітіп, ауылдарға қарай бұрыла бастады. Облыстағы «Қазпошта»АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Николай Воронцовтың айтуынша, енді, өңірдегі пошта байланысының жұмысын жандандыру мақсатында ауылдарға баратын жылжымалы көшпелі пошта бөлімшелері қызмет көрсететін болады. Яғни, жаңа заман пошта көліктері арнайы байланыс құралдарымен, ноутбуктермен, электр қуатымен жабдықталады. Көшпелі пошта жүйелері арқылы мерзімді басылымдар, еңбекақы, зейнетақы, тағы басқа да әлеуметтік жәрдемақылар, хат-хабарлар шалғай ауылдарға уақтылы жеткізіледі.
– Көліктер алып қуанып жатырмыз. Енді шалғайдағы ауылдар осы жылжымалы көліктердің қызметін пайдалана алады, – дейді Ертіс және Баянауыл аудандық пошта бөлімшелерінің басшылары Төлеуғазы Мусин, Ахат Кариполла. – Жаңа көліктер тұрғындарға да, пошта қызметкерлеріне де қолайлы.
Пошта бөлімшелері жабылып қалған ауылдардағы қарттарға зейнетақылары, тұрғындардың газет-журналдары уақтылы жеткізіледі, – дейді Н.Воронцов. Сөйтіп, енді, облыстағы 52 шалғай ауыл – «Қазпошта» АҚ-тың жаңарту бағдарламасы арқасында пошта қызметінің жақсылығын көрмекші. Сонымен қатар, облыстағы Екібастұз қаласының ауылдарына жету үшін Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Шарбақты, Май, Успен аудандарындағы аудандық бөлімшелерге жаңа қызметтік көліктердің кілттері табысталды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан.
Павлодар облысы.