07 Наурыз, 2014

Қарулы Күштер қорғанысқа қабілетті болуы тиіс

462 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
06-03-02 Кеше еліміздің Қорғаныс министрлігінде Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңес өтіп, оған министрліктер мен Қазақстанның Қарулы Күштері Бас штабының жетекшілері, департаменттер мен бас басқармалардың басшылары, бас қолбасшылар мен әскер түрлерінің қолбасшылары қатысты. «Өздеріңіз білетіндей, біздің мемлекетіміз армияға әрдайым көңіл бөліп келеді. Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру мәселесі де айрықша назарда тұр. Ел тұрғындары бізге, армияға, оның жарақтануына қаржы бөліп жатқан Қазақстан азаматтары біздің армиямыздың Жоғарғы Бас қолбасшысы жүктеген міндеттер мен кез келген тапсырманы орындаудағы әскери қабілетінің деңгейіне сенімді болуы керек», деді Мемлекет басшысы өзінің сөзінде. Елбасының айтуынша, соңғы уақытта армияны қаржыландыру ұдайы және үздіксіз өсіп келеді. Мәселен, 3 жылдық бюджеттің жиынтығы 1 трлн. теңгеге жуықтаған. Бұл тиісінше, әлемдегі экономикалық конъюнктураның қалыптасқан қиын жағдайында болып отырған көрсеткіш. «Бүгінде Еуропаның бай елдері өздерінің тек әскери бағыттағы шығыстарын ғана емес, әлеуметтік бағдарламаларын да қысқартуға мәжбүр болып отыр. Мемлекет өзінің Қарулы Күштері, әскери қызметшілері үшін бар жағдайды жасауда. Тек өткен жылы ғана баспанамен 7 мыңға тарта әскерилер қамтамасыз етілді. 5430 азаматқа бас­пананы жалға алғаны үшін өтемақы төленді. Қарулы Күштерде қызмет ететін офицерлердің орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды», деді Елбасы. Н.Назарбаев әскери қызмет­шілерді зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі де еліміз азаматтарының барлық категорияларынан өте жоғары екенін, демек, осыншалық қамқорлыққа сәйкес, Қазақстан азаматтары біздің армиядан, әскери қызметшілерден жоғары әскери дайындық пен қабілеттілікті, кіршіксіз тазалықты күтуге құқылы екенін жеткізді. Сондай-ақ, Президент: «Бүгінгі жиынға орталық аппарат пен өңірлік қолбасшылықтардан, бірқатар әскерлерден командирлер қатысып отыр. Сіздер халық алдында өз алдарыңызға қойған міндеттерге сәйкес жауапкершілікке иесіздер. Сол себепті, Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде мені және еліміздің азаматтарын қорғаныс ведомствосында болған сыбайлас жемқорлыққа байланыс­ты орын алған әрекеттер айрықша алаңдатады», дей келе, қазақстандық қоғам бұған ұлттық қауіпсіздігімізге төніп тұрған қатер ретінде қарайтынын, сол себепті, Қарулы Күштерде мұндай жағдайлар мүлдем болмауы керектігін, заң мен құқыққа қайшы келетін кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттер тұтас армияға, әскери ұжымдарға көлеңке түсіруі мүмкін екенін атап өтті. «Өкінішке қарай, мұндай теріс әрекеттерге генералдардың өздері де қатысты болуда. Бүгінде құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізуде. Осыған сәйкес, барлық кінәлілерге шара қолданылып, олар өздеріне тиесілі жазаларын алатын болады. Барлық анықталған құқық бұзушылыққа қатысты мәліметті біз шара қолдану үшін министрге береміз. Әрине, сіздер экономистер, қаржы саласының қызметкерлері емессіздер, сіздер әскери салада жүрген азаматтарсыздар. Алайда, кез келген бөлінген қаржы тиісті бағыттар бойынша жұмсалуы тиіс.     