Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдарға арналған Қазақстандағы діни наным-сенім бостандығы тақырыбы бойынша брифинг болып өтті. Брифинг шеңберінде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Марат Әзілхановпен бірлесіп, Қазақстандағы діни ахуал, оның еліміз қабылдаған адам құқы мен демократия саласындағы халықаралық міндеттемелерге сәйкестігі туралы әңгімелеп берді.
Брифингке Қазақстанның діни наным-сенім бостандығы мәселелеріне маманданған азаматтық қоғам өкілдері мен Қазақстандағы діни көшбасшылар қатысты.
Е.Ыдырысов Қазақстанда түрлі діни наным-сенімдегі 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Діни наным-сенім бостандығына еліміздің Конституциясымен және басқа да заңнамалық актілерімен кепілдік берілген. Өмір шындығы Қазақстанның Дін туралы жаңа заңы еліміздің халықаралық міндеттемелеріне толықтай сәйкес келеді және діни ұйымдардың қызметі үшін салауатты орта қалыптастырып отыр. Ал Қазақстандағы діни ұйымдар саны бүгінде 3400 бірліктен асады, деді Е.Ыдырысов.
Сондай-ақ, ол еліміздің кім-кім үшін де ашық екенін, Қазақстанда барлық конфессия өкілдерінің құқы тең екенін және олар өздерінің наным-сенімдерін дамыту үшін теңдей мүмкіндікке ие екенін атап өтті. Елімізде қандай да бір дінге қатысты қысым көрсетушілік бар деген сыни мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Бізге жекелеген конфессиялар өкілдерінің қатысуымен аздаған түсініспеушілік оқиғалары сотқа дейін жеткені туралы ақпараттар мәлім. Сіздерді мұндай оқиғалар еліміз заңнамаларын бұзумен байланысты екеніне сендіре аламын. Көп жағдайда бұлар тіркеу нормаларын сақтамаумен байланысты мәселелер болып табылады. Біз түрлі конфессиялар өкілдерінің көзқарастары мен наным-сенімдеріне құрметпен қараймыз, бірақ Қазақстан заңдарын құрметтеу және сақтау керек деген де талап қоямыз, деп атап көрсетті Сыртқы істер министрі.
М.Әзілханов Қазақстандағы діни наным-сенім бостандығының жағдайы туралы баяндамасын ұсынды. Баяндаманың басты мақсаты Қазақстанның діни бостандық мәселесін талқылау бойынша ашықтығын айғақтау болды. Оның сөзінде Қазақстандағы діни наным-сенім бостандығы саласындағы заңнамалар халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетіндігі нақты мысалдармен дәйектелді. Дін істері агенттігінің төрағасы Қазақстанда қабылданған дін туралы жаңа заң дінді деструктивті және экстремистік мақсаттарда пайдаланып жүрген кейбір элементтердің қызметіне тосқауыл қоюға негізделгендігімен түсіндірді. Барлық діни бірлестіктер заң алдында тең, елімізде діни форумдар еркін өткізіліп жүр. Миссионерлік ұйымдардың саны өсе түсуде. Бірде-бір миссионер қайта тіркеу үдерісінде «жоқ» деген жауап алған жоқ, деді М.Әзілханов.
Министр мен төраға сөздеріне орай Қазақстанның Бас раввині Ешая Коген, Қаскелең епископы Геннадий және Ватикан елшісі Мигель Буендиа өз пікірлерін білдірді. Олар Қазақстан басшылығының осы бағыттағы саясатын қолдайтындықтарын мәлімдеді. Өйткені, дейді олар, мұның барлығы Қазақстан қоғамының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отырған шаралар. Дін өкілдері, сондай-ақ, конфессиялардың өз қызметтерін жүзеге асыру үшін теңдей және оңтайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік беріп отырған дін туралы жаңа заңның дер кезінде қабылданғанын атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға жоғарыда аталған баяндама мен Қазақстанда жүргізіліп отырған дін бостандығына кепілдік беретін ақпараттық материалдар таратып берілді.
«Егемен-ақпарат».