Қоғам • 13 Желтоқсан, 2021

Шынайы сөздің шуағы

528 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған қатерлі вирустың кесірі ме, техника ғасырының феномені ме, әйтеуір қазір көбіміз онлайн байланысқа үйреніп кеткеніміз сонша, адамдарды айлап, жылдап көрмесек те, сағынбайтын әдет таптық.

Шынайы сөздің шуағы

Өйткені тақ-тұқ болса да онлайн байланыстасың. Сырт еткізіп жазып жіберсең, сарт етіп жауап келіп тұ­рады. Әйтсе де ағыл-тегіл әңгіме айтылып, күлкі атау­лы кү­міс теңгедей шашырайтын арқа-жарқа адами қарым-қатынасқа ештеңе жет­пей­ті­нін біліп, шынайылыққа шөл­дейсің. Кісілік келбеттің ке­лістілігіне кепіл болатын тау суындай шынайы сөз кірлеп, тозып, кесел жұқтыруға  бейім кісі көңілін аспандатып, серпілтіп жіберетінін біл­ген соң сөйтесің. Қазақы қалпына шынайы бейнесі жарасқан, «Егеменмен» есімі тұтасып кеткен журналист Қарашаш апайымның да ақжарма көңілден шыққан алғаусыз сөздермен кісі көңілін құстай ұшырып, судай тасытатын, сонысымен өзін әрбір көңілдің төріне қоя алатын жақсы қасиеті бар. Сол үшін ең алдымен көңіліміз осындай кісілерді іздеп тұрады. Алпыстың ас­қарына шыққан мерейлі туған күнінде біз де бір жақ­сы лебізімізді арнасақ дейміз.

Бізді оқытқан ұстаз­да­ры­­­мыз «ең алдымен адам болыңдар» деп үйрет­кен. Сосын АҚШ-тың бұрынғы пре­зи­денттерінің бірі Руз­вельт­тің  баласына айтқан «көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің шебері бол» дейтін әйгілі қағидасын қайта-қайта құла­ғымызға құйып отыратын. Яғни мұның мағынасы – ең ал­дымен адам бол, сосын мықты маман бол! Ма­мандықты емес, алдымен адам­дықты айтудың да өзін­дік пәлсапасы бар еке­нін кейін түсіне бас­тадық. Дұрысы, қандай жағдайда да айтқан сөзінен таймайтын, уәде берсе орындайтын, қызыл да қысыр сөзге әуес емес, орынсыз мақ­таннан ат айналып қашатын адамдар ұқтырды. Сондай адамдардың жазатын сөзінің салмағы болатынын да  ішіміз біле қойды. Шын мә­нінде қоғамдық сананың өсуіне қызмет ететін жур­на­листиканың адамдық асыл қасиеттермен тікелей байланысты екенін осы салада қызмет ете жүріп түсіндік. Жақсылық атаулының жаршысы, білім мен ғылымның, өнердің жанашыры, әділ­діктің жоқшысы болып, жа­мандықтан, кесір-кесапат­тан сақтандыратын маман өзі қандай болуы керек деген заңды сұрақ тұрмай ма кісінің көңілінде?  Сон­да ең алдымен адами бей­не­сіне маман ретіндегі ше­бер­лігі жымдасқан толымды журналистерді, кәнігі көсемсөзшілерді атайтынымыз заңды. «Егемен Қа­зақстан» газетінде отыз жыл­ға жуық қызмет атқарып келе жатқан, аты-жөні газет оқи­тын көңілі ояу оқырманға жақсы таныс Қарашаш Тоқ­санбай апайым да ең алдымен кісілік келбетіне майталман шеберлігі жымдасып, сәйкескен мықты маман. Оны дәлелдеп жату бізге жараса қоймас. Дегенмен, апайдан үйренген тәліміміздің шет жағасын сөзімізге айғақ ретінде келтіре кетсек, дұрыс болар деген ойдамын.

Қарашаш апай кейіпкер­ле­рін аялап жүреді. Олар­дың қазақ мәдениетіне сіңір­ген еңбектерін газетке мөл­ді­ретіп жазғаны бір бөлек те, тіршілікте олардың жақсы қасиеттерін біз сияқты сің­лі­леріне айтып жүретіні, бір рет сөйлескен соң оларды жадынан өшіріп тастамай, кейін қайта айналып соғып оты­ратыны үлгі алатын үлкен қасиет. Сондай-ақ, автор­лардың мақаласына өз ма­териалдарынан бетер жаны ашып, газетке шы­ғып кетуіне мүдделі боп жүре­ті­ніне де осы жолдардың ав­­торы талай рет риза бол­ған. «Жақсы дүние жерде қал­маса  немесе көтерілген мә­селе қолдау табуы үшін нақ­ты адресатқа жетсе екен» деген шынайы жанашыр ті­лекпен сол мақалаларды қа­­дағалап отыратыны бар. Бұл нәр­селерді ерекше­леп айтып отырғаным, «түйесі жо­ғалмағанның бәрі ақыл­ды» дегендей, өзгенің мәсе­ле­сіне бас ауыртпайтын,  ав­то­рыңды да, кейіпкеріңді де әспеттей бермейтін «смарт буын» қалыптасып келе жатыр. Құндылықтар өзгерген капиталистік қоғамның бұл да бір ерекшелігі болар. Сондайда Қарашаш апай сияқты мықты мамандардың, сөз қасиетін білетін дегдар журналистердің әр жазбаның артында адам тұратынын, сол жазбаның оның көңіл күйіне де, еңбек өнімділігіне де әсері болуы мүмкін екенін ұмыттырмайтын  әлгіндей  өнегесі қашанда керек екенін сезінесің.

Қарашаш апайдан жас­тар үлгі алуы тиіс қа­сиет­тері көп. Ол кісінің ұқып­ты­лығына, кез келген ма­қа­лаға, тіпті ол кішкентай ғана бір хабар болса да жауап­кершілікпен қарап, ықы­ласпен жазатынына тән­ті­міз. Жиырманың о жақ, бұ жағында жазғанымның бас-аяғын қайта қарап, қа­те­лерін түзеп жатпай-ақ, кор­ректорға сеніп жып ет­кізіп өткізіп жіберетін жаман әдетім шынын айтқанда апай­дың әріп түгіл, үтір, нүктеден қате жібермеуге тырысатын әдетін көрген соң тыйылғанын мойындасам, әбес емес шығар. Бұл бәзбіреулер үшін елеусіздеу ғана нәрсе болуы мүмкін, ал дұрысында журналистің сауаттылығы өте маңызды дүние. Кез келген басқа ма­ман­дық иелерінен граммати­ка­лық сауаттылық талап етіл­­меуі мүмкін. Ал тасқа ба­­сы­­латын сөз ең алдымен қа­те­сіз болуы керек!

Шебер журналистердің жазатын тақырыбын ең алдымен әбден зерттеп, бір қайнауын кем қылмай, ойында пісіріп, жазуға сонан соң ғана отыратыны белгілі. Бұл тұрғыда әріптес апайымның сүйекті материалдарының бәрі жан-жақты ізденіс пен дайындықтың, ой еңбегінің нәтижесі деп айтар едік. Мен бұл жерде тек бір ғана мы­сал келтіргім келеді. Апай­дың біраз ілгеріде «Еге­менге» «Қазақтың Стра­ди­вариі кім?» деген сүйекті, сал­мақты үлкен-үлкен қос мақаласы шықты. Сол материалдарды жазу үшін Нұр-Сұлтаннан арнайы уа­қыт шығарып Алматыға, Қа­рағандыға іссапарға барып, қазақ домбырасын жасаған шеберлер туралы ізденіп, ескі жәдігерлерді сары майдай сақтап, күтіп-баптап отырған мамандармен әңгімелесіп, сол әңгіме ба­рысында қазақ ән-күй өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың домбыралары қазір кімдердің қолында екенін анықтап, қазақ домбырасына тән ерек­шеліктерді жіктеп, жіліктеп, домбыраның нарқын одан әрі асқақтатып, оқыған адам­ның жадында мәңгі сақ­талатын үлкен дүние жария­лады. Мұны мамандыққа адалдық деп бағалау керек. Ал сол қос мақаланың оқыр­ман танымын кеңейтуге пайдасы зор болды десек, қателесе қоймаймыз. Апай­дың мәдени-рухани бағытта жазған мұндай дүниелері өте көп. Олар әбден електен өтіп, екшеліп, 2019 жылы шыққан «Сыр-сымбат» кітабына енді. Кейін сол кітап қолымызға тиіп, шолып оқып шыққанымда мә­дени дүниелерді жазу үшін адамның жан дүниесі  нәзік, сыршыл, талғампаз болуы керек екен деген ойға бекігенмін. Неге десеңіз, өзі ән айта алмайтын, әнді мүл­дем түсінбейтін, театрға қы­зықпайтын, әдебиетті сүйіп оқымайтын, киноны да жан рақаты үшін емес, көп­ке еріп көретін, былайша айтқанда рухани талғамы қалыптаспаған журналистің ұлт руханиятына үлес қоса алмайтыны, одан ешқашан шебер журналист те шықпай­ты­ны шындық емес пе?  Иә, әртүрлі жолмен атағын шы­­­ға­рып, қызметі өрлей бе­руі мүм­кін, ол  енді басқа әң­гіме...  

Өмір сапарында адам­дар­дың бір-бірімен кез­де­сіп, таныс-біліс болуында бір заңдылық бар еке­ні анық. Әсіресе рухани, адам­­гершілік, дүниеге көз­қарас тұрғысынан, тіпті мі­нез-құлқы жағынан да бір сәйкестігі бар адамдардың жолы тоғысатын шығар деп ойлаймын. Әйтеуір «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етуім, Қарашаш апайдың ру­хани сіңлілерінің қатарын­да болуым тегін емес. Үй­рен­гені­міз көп, үйренеріміз де бар.

Меніңше, апайдың қалам құ­ді­реті осы жазба­ның бас жағында атап көрсет­ке­нім­дей, шынайылық дейтін ұғым­мен тікелей байланыс­ты. Қандай дүние жазса да оқырманын баурап алуының сыры – әрбір оқиғаны, әрбір мәселені, сұхбатты, тіпті бар­лық жанрды дейікші,  шы­найы жанашырлықпен, мейіріммен, жан шуағын төге отырып, арасынан қыл өтпейтіндей ғып өрнектеп жазуында, адамилық пен кәсібилікті ұштастыруында. Ал мынадай ақпарат тас­қы­нына әрең төтеп беріп отыр­ған уақытта мықты журна­лис­тердің жүрекке жылы жаз­баларын оқырмандары сағына күтетіні заңды. Бұл орайда апайға мерейтой қар­саңында тілектес, ниеттес, қанаттас, сапарлас жан­дардың ақжарма көңілден шық­қан ізгі тілектерімен рухани қанаттанып, оқырман­дарыңызды сүбелі дүниелер­мен қуанта беріңіз дегіміз келеді.