06 Наурыз, 2014

Өркендеу кепілі – халық игілігіне сай еселі еңбек

352 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бір кездері Англияның премьер-министрі Уинстон Черчилль халық алдында сөз сөйлеп тұрып, кеудесін өз еліне деген махаббат кернеп, көңілін шарықтата: «Қанеки, өз борышымызды орындайық, бірігейік, егер Британ империясы әлі де мың жыл өмір сүрер болса, адамдар содан кейін де: «Бұл олардың ұлы сағаты болды!» деп айтатындай іс жасайық» деген екен. Байқап  қарасақ, шынында да Ұлыбритания Черчилль билік құрған жылдары жаңа қарқынмен қанаттанып, қазіргі әлемнің ұлы державаларының біріне айналды. Осы бір жайтты есіме алып отыр­ғаным бекер емес. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев биылғы Жолдауында Қазақ­стан халқына өзінің жүрекжарды сөзін арнады: «Біз өз халқымыздың игі­лігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стра­тегиясының басты мақсатына жету жө­ніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!.. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайдылық таныт­паңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!». Иә, біздің алдымызда Жалпыға Ор­­тақ Еңбек Қоғамын құру міндеті тұр. Со­ны­мен қатар, қоғам алдында тәуел­­сіздіктің 20 жылдан астам уақы­тын­дағы жетістіктерін сақтап қалу мін­деті қойылған, әрі «мықты мемлекет аман қалу саясатымен емес, жос­парлау, ұзақ мерзімді даму мен эко­но­микалық өсу саясатымен айналы­сады». Осыған орай, Президент Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруі жөнінде мақсат қойды. Ол үшін елдің күретамыры болып отырған инфра­құрылымды өркендету, экономика және өндіріс салаларын дамыту, өңірлерде индустриялық жаңа салалар ашу, елі­міздің аумақтық артықшылықтарын тиімді пайдалану, оның ішінде Қытай мен Ресей арасындағы логистикалық – көлік орталығы болу тәрізді серпінді дамудың негізгі факторларын іске кіріс­тіру қажет. Өйткені, ХХІ ғасыр – экономикаға негізделген, оның ішінде интеллектуалды адами ресурстардың мүмкіндігін ашатын инновациялық экономиканың ғасыры. Президенттің тікелей тапсырмасымен елімізде үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасының қабылданып, игілікті істердің жүзеге асырылып жатуы соның нақты айғағы десек әсте қателеспейміз. Нәтижесінде соңғы төрт жыл ішінде елімізде 800 кәсіпорын іске қосылып, 150 мың адамға жаңадан жұмыс орны ашылды. Осы жылдары республикада энергетика мен қойнауларды пайдалану салалары тәртіпке келтіріліп, отандық өндірісті күрт дамытуға жол ашылды. Әсіресе, теміржол саласы бойынша машина жасауды дамытуда көп жұмыстар атқарылуда. Ел тарихында алғаш рет электровоздар, тепловоздар, жолаушылар мен жүк вагондарын құрастыру жолға қойылды. Айталық, Астанадағы локомотив құрастыру зауыты арқасында Қазақстанмен қатар, таяу шет елдердің теміржол саласының да заманауи магистралдық локомотивтер жөніндегі қажеттері өтелуде. Автомобиль өнеркәсібі де дамып келеді. Мәселен, өткен жылы 2012 жылмен салыстырғанда елімізде жеңіл автокөлік өндіру 19 мыңнан 37,5 мыңға артып, екі есе өссе, автобус шығару көлемі осы аралықта 4,5 есеге ұлғайды. Мамандардың есебі бойынша, 2014 жылы Кеден одағы елдеріне шығарылатын көлік­терден отандық автокөлік өнер­кәсібі 34 млрд. теңге пайда табады. Жалпы, 2015 жылы 20 мың, ал 2016 жылы 58 мың Қазақ­станда құрастырылған автокө­ліктерді экспортқа шығару жос­пар­ланып отыр. Осындай оң өзге­рістер Агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс индустрия­сы, металлургия, жеңіл өнер­кәсібі, фармацевтика мен  химия өнеркәсібі салалары бойынша да жүзеге асып, өзіміздің ішкі тұтыну қажеттілігімізді қана­ғаттандырумен қатар, сыртқы ры­нокқа шығарылатын бәсекеге аса қабілетті өнімдерді көбейтуге де ыңғайлы мүмкіндіктер туғызуда. Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдар­ламасының аясында энергетика саласында да ілгерілеу ізі орын алуда. Атап айтқанда, қуаты 300 мегаватт Мойнақ гидроэлектрстансасы іске қосылды, «Екібастұз ГРЭС-1» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің 500 мегаваттық 8-ші энергоблогы қайта қалпына келтірілді, Балқаш жылу электрстансасын са­лудың жобасы қолға алынды. Сон­дай-ақ, «жасыл» экономиканы дамыту жоспары негізінде шағын және орта гид­роэлектрстансалар, жел мен күн электрстансалары тәрізді қайталанылатын энергия көз­дерін іске кірістіру жұмыстары басталды. Мәселен, 2014 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сін энергия­мен қамтамасыз ететін қуаты 300 мегаваттық Ерейментау жел электрстансасы пайдалануға берілетін болады. Елімізде энергия қуатын еселеу арқылы бәсекелестікке қарымды біздің табиғи шикізатты молынан өндіруге мүмкіндік туары анық. Әрине, бұл тұста шикізатты шексіз өндіре беру керек деген ұғым тумауы керек. Әңгіме осынау ен байлықты Елбасының Жолдауында айтылғандай, халық игілігіне тиімді жаратуға саяды. Ол үшін мұнай мен газдың экспорттық мүмкіндігін ескере отырып, оларды өндірудің тиімді мөлшерін анықтау қажет. Сонымен қатар, коммуникация және медицина жабдықтары, электроника, лазерлік техника секілді ғылымды көп қажет ететін салалар үшін маңызды сирек металдарды өндіру көлемін ұлғайту ләзім. Осы мақсатта геологиялық барлау жұмыстары бойынша Қазақстан әлем­дік нарыққа шығуы тиісті. Жалпы, Қазақстан тек ши­кізаттың арқасында ғана күн көріп отыр деген пікірдің басым екендігі жасырын емес. Расында да елдегі жалпы ішкі өнімнің 80 пайызы шикізаттың үлесіне тиіп отыр және бұл біздің таңдауымыз емес. Жағдайдың бұлай болуы, мәнерлеп айтар болсақ, бізге «атадан қалған мұра» іспетті. Кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда өндірілген руда тіпті сол жер жынысы күйінде Ресейге немесе басқа одақтас республикалардың біріне жеткізіліп, сонда өңделіп отырды. Еліміздің миллиондаған гектар жерінде өсіп шыққан миллиардтаған пұт астықты жинайтын комбайндар да сырттан әкелініп, бізде соқа да шығарылмайтын. Қазақстан индустриясы негізінен тек әскери мақсатта дамып, зауыттарымыздың басым бөлігі КСРО-ның қорғаныс саласының тапсырыстарына қызмет еткендіктен, халық тұтынатын тауарлар шығаратын өндіріс орындары бола бермейтін. Бірақ олардың өздері Кеңес Одағы тарағаннан кейін жұмыстарын доғарды. Мәселен, Павлодар трактор зауыты, тракторлар мен автокөліктердің поршеньдерін дайындаған Алматы «Поршень» зауыты тәрізді алпауыт кәсіпорындар осындай күй кешіп отырса, машина жасау кәсіпорындарындағы өндіріс жабдықтарының 60 пайыздайы мейлінше ескірген. Айталық, 10 жыл ғана жұмыс істеуге тиісті ондағы станоктар 30-40 жыл бойы пайдаланылып келеді. Әрине, кез келген шетелдік фирма өздерінің өнімдерін мұндай кәсіпорындарда дайындатуға құлықты болмайтыны айдан анық. Сондықтан, барлығын да жаңадан бастауға тура келіп тұрғаны баршаға түсінікті  