Қазақ халқының ардақты ұлы «Сыр сандықты ашып қара, Ашып қара, сырласым. Сыр пернені басып қара, Басып қара жырласын» деп бүкіл болмысы өлеңінде екенін айтып кеткен аяулы ақын Сәкен Сейфуллинге арнаған көлемді жыр жинақ «Сұңқар Сәкен» деп аталады. «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сыя алмайтын. Қазақты көргің келсе, міне, осы деп, Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын», деп Сырбай Мәуленов өлең өрнегіне түсіргендей, бұл кітапқа қазақ әдебиетінің жыр дүлдүлдері Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов бастаған ардақтыларынан бастап жас таланттарына дейінгі толқын-толқын ұрпақтың арнаулары топтастырылыпты. Ұлы ақынның 120 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай рухани құндылыққа ұйытқы болған елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы мен «Еуразия» руханият мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі (құрастырған Ауыт Мұқибек) екенін айта кетсек дейміз. Жақсы қағазға әдемі безендіріп, жұрт қолына тигізуге «Фолиант» баспасы үлкен үлес қосыпты.
Кітаптың алғысөзін жазған белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, С.Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы тұсаукесер рәсімін ашып, ақын тойы Астанада басталып кеткенін, бұған қала әкімдігі үлкен мән беріп отырғанын, қолдағы кітапқа демеушілік жасағанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта мұражай туралы альбом шығару ісі қолға алынғанын, оған да ақша қарастырылып жатқанын назарға салды. Ал белгілі қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Оралбай Әбдікәрімов Сәкен тойының аясында оның «Тар жол, тайғақ кешу» романы желісімен Нұра бойындағы ақын жүрген ізбен жол жорық ұйымдастырып, ол болған өңірлерден деректер жинауды жер аяғы кеңіген соң жүзеге асыру ниетін жеткізді. Белгілі қаламгер Нұрғожа Ораз жыр тұлпарының өміріне тоқталып, кезінде елордадағы Конгресс Холлда Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» драмасы орыс тілінде қойылғанын, оған ақын жары Гүлбаһрам қатысып, сахнада ұлы бейнемен табысқанда көзіне жас алып, «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деп толқығанын тілге тиек етті. Қарағанды облысынан келген Сәбит Қарашолақов сұңқар Сәкеңнің кіндік қаны тамған өңір оның атаулы күніне әзірлік жұмыстарын бастағанына нақты дәйектер келтіріп, әндері туралы деректерге жүгініп, өзінің қалауымен, сезім сырымен, жүрек лүпілімен жазған, халықтың үлкен ілтипатына бөленген лирикалық өлеңдерін жинақ етіп шығаруды өз мойнына алатынын атап айтты. Көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков сұңқар десе сұңқар, тұлпар десе тұлпар жыр жампозының жаныңды тербеп, ұйқыдағы ойыңды оятатын нәзік өлеңдеріне тоқталды.
Сәкен Сейфуллин – айтулы ақын, қарымды қаламгерлігімен қатар, көрнекті қоғам қайраткері. Қызылдардың жыршысы болып
жүріп-ақ Қазақ үкіметін басқарған тұста «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзеуді именбей көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазып, атымызды қайтарып бергенінің өзі ұлының ұлы ісі деп білеміз. Сол секілді Қазақ тілі туралы декрет қабылдауға ұйытқы болғаны және бар. Сол аласапыранда: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс-қағаз қазақ тілінде жүрсін, ол қазақ ауылдары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шілдеден әрі қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс-қағазы қазақ тілінде жүргізілсін» деп шешім шығарған еді. Міне, осының өзінен-ақ оның өз заманының ұлы болуымен қатар, үрей туғызып тұрған орталық биліктен жасқанбай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін көруге болады. Осыны сол кезде тереңнен аңғарған болу керек, өлең сөздің құлагері Ілияс Жансүгіров «Жырламасқа теңіздей, қуаныштың шегі жоқ. Ардақталған өзіңдей, қазақта ақын тегі жоқ», деп ақиқат сөзді тап басып айтыпты. Ақынға арналған кітаптың тұсаукесер рәсімінің соңында елордадағы №62 мектеп-лицейінің оқушылары жыр сұңқарының өмір өткелдерінен көріністер көрсетіп, өлеңдерін өр рухпен оқыды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
*С.Сейфуллин. Қырым. 1929 жыл.