07 Наурыз, 2014

Еуразиялық өзен аралығы

427 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Оралдағы ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінде интеграциялық бастамалар көп Орал қаласындағы Қазақстан­ның инновациялық және теле­ком­муникациялық жүйелер уни­­вер­ситеті  (ҚазИИТУ) біраз жыл­дардан бері интеграциялық үдеріс­терге бастамашы болып келеді. Аталған ғылым-білім кеше­ні ұжымы Ресейдегі Пенза мемле­кеттік университетімен бірге интел­лектуалдық және ин­нова­циял­ық идеялар транс­фер­тін жүзеге асыруда. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды бір жүйеге түсі­руде көршілес мемлекеттегі «Дубна» халықаралық  табиғат, қо­ғам және адам университетімен бір­лесіп құрылған «Бірқалыпты инновациялық даму» атты кон­сор­­циумдық жобаның да тигізген ықпалы мол. Осынау интеграциялық си­­паттағы үрдіс ҚазИИТУ ғалым­дарына Кеден одағына кіретін мемлекеттер мен Еуропаның мәртебелі ғы­лыми орталықтары мен инно­вациялық көрмелеріне қаты­суына мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде қолданбалы ғы­лым­дағы жетістіктері үшін ше­ка­ра­лық аймақ ғалымдары Ре­сей мен Еуропада өткізілген ғылыми-инновациялық көр­ме­лердің жеңімпазы атанды. Батыс­қазақстандықтар ұсынған жаңғырмалы энергия, ав­томат­тандыру мен телемеханика және радиоэлектроника сала­ларын қам­титын жобаларға ре­сей­лік­тер мен еуропалықтар үл­кен қызы­ғушылық танытып, жо­ға­ры баға берді. ҚазИИТУ ғылым-білім ке­ше­ні базасында Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық инженерлік акаде­мия­сының Батыс Қазақстан облы­сындағы филиалы, сондай-ақ, Қазақ экология және өмір қау­іп­­сіз­дігі академиясының ай­мақ­тағы өкілдігі орналасқан. Бұ­ған республиканың құр­мет­ті инженері, техника ғы­лым­дарының кандидаты Ақсерік Әй­тімов жетекшілік жасайды. Аталған құрылым бірінші кезекте өңірдегі инженерлік ғы­лым­ның өрісін көтеруге және техногендік нысандармен экология саласындағы жобаларды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан шоғырландыруға ден қойып отыр. Сонымен бірге, аймақтық бөлімше мамандары Ресейдің көршілес облыстарындағы жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тізе қосып, ғылымның іргелі және қолданбалы салалары бойынша көптеген бірлескен жобаларды іске асырды. Мұның арасында ІТ технологиясы мен ғарыштық технологиялар салалары бойынша жүзеге асқан ортақ жобалардың орны айрықша. А.Әйтімов бас­таған ға­­­­лым­дар тобы бұдан төрт жыл бұрын «Еуразиялық өзен аралығы» ат­ты халық­ара­лық қо­ғам­­дық қоз­­ға­лыстың өмір­ге келуіне бас­­та­машы бола білгені де бөлек бір әңгі­­­ме­нің еншісі. Осы шеңберде ҚазИИТУ ке­шенінде ғарыштық технология­лар мен автоматтандыру және радиоэлектро­ника мен салааралық технологиялар бағыттары бойынша ғылыми конфе­рен­циялар мен конгрестер ұйым­дас­тыру ісі дәстүрге айналып отыр. Осын­дай интеллектуалдық байла­ныс аясында Мәскеу мен Дубнаның, Сама­ра мен Тольяттидің және Орынбор мен Са­ра­товтың жетекші ғалымдары Қазақ­стан­ның Орал қаласындағы ғылым-білім кешенінің оқу үрдісіне кеңінен тартылды. – Осы арқылы университетімізге зияткерлік инвестициялар құйылды. Электрондық коммерцияның дамуына мүмкіндіктер жасалды. Әсіресе, С.П.Королев атындағы Сама­ра мем­лекеттік аэроғарыш универ­сите­ті­мен жасалған келісімшарттың орны тым айрықша деп санаймыз. Осы келісім негізінде біздің жоғары оқу орнының ғалымдары ғарыштық аппа­раттар тікұшақтары иондық қозғалтқыштарының жаңа үлгілері мен жобаларын жасады. Бұған қоса, тікұшақ қозғалтқыштарының тарту және жылдамдық сипаттамаларын арттыру сонымен бірге, дыбыс­тан жоғары жылдамдықтағы ұшақтар конструкциялық элементері төзімділігін көтеруге арналған бірнеше ғылыми жобалар өмірге келді. Оның бәрі де Самарадағы аэроғарыш университеті ғылыми ұжымы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Соның нәтижесінде Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық университеті кешені Еділ-Жайық аралығындағы жетек­­ші жоғары оқу орнындағы қауымдастығы құрамына қабылданды,– деді газет тілшісіне бұл жөнінде аталған ғылым-білім кешенінің басшысы А.