Президент • 14 Желтоқсан, 2021

Президент: ММУ-дың Қазақстан филиалына жаңа ғимарат беріледі

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының 20 жылдығына құттықтау лебізін жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: ММУ-дың Қазақстан филиалына жаңа ғимарат беріледі

Президент құттықтауын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев оқып берді.

«Құрметті жиын қатысушылары, сіздерді М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының 20 жылдығымен құттықтаймын. Айтулы мерейтой халқымыз үшін тарихи маңызы бар Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Заманауи білім беру жүйесінің тиімділігі біз жүріп өткен үлкен жолдың басты жетістіктерінің бірі болды. ММУ филиалы екі мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлап, отандық экономиканың, білім мен ғылымның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Филиал қызметі Қазақстан мен Ресейдің жемісті гуманитарлық ынтымақтастығының жарқын үлгісі болып саналады», дейді Президент.

Мемлекет басшысы ел Үкіметі М. В. Ломоносов атындағы ММУ филиалына жаңа ғимарат беруді ұйғарғанын атап өтті.

«Менің тапсырмаммен Үкімет филиалға ауданы 13 мың шаршы метрден астам ғимарат бөлетінін атап өткен жөн және Қазақстан үшін басым мамандықтар бойынша жоғары білікті кадрлар даярлау үшін тізім кеңейтіледі деп үміттенемін. Бұл оқу орны қос ел арасындағы достық пен серіктестікті одан әрі нығайтуға, қазақстандық білім берудің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеріне сенімдімін. Салтанатты жиынға қатысушыларға шығармашылық табыс, денсаулық және амандық тілеймін!», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, М. В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және РФ президенті Владимир Путиннің қолдауымен құрылған. 2000 жылғы 9 қазанда Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында ММУ ректоры, академик В.А. Садовничий мен ҚР Білім және ғылым министрі Қ.Е.Көшербаев Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын құру туралы хаттамаға қол қойған болатын.