Сондықтан, бұл мәселелер бойынша армияда, сіздерде, яғни командирлерде сенімсіздік болмауы тиіс: министрдің жеке тұлғасына және оның бүгінгі таңда қызмет етіп жатқан орынбасарларына ескертулер жоқ. Мен Қарулы Күш­тер басшылығына, министрге сене­мін. Сол себепті, мұндай кері құбылыстар тағы да орын алмас үшін тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Көп қаржы болған жағдайда, тиіс­ті қару-жарақтар сатып алын­ған кезде, жөндеу жұмыстары жүр­гізілген уақытта бақылау тетігі күшейтілуі керек», деді Елбасы өз сөзінде. Осылай дей келе, Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма жүктеді. «Біріншіден, әскерлерде жоғары деңгейдегі әскери дайын­дықтарды күшейтуіміз керек. Әскери бағытта жүргізілетін жат­тығулар қазіргі жаңа заман жағдайына сәйкес келетін мін­деттерді игеруге бағытталуы тиіс. Біз бұл ретте өңірлік қолбас­шы­лықтардағы және әскери бөлім­шелердегі әскери дайын­дық­тардың деңгейін кенеттен және кез келген жағдайда тексеруді қолға алатын боламыз. Сол себепті, бұ­ған әрдайым әскери дайындықта болу­ларыңыз керек», деді Президент бұл ретте. Қа­зақ­станның барлық Қарулы Күштері­нің үйлестірілуін қазіргі заманға сай жетілдіріп, біздің одақтас елдер­мен және серіктестермен ынты­мақ­тас­тықты дамыту қа­жет. Ол үшін әске­ри дайындық бағ­дар­ламалары жаңа мазмұнмен, яғни жаһандану зама­ны­ның қауіп-қатерлеріне жауап бере­тіндей мазмұнмен толықтырылуы тиіс. Екінші кезекте Елбасы жыл сайын Қарулы Күштерге әскери техникалардың жаңа үлгілері алынып жатқанына, мәселен, еліміз әскери өнімдер мен техникаларды тек қана Ресейден, ТМД елдерінен сатып алмайтынына, яғни қазақстандық армияның әлемдік деңгейдегі ең озық деген техникалармен жарақталып-жабдықталуына, қарулануына мүмкіндігі барына тоқталды. «Сондықтан, бұған сіздер жау­ап бересіздер. Ол үшін сіздер мем­лекетке, Үкіметке кез келген жағдайға дайын болу үшін бізге не қажет екенін айтып оты­ру­ларыңыз керек. Бұл біздің көр­ші елдерден және әлемдік дең­гейден қалып қоймауымыз үшін керек. Ауқымдылығы жағынан алып мемлекеттердің қатарына жатпағанымызбен, біздің қарулы және қорғаныс күштеріміз еш­кім бізбен бетпе-бет келуге батпайтындай дәрежеде сақадай сай болуы тиіс», деді Президент бұл орайда. Жиында Елбасы елдің әскери-өнеркәсіптік кешені тікұшақтарды, әскери оптикаларды, радиолакациялар жүйесін құрастыруға көшкенін, әскери-теңіз флотына қажетті кемелер жасалып, авиа­циялық және бронды техникаларды жөндеуден өткізу жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Алайда, біздің зерттеуімізге сәйкес, бұлар біз үшін жеткіліксіз екен. Ол үшін біз бұл жұмыстардың қарқынын үдете түсуіміз керек. Біз жаңа қорғаныс зауыттары құрылыстарының басталуына қолдау көрсететін боламыз. Бұл ел экономикасы үшін өте маңызды, сондай-ақ, елді индустрияландыру үшін де қажет. Әскери зауыттардың арқасында басқа да салалар дамитын болады. Сол себепті, бізге еліміздің Қорғаныс министрлігі Үкіметпен бірлесіп не істеуіміз керектігін және ненің құрылысын бастауы­мыз қажеттігін анықтайтын бағ­дар­лама әзірлеуі керек. Сонымен қатар, технологиялық жаңғырту жұмыстарын жүргізу ырғағын күшейтіп, армияны қайта жа­рақтандыруымыз қажет», деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қа­рулы Күштердегі кадрлық сая­сатқа тиісті өзгерістер енгізу қажет­тігіне де назар аударды. «Мемлекет әскери қызмет­кер­лерді, командирлерді дайын­дап шығаруға көп қаржы, уақыт, күш жұмсайды. Мәселен, әскери-әуе күштерінде қызмет ететін азаматтардың белгілі бір кәсіби біліктілікке ие болуы, жоғары әскери дайындықтан өтуі үшін көп уақыт қажет. Алайда, оның әлі де бұл салада жұмыс істеу қарым-қабілетінің болуына қарамастан, белгілі бір жас мөлшеріне дейін ғана жұмыс