Басты айқасқа дейін бірнеше қазақстандық боксшы шаршы алаңға көтеріліп, спорт сарайына жиналған жанкүйерлер мен теледидар арқылы тақым қысып отырған көрерменге тартысты жекпе-жек ұсынды.
Бокс кешінің шымылдығын отандасымыз Елхан Табынбаев (2-0, 1 КО) ашып берді. Әзербайжан өкілі Эльмар Абдуллаевпен қолғап түйістірген Елхан төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Кәсіпқой бокстағы карьерасын жеңіліспен бастаған жерлесіміз осылайша қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Табынбаевтан соң рингке шыққан бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық Ақниет Әлімбай да 19 жастағы өзбекстандық қарсыласы Зайнобиддин Собировтан төрт раунд қорытындысы бойынша ұпай санымен басым түсті.
Үшінші болып шаршы алаңға көтерілген Асқат Жантұрсынов (5-0, 4 КО) жерлестерінің жеңісті жолын жалғай алмады. Кәсіпқой бокстағы тырнақалды жекпе-жегін өткізген әзербайжандық боксшы Сурат Гараев алты раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Кезінде 75 кило салмақта ел чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында бірқатар байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Сапарбай Айдаров да кешегі бокс кешінде өзінің алтыншы кездесуін өткізіп, қарсыласын еш күмәнсіз жеңді. Екінші орта салмақта жұдырықтасатын ол украиналық Андрей Шеметовпен (6-1-1, 4 КО) кездесті. Алты раундқа жоспарланған айқас Айдаровтың пайдасына аяқталды. Сонымен қатар Дәулет Дәукенов те өзбекстандық қарсыласын ұпай санымен қапы қалдырды.
Бокс кешіндегі алғашқы нокдаун алтыншы жұптың жекпе-жегінде тіркелді. Қазақстандық Айдар Шәрібаев (8-1, 7 КО) ресейлік Шохрух Абдиевті (9-2-1, 3 КО) үшінші раундта екі мәрте есеңгіреткенімен, екі боксшы да толық алты раунд жұдырықтасып шықты. Нәтижесінде, Шәрібаев ұпай санымен басым түсті.
Тәуелсіздік күніне арналған бокс кешінде қыздар да шаршы алаңда өз өнерлерін ортаға салды. Ұлттық құрамадағы дау-дамайға байланысты кәсіпқой боксқа ауысуға мәжбүр болған Ангелина Лукас дебют жекпе-жегінде жеңіске жетті. Украиналық дебютант Светлана Василевскаямен жұдырықтасқан ол төрт раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен үздік деп танылды.
Бір қызығы, бокс кеші аяқталмай жатып-ақ Лукас-Василевская айқасы осы кештің үздік жекпе-жегі деп танылып, екеуіне 5 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.
Дәурен Елеусінов осы бокс кешінің негізгі жекпе-жектерімен қоса, мерзімінен бұрын аяқталған кездесулер сериясын да бастап берді. Кәсіпқой бокста 12-ші кездесуін өткізген Елеусіновтердің үлкені әзербайжандық Әли Маммадовты (13-4, 3 КО) үш раунд бойы ауыр соққының астына алып, қарсыласын бас көтертпеді. Әзербайжандықтың жекпе-жекті әрі қарай жалғастырса өміріне қауіп төнетінін ескерген төреші айқасты мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды.
Дәуреннен кейін шаршы алаңға шыққан Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) қарсыласын небәрі 45 секундта сұлатып салды. Мысырдан келген Абдумон Саид (22-1-1, 11 КО) отандасымызға бір минут та қарсылық көрсете алмады. Жанқоштың сол қолымен іштен ұрған ауыр соққысынан кейін қарсыласы екі бүктеліп, орнынан тұра алмай қалды. Сөйтіп, 10 раундқа жоспарланған бәсеке бірінші раундтың бірінші минуты аяқталмай жатып өз мәресіне жетті.
Бокс кеші аясында екінші жеңіл салмақтағы Ержан Залилов (12-3-2, 6 KO) пен Ескендір Харсан араға 20 жыл салып Қазақстан чемпионы атағын сарапқа салды. Екі боксшы алғашқы раундты тең дәрежеде өткізгенімен, бар мәселе екінші раундтың соңында шешілді. Боксшылардың үзіліске шығуына 30 секунд қалғанда Залиловтің сол қолымен жасаған соққысы Ескендірді ауыр нокаутқа жіберді. Соққының ауыр болғаны соншалықты Харсан ұзақ уақыт өзіне келе алмай, ринг ортасынан тұра алмай жатты. Дәрігерлердің көмегінен кейін ғана боксшы өзіне келіп, әрі қарай оны ауруханаға алып кетті.
Ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко да (10-0, 10 КО) мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Кәсіпқой бокста 11-ші айқасын өткізген ол ресейлік Александр Устиновпен (36-5-1, 27 КО) кездесіп, техникалық нокаутпен басым түсті. Дычконың сериялы соққыларынан кейін ресейлік боксшының бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырып, шәкіртінің жеңілгенін мойындады. Осылайша, Иван Дычко 11-ші айқасын да ерте аяқтады.
Дычконың жарқын жеңісінен кейін жанкүйерлер көптен күткен Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао (15-1, 4 КО) IBO тұжырымының алтын белбеуін сарапқа салған негізгі жекпе-жек басталды.
Данияр бірінші минуттан белсенді қимылдап, шаршы алаңның қожайыны кім екенін бірден аңғартты. Екінші раундта қарқынын арттырған Елеусінов Оңтүстік Америкадан келген қарсыласын екі рет есеңгіретіп алды. Бірақ тез ес жиып үлгерген Леао кездесуді әрі қарай жалғастыруға дайын екенін айтты. Кейінгі үш минутта да аргентиналық тағы бір рет нокдаунға түсті.
Хуан Эрнан Леао алғашқы үш раундта үш мәрте нокдаун алғанына қарамастан толық 12 раунд жұдырықтасып шықты. Кейінгі раундтарда Елеусінов те қарсыласына еш амал-айла жасай алмады. 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Елеусіновке беріп, қазақ боксшысы жартылай орта салмақта IBO чемпионы атанды.
Осылайша, Данияр Елеусінов толыққанды бес чемпиондық белбеудің біреуін иеленген бесінші қазақстандық боксшының қатарына қосылды. Мұның алдында IBO тұжырымының чемпиондық белдігін Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов жеңіп алған еді.