08 Мамыр, 2010

АЛҒАШҚЫ АДМИРАЛ

931 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЛЕВ ВЛАДИМИРСКИЙ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ? Бұрын Лев Владимирскийдің флот адмиралы болғанын энци­кло­педиялық деректен білуші едік. Атырау облысының энцик­ло­педиясында флот адмиралы­ның 1903 жылы Гурьев қаласын­да туға­ны, әскери наградалары ғана айтылады. Әрине, энцикло­педия­лық шағын дерек кейіпкер жөнін­де тереңдеп жазуға аздық етеді. Сол себептен бұл адам жайын­да тың деректер іздеуге тырыстық. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өлке тарихын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айтуған Батырашева сарғая баста­ған газет қиындысын ұсынып тұ­­рып: “Осындағы мақаланы оқып көріңіз. Адмирал туралы аз-кем айтылған”, деген-ді. Елең ете қал­дық. Бұл “Алматы ақшамы” га­зеті­нің 1992 жылғы 1 шілдесінде жарық көрген санында журналист Бөрібек Қырықбайдың “18 жасы­нан штурвалда болған Қуан теңіз­шінің төрт сәті” деген мақаласы басылыпты. Мына қызықты қара­ңыз, дәл осы мақаладан біздің кейіпкеріміз, флот адмиралы Лев Владимирскийге қатысты деректі кезіктірдік. Астрахань өңірінің ту­ма­сы, Бакудегі теңіз училищесін мерзімінен жарты жыл бұрын біті­ріп, майданға өзі сұранып барған теңізші Қуан Ихаров флот адми­ра­лы Лев Владимирский туралы не айтқан еді? Енді сол мақала­дағы Қуан қарияның айтқанын сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдік. “Бір күні ауруханаға адмирал Владимирскийдің өзі келіпті, –дейді Қуан ақсақал өткен күнді еске алып. –Ол кісі Атырау облы­сында туып-өскен еді. Бойы 2 метрге жуық, алып денелі әрі таза қазақша сөйлейтін. Мен жат­қан бөлмеге адмиралмен емдеу­ші бөлім бастығы дәрігері­мен және бірнеше офицер ілесе кіріп келіп, маған аңтарыла қарап: “Аста­пыралла, мен жерлесімді кездес­тірдім” деп қазақшалап жанында тұрған жаяу әскерлер қолбас­шысы Иван Ефимович Петровқа мақтанып қойды. Олар адмиралға таңырқай қарап, қай тілде сөйлеп жатқанын сұрады. – Мен қазақша сөйлеп тұр­мын. Менің шыққан жерім Қа­зақ­станның Гурьев облысын­дағы Қызылқоға ауданы. Сон­да дү­ние­ге ке­ліп, ер­жет­тім. Әке-шеше сол жақта, бі­рі –фель­­шер, екін­шісі –аку­шер бо­лып жұ­мыс істеді. Мен қа­зақ тілін орыс ті­лінен ар­тық білем. Жаза да, оқи да алам. Мені мұнда аяқ бастырған жерлесімнің ерлігі. Алғашқы ұрыста-ақ оның жауды қалай атқанын көріп, қатты риза болдым, – деді Лев Владимир­ский. Сол жолы адмирал маған “Қы­зыл жұлдыз” орденін тап­сырып, бетімнен сүйді.” Сарғая бастаған газет бетіндегі деректер осылай дейді. Қарт теңізші Қуан Ихаров флот адми­ралы Л. Владимирскийді көрген, онымен жүзбе-жүз кездескен, қолынан әскери награда алған бірден-бір қазақ. Қара теңіз фло­тына қолбасшылық еткен адмирал Лев Владимирскийдің онымен таза қазақша сөйлескеніне қара­ғанда, соғыс даласында жүр­се-дағы, майдандас қазақтардың ерлігіне көңіл бөлгендігі аңғары­лады. Әлде туған жерге, ата-анаға деген сағынышын қазақша сөй­лесіп, сәл де болса басуға тырыс­ты ма екен? Адмиралдың: “Мен қазақ тілін орыс тілінен артық білем. Жаза да, оқи да алам”, деуінің жөні бар секілді. Өйткені, адми­рал “туып-өстім, ержеттім” деген Қызылқоға таза қазақы аудан. ХІХ ғасырдың бастапқы жыл­дарын айтпағанда, қазақ мектеп­тері жаппай жабылған кейінгі кезеңде де бұл ауданда бірде-бір орыс мектебі болған жоқ. Ендеше, орыс мектебі жоқ жерде туып-өскен, ержеткен адмиралдың қазақ­ша таза сөй­леуін орынсыз деу­дің қисыны жоқ. Ал әке-шеше­сі­нің бірі – фельшер, екіншісі –акушер ретінде қазақ даласына келген алғашқы меди­цина саласының өкілдері болуы мүмкін. –Адмирал Лев Владимирский 17 жасынан Отан қорғауда әскери борышын өтей бастаған, –дейді мұражайдағы өлке тарихын зерт­теу бөлімінің аға ғылыми қызмет­кері Айтуған Батырашева. Соған қарағанда, ол кәмелетке толысы­мен әскери теңізші болуды мақсат тұтқанын төмендегі дерек­терден аңғару қиын емес. Себебі, әуелі Орта Азия мемле­кеттік универ­си­тетінің әскери факультетіне оқуға түседі. Мұны бітірмеген, 1922 жылы Петроградтағы М.Фрунзе атындағы Жоғары әскери-теңіз училищесінде білім алуға ауыса­ды. Осы оқу орнын 1925 жылы аяқтағаннан соң, соғыс-теңіз флоты командалық құрамының арнайы курсында 2 жыл бойы білім жетілдірген. Демек, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін әскери-теңіз флотында тәжі­рибе жинақтай алған. Соғыс басталған сәтте Қара теңіз фло­тын басқарып, Севастополь, Одесса қалаларын азат етуге кеңес теңізшілерін жұмылдыруда ерек­ше батылдық пен батырлық таны­та­ды. 1941 жылғы қыркүйекте Георгиевка мүйісіне десант түсіру­ге басшылық еткен. Ал 1944 жылы Выборг операциясына қа­тыс­қан. Соғыс жылдарында Қара теңіз және Балтық теңізі флот­тарына қолбасшылық жаса­ған. Әскери теңіз операциялары­на, жалпы кеңес дәуіріндегі әске­ри-теңіз флотындағы 49 жыл­дық жұмыс өтілінде көрсет­кен ерлігі, ерен еңбегі үшін екі мәрте Ленин, үш рет жауынгерлік Қызыл Ту, ІІ-дәрежелі Суворов, ІІ-дәрежелі Ушаков ордендерімен наградтал­ғаны куә болатындай. Қалай десек те, бір нәрсе анық. Лев Анатольевич Влади­мир­ский –Қазақстаннан шыққан алғашқы флот адмиралы. Ол әскери теңіз флотында 1921 жыл­д­ан жарты ғасырға татыған 49 жыл бойы қызмет еткен. Соғыс аяқталысы­мен, дәлірек айтқанда, 1947 жылдан КСРО Қарулы Күш­терінің Әскери-теңіз флоты жө­нін­дегі басшылық лауазымдарды атқарса, 1952 жылдан ғылыми-педагоги­калық жұмыстармен айналысыпты. Бірнеше рет мұхит зерттеу экспе­дицияларына жетек­шілік еткен. Тек 67 жасында ғана отставкаға шығып, 1973 жылы өмір­ден өтіпті. Қазір Атырау қала­сында адмирал атымен бір көше аталады. Облыстық тарихи-өлке­тану мұражайындағы “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы” залында флот адмиралы Лев Владимирскийдің әскери киімі мен куәлігі ғана жәдігер ретінде сақталып тұр. Одан өзге дерек болар ештеңе көзге түспеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.