Бүгінде тапсырманың түрі көп қой. Тапсырманы тас қылып, орындалуы тиіс дүниенің бәрін жапырып тастайтын жандарды басшылар, әрине, жоғары бағалайды. Тау қойнауында жатқан Төлеби ауданында өткен жылы бір тапсырма орындалмады. «Өткен жылы облыс әкімдігі тарапынан ауданға 213 тапсырма берілсе, соның 188-і толық орындалды. 24-і қатаң бақылауда, яғни әлі орындалу үстінде. Тек бір тапсырма ғана орындалмай қалды», дейді бұл жөнінде Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков.
Төлеби ауданы соңғы жылдары әкімдердің жұмысына рең беретін рейтингтік көрсеткіште төмен түскен емес. Әрі кеткенде тізімнің жуан ортасына жүреді. Көрсеткіштері де жақсы. Өткен жылы ауданға 27 млрд. 340 млн. теңге инвестиция құйылды. Кіріс жоспары 1 млрд. 190 млн.-ға жетіп, 102,2 пайызды құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құны 1 млрд. 104 млн. теңгені құрайтын 1 жоба енгізілген. Бұған дейін осы бағдарлама бойынша 2 жоба өз жұмысын бастаған еді. Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 7 жоба субсидияланып, инфрақұрылым бағытында тағы 2 жоба мақұлданды. Туризм саласын дамыту жөнінде де 4 жоба іске асырылуда.
Бәрі жақсы ғой, бірақ Талас Алатауының қойнауында жатқан ауданда тамшылатып суару тапсырмасы толық орындалмай-ақ қойды. Әлде төлебиліктер «таудан арқырап ағып жатқан өзен тұрғанда суды тамшылатып не құдай ұрыпты?» деп арқаны кеңге сала ма, әйтеуір, ауданда 970 гектар жерге осы әдісті енгізу жоспарланса, бұл көрсеткіш 674 гектарды әзер құрап тұр. «Тамшылатып суару әдісін енгізуге шаруалардың ықыласы бар, бірақ, қаржыны алу үшін кепілдікке қоятын дүниелері жоқ. Осы тапсырма толық орындалмағаны үшін Алатау, Қаратөбе ауылдық округтерінің әкімдеріне, аудандық әкімдіктің жер жөніндегі мамандарына тәртіптік шара көрілген», дейді Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков.
Осы ауданның Зертас ауылдық округіне қарасты «Жаңа күш» шаруа қожалығы тамшылатып суару әдісін бүгінде кеңінен қолданып отыр. Бірақ, бұл тірліктің бәрі бір күнде құрала салмағаны анық. Алғашында бұл шаруашылық мал басын көбейтумен айналысыпты. Бірақ, екі-үш жылда ешқандай табыс таппаған. Тіпті, малдың жемшөбіне жұмсалған шығын өзін-өзі ақтамады. Содан 2009 жылдан бастап негізгі бағытты бие басын көбейтуге бұрып, қымыз өндіру ісіне ден қояды. Алайда, мұнда да қиындықтар кездесті. Қымызды саудаға шығарғанда табысты арадағы «делдалдар» иемденіп кетіп жатты. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап Шымкент қаласының қақ ортасына киіз үйлер орнатып, қымызды тұтынушыға тікелей сату ісін жолға қояды. Бүгінде Шымкент қаласы әкімінің «Қала аумағында ұлттық сусындарды сатуға мерзімдік орындар белгілеу туралы» қаулысына сай шырайлы шаһарда шаруашылықтың 4 киіз үйі бар. Елбасы Н. Назарбаевтың «Фермерлер өз өнімдерін тұтынушыға өзі сататын жағдайға жеткізу керек» деген тапсырмасының тиімділігін осы «Жаңа күш» көріп отыр. Өткен жылы оларға қымыз өндіру бойынша 2 миллион теңгеге жуық қайтарымсыз қаржы бөлінді.
– Шаруашылығымыздың тағы бір саласы – жаңа технологияны пайдаланып, тамшылатып суару әдісімен бау-бақша егу, – дейді «Жаңа күш» шаруа қожалығының төрағасы Оңғар Әбдірайымов. – 2012 жылы осы әдіспен 5 гектар жерге бау егіп, бүгінде 22 гектарға жеткіздік. Бұл салаға 2 жылдың ішінде мемлекеттен 15 млн. теңге қайтарымсыз қаржы алдық. Бұл шығынның 40-50 пайызын жауып отыр. Одан бөлек «Төлеби несие» серіктестігі арқылы алған 13 млн. теңге несиеміз де тірлігімізге үлкен дем берді. Қазір шаруашылықта 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылы 20-25 адам маусымдық жұмысқа тартылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша екі жұмыскерді тамшылатып суару әдісін тереңірек меңгеру үшін курстарға жібергелі отырмыз. Жалпы алғанда, шаруашылықтың меншігінде 26 гектар жер бар еді. Өткен жыл соңында аудан әкімдігінің көмегімен тағы 10 гектар жер бөлінді. Жұмысымыздың алға басып, шаруашылықтың кеңейіп жатқанын көрген екі жеке шаруа қожалығы бізге 6 гектар жерімен қосылды. Сондықтан биыл тағы да 10 гектарға тамшылатып суару әдісімен бау егіледі. Қымыз өндіру кәсібін жалғастыра береміз. Сондай-ақ, аудан әкімдігімен келісіп, Тоғыс өзені, Сайрамсу каналы бойындағы 1 гектар жерді шаруашылық қаражатымен көгалдандыруды көздеп отырмыз».
Иә, «Жаңа күшке» басқа да шаруа қожалықтары қосылып, іріленіп, күшейіп жатыр екен. Шынында шаруасын ұқсата алмай жүрген ұсақ қожалықтар осындай ірілерге қосылса, қолы ұзарады емес пе? Бәлкім сол кезде төлебилік шаруалар тамшылатып суару әдісін төбелеріне көтерер. Қалай айтсақ та, Төлеби ауданының басшылығы биыл бұл тапсырманы тас қыламыз деп отыр. Бәрін уақыт көрсетеді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Cуретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.