болар деген ойдамын. Биылғы Жолдауда бұл тұрғыда нақты шаралар қарастырылған. Үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық дамудың 2016-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығы шикізаттық емес өндіріс орындарын барынша дамытуды көздеп отыр. Мынадай бір ақиқатқа назар аударсақ. Қай елдің болмасын, әлеуметтік-экономикалық тұ­рақ­тылығы жекеменшік секторының, соның ішінде шағын және орта бизнестің үлесіне тікелей қатысты. Тауар өндірісін ұлғайтып, азық-түлік молшылығын жасайтын да, қызмет сапасын жақсартатын да осы орта тап. Экономика тұрақты болуы үшін шағын және орта бизнестің үлесі 70-80 пайыз, кем дегенде 50 пайыз болуы керек. Жолдауда осы меженің белгіленіп, шағын және орта бизнестің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының мықты діңгегі екендігі айтылғаны кездейсоқ емес. Елбасымыз да шағын және орта бизнеске тұрақты көңіл бөліп келеді. Өкініштісі, бұл тұрғыда ке­дер­гілер де бар­шылық. Ең сорақысы, осы салада корруп­ция­ның бел алып тұрғаны қын­жыл­тады. Іске мүд­делі болуы тиіс кейбір жауапты адамдардың тарапынан жеке бастарының пайдасы үшін нақты кәсіппен айналысқысы келген азаматтарды аяқтан шалу фактілерінің жиі болып тұратыны құпия емес. Жақында құрылыс саудасымен айналысып жүрген өзіме жақсы таныс бір азаматпен кездесіп қалғанымда, ол үй құрылысы материалдарын шығаратын өндіріс орынын ашумен айналысып жүргенін айта келе, өзінің көп машақатқа түскенін тілге тиек етті. Кез келген мәселенің тек пара берумен ғана шешілетінін күйіне айта отырып, ол таяуда Үкі­меттің кеңейтілген мәжілісінде Ел­басының осы тұрғыда нақты мысал­дың негізінде жауапты лауазым иелеріне ескертулер жасап, тез ара­да қалыптасқан  жағдайды дұрыс­тауға қатысты берген тапсыр­маларын толық қолдайтынын әрі олардың сөзсіз орындалуын қа­лайтынын білдірді. 7 Танысым, сонымен қатар, бү­гін­де жұмысшы мамандық иелерін табудың қиындығын, кей­бір қазақ азаматтарының өзге отан­дас­та­ры­мызға қарағанда жалқаулыққа бой ұрып, жұмыс істеуден қашуға әзір тұратынын қынжыла жеткізді. Сондықтан, ол бұқаралық ақпарат құралдары еңбек адамдары жайлы көбірек сөз қозғағандары жөн деп санайды. Осы орайда, белгілі суретші Ерболат Төлепбаевтың танымал журналист Қайнар Олжайға берген сұхбаты есіме түсіп отыр. Суретші Жапонияда болған кезінде теледидардан теміржол бойында небәрі 8 шаршы метр жерде құрқылтайдың ұясы тәрізді баспанада тұратын жапондықтың жеке жетістігін көргенде таңғалғанын жасырмайды. Оның сыры мынаған саяды. Көсіліп жатса, аяғы сыртқа шығып қалатын мекенінде жапондық үйін еденнен төмен қарай қазады. Күнделікті темір­жолдағы жұмыстан кейін үйіне келіп қазған тура үш қап топы­рағын үш жыл бойы арнайы орын­ға тасып отырады. Санап жібер­сең, осы уақыт ішінде ол тура 3285 қап шығарыпты. Сонымен, жер ас­ты­нан алты қабат тік қуыс қазған жапондық оған жарық пен жы­лу тартады. Желдеткіш қондыр­ғылар орнатады. Ақырында пәлен­бай қатар сөрелер жасап, онда са­ңы­рауқұлақтар өсіріпті. Одан күн сайын көшені жағалай орналасқан ресторандарға саңырауқұлағын өткізіп, өзі теміржолдағы жұмысына баратын көрінеді. Міне, теледидарда осыны жалықпай насихаттау үр­дісі орын алған. Біз де осындай жақ­сылықтарға бет алсақ ғанибет болар еді. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы,«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті.