Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Финляндия Парламентінің спикері Ээро Хейнялуомамен кездесуі болып өтті. Кездесу барысында тараптар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың даму болашағын, сонымен қатар, бірқатар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқыға салды.
Екі ел арасындағы соңғы жылдардағы қарым-қатынас белсенді бола түскені атап өтілді. Бұл барлық деңгейлердегі өзара сапар алмасу жиілігінен де байқалады. 2013 жылғы сәуірде Финляндия Президенті С.Ниинистёнің Қазақстанға сапары болып өтті. Оның барысында саяси және экономикалық салалардағы маңызды келісімдерге қол жеткізілді, болашақтағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалып, Қазақстан-Финляндия қарым-қатынасының негізгі салаларын реттейтін айтарлықтай ауқымды құжаттар топтамасына қол қойылды.
Парламентаралық байланыстарды белсенділендіруге тоқтала келе, Е.Ыдырысов парламентаралық деңгейдегі сапар алмасулар біздің елдеріміз арасындағы саяси үнқатысуды дамытуда айтарлықтай маңызға ие екенін атап өтті. «Фин парламентшілерінің қызметі, олардың заңнамалық жобалармен, әсіресе, инновациялық даму, білім беру жүйесін жетілдіру, экономикаға «экологиялық» ұстаным салаларындағы жұмыс істеу тәжірибесі және жалпы мемлекет пен азаматтық қоғамды жаңғыртудағы тәжірибесі Қазақстан үшін пайдалы болуы мүмкін», деді министр.
Сонымен қоса, экономика саласындағы ынтымақтастық белсенді сипат алғаны атап өтілді. Қазақстан мен Финляндия арасындағы өзара сауда көрсеткіші 2013 жылы 916,5 млн. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Осы орайда Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия рөлінің ерекшелігі аталды.
Сондай-ақ, тараптар туризм, инновация және энергия үнемдеуші технологиялар салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Сауда мен туризмнің даму серпілісіне байланысты біздің елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашудың объективті қажеттілігі туындап отырғандығына назар аударылды.
Кездесу барысында тараптар көпжақты институттар аясындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін де қарастырды. Халықаралық мәселелердің негізгілері бойынша ұстанымдар жақындығы, сонымен қатар, екі елдің теңгерімді сыртқы саясаты атап өтілді.
«Егемен-ақпарат».