Қаржы • 15 Желтоқсан, 2021

Қазақстанда несиелік рақымшылық бола ма? Агенттік басшысы жауап берді

812 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында қазақстандықтарға тағы бір кредиттік рақымшылық жасалмайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда несиелік рақымшылық бола ма? Агенттік басшысы жауап берді

Мәдина Әбілқасымова әлеуметтік желілерде кредиттік рақымшылық туралы хабарламалар таратылғаннан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне үш күн ішінде адамдар жаппай жүгіне бастағаны туралы хабарлады.

«Біз 18 мыңға жуық өтініш қабылдадық, оның ішінде қарызды қайта құрылымдау және есептен шығару туралы арыздар бар. Біз барлық өтініштерді қабылдадық, өңдедік, қарау үшін қаржы ұйымдарына жібердік. Біз халықпен бірнеше рет кездесіп, қабылдаулар өткіздік», деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, кредиттік рақымшылық жүргізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Бүгінгі таңда несиелік рақымшылық жасау қарастырылмайды, бұл 2019 жылы бір реттік акция болды», деп қосты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.

Спикер бүгінде азаматтардың проблемалық берешегін сотқа дейін міндетті түрде реттеудің жаңа тәртібі жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Банктер, микроқаржы ұйымдары азаматтың қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда оның өтінішін қарауға міндетті, олар оған қайта құрылымдаудың алуан түрлерін ұсына алады. Қалай болғанда да, несиелік рақымшылық мәселесі тек мемлекеттік ақша есебінен, салық төлеушілердің ақшасы есебінен шешілуі мүмкін», деді Мәдина Әбілқасымова.