істеуге болатын талап-ережеге сәйкес, олар әскери қызметтен еріксіз кетіп жатады. Демек, біз бұл бағытта тиісті өзгерістерді енгізуіміз керек. Біз жас мемлекет ретінде тәжірибелі кадрларға бай емеспіз. Сондықтан, өзіміздегі бардан, оның ішінде әскери салада әлі де қызмет еткісі келетін азаматтардан бас тартпауымыз тиіс», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жоғары лауазымға көтерілу үшін жоғары әскери дайындық және жоғары әскери білім деңгейіне айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Қазақстан Президенті әскерді қайта құрылымдай берудің армия­да қолайсыз жағдайлар туындататынын да атап өтті. «Бұл өте қауіпті үрдіс. Тек 2012 жылы ғана түрлі әскер түрлерінде 260-тай ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар жүргізілді және 320 млн. теңге шығындалды. 2013 жылы 116 ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар жүргізіліп, қосымша 490 млн. теңге бөлінді. Бұл жеке құрам арасында қобалжушылық ахуал тудырып, әскери қызметшілерге төленетін төлемдер шығынына апарып соқтырады. Ең бастысы, мұндай жағдайда әскердің жауынгерлік даярлығы төмендейді. Мен көзал­даушылық сипатқа ие «бос» жұмыс ретіндегі ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар санын азайтуды талап етемін», деді Мемлекет басшысы. Елбасы жиын барысында елі­міздің кезең-кезеңмен, біртіндеп жоғары әскери білім жүйесін құ­рып жатқанын айрықша атап өтті. «Бізде офицерлерді, әсіре­се, жоғары әскери құрамды жүйе­лі түрде дайындайтын жүйе бол­ған жоқ. Біз оларды үнемі шетел­де оқыта алмаймыз, сол үшін оларды Қазақстанда оқытуы­мыз керек. Демек, әскери жоға­ры оқу орындарын жаңа заман­ға сай құрал-жабдықтармен жарақтандыру, басқа елдердің мамандарынан кем болмайтын өзіміздің ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау жұмыс­тарын жалғастыруымыз керек. Сондықтан, биылғы жылы Ұлт­тық қорғаныс университеті өзі­нің жұмысын бас­тайды деп ой­лаймын. Оның тү­лек­тері қазақ­стандық армияның мақ­та­нышта­рына айналуы тиіс», деді Мем­лекет басшысы. Қазақстан Президенті елі­міз­дің жақын аймақтарында әлі де белгісіздік ахуалы сақталып тұрғанын да атап өтті. «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалған жоқ, жағалаудағы елдерде милитаризациялану жүріп жатыр. Сондай-ақ, Ауғанстаннан әскери коалициялардың шыға­ры­луына байланысты тәуекелдер мен қауіп-қатерлер сақталуда. Бұл ретте, оңтүстік және батыс стратегиялық бағыттарындағы топтардың жұмыстарын сапалы тұрғыда күшейтуді жалғастыруды тапсырамын», деп атап көрсетті Елбасы. Жоғарғы Бас қолбасшы, сондай-ақ, XXI ғасырдағы кәсіби қарулы күштер әскери саладағы сапалы мамандармен, еліміздің шын мәнісіндегі патриот, психологиялық тұрғыда ұстамды, адамгершілігі мол азаматтармен толығуы керектігіне де баса назар аударды. «Қарулы Күштердің негізі – офицерлер, сержанттар, яғни өзінің өмірлерін саналы түрде Отанға қызмет етуге арнаған адамдар. Біз тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды жетілдіру үшін қосымша іс-шаралар қабылдағанымыз жөн. Әскери салада жүрген қарапайым сарбаздардан бастап, генералға дейінгі барлық әскерилердің моральдық рухын нығайтатындай тәрбиелік және патриоттық жұ­мыстарды жетілдіру жөнінен қо­сым­ша шаралар қабылдау қажет», деді Н. Назарбаев. Сөзінің қорытындысында Нұр­сұлтан Әбішұлы Қарулы Күштерді дамытуға назар аудару әр мемле­кеттің борышы болып табылатынын атап өтіп, министрліктің бүкіл әскери құрамына қызметте табыстар тіледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».