Әйтімов. Иә, дәл осы арада Еділ мен Жайық аралығындағы жоғары оқу орындары арасында құрылған қауымдастық құрамына бұдан басқа Туполев атындағы Қазан мемлекеттік авиациялық зерттеу, Уфа мемлекеттік авиациялық-техникалық және Еділ бойының мемлекеттік телекоммуникациялық және ақпараттық университеттері енгенін де айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, Еділ мен Жайық өзені аралығын қамтитын шекаралас аймақтардағы жоғары оқу орындары озық технология салалары бойынша көшбасшы болып табылады. ҚазИИТУ кешеніндегі инте­гра­циялық байланыстар мен академиялық ұтқырлық мысалдары тек мұнымен шектелмейді. Осы кешен базасында өткізіліп жүрген халықаралық инте­грациялық конгрестер Оралға Ресейдің орталық ғылыми мекемелері және Мәскеу мен Дубна университеттері ғалымдары мен аэроғарыш салалары жетекші мамандарының жиі атізін салуына ықпал жасады. Олар­дың арасында «Казкосмос» ұлт­тық компаниясының Мәскеу қала­сын­дағы өкілдігінің жетекшісі, ұшқыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры А.П.Арцебарский мен екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер Г.М.Стрекаловтың жұбайы Л.А.Стрекалова, Мәскеу халықаралық қатынастар мемлекеттік университетінің доценті В.И.Карпунин, Дубна қаласынан келген делегацияның жетекшісі профессор С.В.Кибальников, Мәскеудегі кешенді муниципалдық зерттеулер ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты директорының орынбасары В.И.Патрушев, қала тұрғызу қауым­­­­­дастығы және қала теориясы бағытын­дағы университеттер мен ғылыми орта­­лықтардың президенті А.М.Лола, тағы басқа да көрнекті ғалымдар бар. Сондай-ақ, олар Орал қаласында трансшекаралық конгресс жұмысына қатысып қана қоймай, студенттер мен магистранттар арасында шеберлік-сыныптары дәрістемелік жұмыстарын жүргізіп, арнайы сертификаттар тапсырып жүр. Студент жастарға, әсіресе, Л.А.Стре­калованың жұбайы екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Г.М.Стрекаловтың зерттеуші ретінде бес мәрте басқа ға­рышкерлермен бірге «Союз Т-3», «Союз Т-8», «Союз Т-11» «Союз ТМ-10» және «Союз ТМ-21» ғарыштық аппа­­раттарында жасаған сапарлары жө­ніндегі әңгімесі үлкен әсер қалдырды. Аталған конгреске келген самаралық қаламгер В.В. Полетаева Байқоңыр мен Қызылорданы Қазақстанның жүрегі деп не үшін атағандығының тарихын: «Кеңес Одағы кезінде КСРО ең мықты және алдыңғы қатарлы ғарыштық держава болғандықтан, ғарыштық технологияларды жасақтаудың басы, яғни идеялық орталығы Мәскеу және сонда орналасқан аэроғарыштық зерттеудің конструкторлық бюросы болса, сол идеяларды жүзеге асыратын қолы ретінде Самараны айтқан болар едім, ал осы идеяны түпкілікті іске асырып өмір сыйлаған, жүрегі – Байқоңыр, ал Байқоңыр дегеніміз – Қазақстан», деп суреттеген еді. Ресейлік жазушы-журналист өзінің өмір бойы шығармашылығының негізгі бөлігі тек ғарыш тақырыбына арналғандығын айта келіп, алдағы уақытта «Байқоңырдың самаралық тарихы» атты кітабын жазуды жоспарлап жүргенін жеткізді. Әрі бұл еңбекті өз уақыты келгенде ҚазИИТУ студенттері үшін оқу-әдістемелік құрал ретінде қолдануға болатындығын айтып берді. Сондай-ақ, Оралда жастар мен студенттер арасында ғылым мен білімге деген құштарлықты насихаттап отансүй­­гіштікті тәрбиелеуге бағытталған «Бай­қо­ңырдың жұлдызды жолбастаулары» атты интеграциялық жобаның тұсауы кесілді. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ғарыш ғылымы мен ғарыштық сапар­­­ларда үлкен жетістіктерге жеткен ерекше адамдардың өмір тәжірибесін жас­тар арасына тағылым, үлгі-өнеге ретін­де ұсынып, сол адамдардың тамаша қасиет­терін баяндап беру арқылы білім беру мен тәрбиенің сапасын арттыру болып табылады. Отандық ғылым мен білім­нің негізін қалаушы Д.И.Мен­делеев пен М.В.Ло­моносовтың ісін практикада жал­ғас­тырушы В.И.Вер­надскийге арналып былтыр Орал қала­сында өткізілген халықаралық форум биылғы 2014 жылы өз жалғасын тау­ып, ғарышқа алғаш рет жол салған Ю.А.Гагариннің 80 жылдығы мен Қа­­­зақстан тыңы тұңғыш рет игеріле бас­­­­тағанына 60 жыл толу мерекесіне арналмақ. Міне, осылайша Қазақстанның инновациялық және телекоммуникация­лар университетінде интеграциялық үдерістер жыл өткен сайын өзінің жаңа арнасын тауып келеді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.