Қырғыздың белгілі наркологі, профессор Женішбек Назаралиевті Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынатындығы туралы хабарды құлағымыз шалып қалды. Міне, осыған байланысты Женішбек мырзамен хабарласып, сұхбаттасудың реті түсті. Ол бізге сыйлыққа ұсынылуын, өзінің Doctor Life тележобасы мәнін түсіндіріп, маскүнемдікті және нашақорлықты емдеу жөніндегі тәжірибесін бөлісті.
– Женішбек мырза, бұқаралық ақпарат құралдары сіздің Нобель сыйлығын алуыңызға мүмкіндігіңіз бар екендігі туралы хабар таратты. Соның анық-қанығын айтып берсеңіз?
– Мен Нобель сыйлығы турасында алғаш рет «Есірткісіз әлем» Бүкілдүниежүзілік лигасы қоғамдық ұйымының қызметкерлерінен естіп білдім. Айтқанындай, бұл ұйымға өзім жетекшілік етемін. Басында бұған мен онша мән бермедім. Сөйтсем, оным бекер екен. Сыйлыққа ұсынылғандығым жайлы бастамашылардан жазбаша растау хат алғаннан кейін барып сендім. 2013 жылғы желтоқсан айының соңында Йеменде штаб-пәтері орналасқан Life Friends (Өмір Достары) халықаралық нашақорлыққа қарсы ұйымының президенті 2014 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына мені ұсыну жұмыстарының басталғандығын хабарлады. Бұған менің көпжылдық қызметім негіз болыпты. Ширек ғасыр бойы есірткіге және ішімдікке тәуелді адамдарды емдеумен айналысып келдім. Осы уақыт ішінде 17 мыңнан астам науқасты емдедім. Ал 2002 жылдан бері бүкіл әлем бойынша есірткінің алдын алу және оған қарсы шара жүргізумен айналысып жүрмін.
– Бұл мәселеде Life Friends ұйымына қандай рөл жүктелген?
– Хаттағы жазудан ұққаным, аталған ұйым Швед академиясына өтініш білдіріп, өздерінің ұсыныстарын және маған қатысты бар құжатты салып жіберіпті. Өйткені, Нобель сыйлығына үміткерлерді шведтік академиктер таңдап алады. Яғни, олар менің жұмысымды егжей-тегжейлі зерделеп, тиісті шешім қабылдаулары қажет. Life Friends халықаралық ұйымы бұл орайда нақты ұсыныспен шығып отыр. Ол, әрине, қарастырылуы тиіс. Сондай-ақ, сыйлық алуға үміткер ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін қоғамдық және ғылыми ұйымдар да ұсынады. Сондықтан да, Life Friends Британдық даму және адам денсаулығы академиясына, Араб және Еуропа академияларына өтініш білдіріпті. Барлық ұйымдар бірауыздан ынтымақтастық жасауға дайын екендіктерін мақұлдапты. Life Friends президенті сондай-ақ Нобель сыйлығының бұрынғы лауреаттарының бірінен ұсыным хат алып тапсыру қажеттігін ескертті. Осыған байланысты Бүкілдүниежүзілік лиганың құрметті мүшесі, дінбасы Далай-ламаға мені қолдауын өтіндім.
– Баспасөзде сіздің Нобель сыйлығына ұсынылуыңыздан басқа, Doctor Life (Өмір Докторы) 20 сериялы телевизиялық жобаңыздың аяқталғандығы жөнінде де жазылды. Бұл жобаңызда сіз маскүнемдерді және нашақорларды емдеудің түрлі жолдарын жан-жақты көрсеткен едіңіз. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– Қазіргі кезде Doctor Life тележобасы аяқталды. 2012 жылдың күз айында Doctor Life жобасының сегіз кейіпкері өздерінің туысқандарымен бірге Қырғызстанға табан тіреді. Олар АҚШ, Ресей және Германиядан емделуге келгендер еді. Біз ресейлік телевизия мамандарымен бірлесіп клиникадағы емдеу кезін түгелдей түсіріп алдық. Емдеудің барлық кезеңдерін ағылшын, француз, испан, орыс, қытай, жапон және араб тілдерінде көрсеттік. Оңалту курсы 42 күнге созылды. Doctor Lifeнің қорытынды 20-шы сериясын науқастарды негізгі емдеуден және клиникадан сауығып шыққаннан соң бір жылдан кейін түсірдік. Бұл серияда қатысушылар емделуден кейінгі кездесетін маскүнемдік пен нашақорлықтың түйткілді мәселелері жайлы пікірлерін ортаға салды.
Жалпы алғанда Doctor Life маскүнемдік пен нашақорлықтың зардабы туралы нақты мәселелерді дер кезінде көтерді деп ойлаймын. Соның нәтижесінде көптеген адамдар кеселден арылып, туған-туысқандары мен жақындарына қуаныш сыйлады. Осының бәрі экранда тікелей көрсетіліп, көпшіліктің назарын өзіне аудартты. Аталған фильм тек науқастар мен олардың жақындарына ғана емес, сондай-ақ, нарколог-дәрігерлерге де пайдасын тигізді. Олар ауруларды емдеп, оңалтуға жаңаша көзқараспен кіріскендігі де бүгінгі таңда шындыққа айналды. Еуразиядағы біздің ең ірі жекеменшік медициналық орталығымызда жыл сайын сандаған медицина қызметкерлері тағылымдамадан өтеді.
– Есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады? ТМД кеңістігінің және Еуропаның басқа орталықтарымен салыстырғанда емдеу ісі сіздерде қымбат тұра ма?
– Қазақстандықтар үшін 15 пайыздық жеңілдік белгіледік. Атап айтатынымыз, клиникамыз ең жоғары деңгейде емдейді. Емдеу бағасын интернеттен немесе бізге хабарласып білуге болады. Маскүнемдікпен және нашақорлықпен ауыратындарды емдеудің жолдарын білгіңіз келсе, «Doctor Life. Жыл өткеннен кейін» тележобасының 20-шы қорытынды сериясын көрсеңіз, бәріне қанығасыз. Бұл серияда емдеуге байланысты нақты жауап беріп, іс жүзінде орындалатындығын дәлелдейміз.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
PS: Назаралиевтің клиникасында қосымша жүйке аурулары бөлімшесі ашылды. Мұнда күйзеліп жабығудан, ұйқысыздықтан, үрейден, ығыр қылатын ойдан, үнемі шаршаудан, қорқудан және тағы басқалардан зардап шегетін адамдарды емдеу және оңалту жүргізіледі.
www.doctorlife.tv
тел. +996 312 650241