Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2021

Кәсіпкерлер Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен кездесті

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда Президенттік жастар кадр резерві мүшелерінің пікірталас клубы аясында отандық ірі бизнестің негізін қалаушылармен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды, Egemen.kz.

Кәсіпкерлер Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен кездесті

Резерв мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырып келеді.

Ашық диалогқа «Bazis-A1 корпорациясы директорлар кеңесінің негізін қалаушы және төрағасы А.Белович, KustoGroup компаниясы директорлар кеңесінің еншілес иесі және төрағасы Е.Тәтішев, Freedom Holding Corp компаниясының бас атқарушы директоры, директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов спикерлер ретінде қатысты.

«Мұндай кездесулер бізде жиі өтіп тұрады. Бірақ негізінен мемлекеттік органдардың бірінші басшылары шақырылатын. Бұл жолы форматын сәл өзгертіп, бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуді жөн деп таптық. Өйткені бизнестің ел экономикасындағы рөлі жоғары. Мемлекет басшысы бізді өзгеріс агенттері ретінде мемлекеттік қызмешілердің қатарына қосылуға шақыра отырып, мемлекеттік машинаның тиімділігін арттыруға көмектсу керектігін айтқан болатын. Бұл жолда бизнестің үніне де құлақ асу керек. Өйткені елдегі бизнес процестерді өзгерту үшін олардың пайымын ескермей болмайды. Бұған дейін де айтқанымдай, көбіміз мемлекеттік қызметте жүрміз. Бірақ тұтас жағдайды түсіну үшін ести білу керек. Мұны Мемлекет басшысы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған кезде де айтты. Біз шешімдер қабылдап, бастамалар көтергенде өз ойымызға сүйеніп қоймай, бизнеспен практикалық қажеттіліктерін де негізге алуға тырысамыз. Бүгінгі кездесу осы тұрғыдан пайдалы болды деп есептеймін», деді кадр резервінің мүшесі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Әділет Зәкиев.

Іс-шара аясында қазақстандық ірі бизнес-компаниялардың негізін қалаушылар жұмыс тәжірибесімен бөлістіп, бизнесті ұйымдастыруда қолданылатын инновациялық шешімдер туралы айтып, бизнес саласындағы қазіргі ахуалға байланысты кеңес берді.

А. Белович 30 жылдық тарихы бар холдингті басқару кезінде жолыққан қиындықтар мен ерекшеліктер туралы, компаниялардың циклдік дамуы туралы қызықты ақпарат берді. Оның айтуынша, ұйымның да, елдің де дамуының тірегі – мықты кадрлар.

Ашық диалогтың арқасында пікірталас клубының қонақтары резерв мүшелерінің әлеуетін бағалап, жастардың арасынан әлеуетті бизнес-серіктестерді байқап, «өзгерістер агенттерінің» бизнес-процестерге, оның ішінде мемлекеттік қызметте де жаңашыл тәсілдерді енгізе алатын буын екеніне көз жеткізді.

Ірі холдинг басшылары ел дамуына үлес қосу үшін Президент жастар кадр резервінің мүшелерімен тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

Іс-шараны қорытындылай келе, тараптар мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарға қазақстандық ірі холдингтердің оң тәжірибесін пайдалану үшін ұсыныстар дайындап, енгізуді жоспарлап отыр.