Ежелден келе жатқан ата дәстүрімізде де, тәуелсіз еліміздің қоғамдық өмірінде де анаға деген қадір-құрмет, әрине, ерекше. Әңгімеміздің өзегіне айналып отырған Балажан Әбілқызы әжеміз бұл күндері тоқсан жастың төріне шығып, мерейі тасып отыр.
Балажан апа өмірдегі қиыншылықты да, қиянатты да, жақсылық пен жамандықты да басынан өткерген жандардың бірі. Ол тылда жұмыс істеп еңбек ардагері атанған құрмет иесі. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуана Тәуелсіздіктің баянды заманына куә болғанына мың да бір шүкіршілік етеді.
Тоқсандағы жүрек тебіренсе, туған өңірдің сыры да, жыры да кейіпкер апамыздың өмірімен өзектес екеніне анық көз жеткіземіз. Ендеше, әжеміз былай деп толғайды.
– Біз Созақ өңірінің тумасымыз. Біздің жақта Бабатүкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қарабура әулие, Саңғыл билердің киелі орындары бар, олар туралы тарихи әпсаналар көп айтылады. Сыйласып тұрмыс құрған отағасым Қуан Мейірбекұлы шаруақор азамат еді. Бұл әулет те Қазан төңкерісінен кейінгі қатыгез заманның зардабын тартқан адамдар. Мейірбек атамыз да бала оқытып, молда болған. Амал қанша, ол кісі де арсыз өмірден опық жеді. Халықты дінге уағыздады, Кеңес өкіметіне қарсы шықты деген желеумен нақақтан жала жабылып, 37-жылдың нәубетіне тап келіп, мерт болып кетті. Ал оның ұлы Қуанның да басына қара бұлт үйiрiледi. Сөйтiп, жүрiп соғысқа кетiп, одан жаралы болып оралды. Отау құрып, балалы-шағалы болды. Біреудің ала жiбiн аттамаған отағасым балаларын жеткiзем деп жүрiп жетпiс жасында дүние салды, – дейді апамыз өткен өмірін еске алып.
– Марқұм үнемi ағынан жарылып, балаларының тілеуін тілеп отырушы едi. Ұл-қыздарымызды қолдан келгенше аялап өсіріп, оқытып, тәрбиелеуге күш салдық. Отағасым дүние салған соң, амал жоқ үйдiң бар ауыртпалығы менің иығыма түстi. Тағдырдың тап келген тауқыметiне тапжылмай төзіп, кездескен сынның бәрiн жеңiп шығуға тура келді. Қиналып жүріп адал еңбек еттім. Балаларымның бәрін де тарықтырмай өсірдім. Құдайға шүкір, ешқайсысы да жаман болмады. Үмітімізді ақтады. Соның арқасында Алланың берген жасын жасап, еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Балдай тәтті балаларым – Орынкүл, Серік, Берік, Бердібек, Райхан, Раушан, Қалдыкүлден 30-шақты немере, 20-дан астам шөбере сүйіп, өркеніміз өсіп жатыр, тәубе. Аталарының жолын жалғастырып, ел аузына ілігіп, халық сенімін арқалап жүргендері де баршылық. Үлкен ұлым Серік қаржы саласының қызметкері. Одан кейінгі ұлдарым да жауапты қызметтер атқарып жүр. Немерелерім де ер жетіп әр салада еңбек етуде. Үш бірдей немерем Англияда оқып жатыр.
Балажан Әбілқызы сексеннің сеңгіріне шыққанда мұсылмандық парызын өтеп қажы атанды. Осы құтты сапарын апамыз «Имандылық жолында өткен аталар рухының ризашылығы үшін де, балаларымның қолдауымен Мекке-Мадинаға жол тарттым. Алла тағалаға жалбарынып, балаларым мен ұрпақтарымның амандығын, ел-жұртымның бақуатты болуын тіледім», деп түйеді.
Иә, Елбасының тікелей тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында біздің мемлекетімізде Балажан апа тәрізді әзіз әжелер, бақуатты апалар көбейе беретіндігі сөзсіз. Ал бүгінгі күні 90 жастың төріне шат-шадыман күймен өрлеген той иесін мерейлі шағымен шын жүректен құттықтаймыз. Жасай беріңіз, апа дейміз.
Тортай ҚУАНЫШБАЕВ.