Қостанай облысында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы сәтті басталды
Осыдан екі жылдай бұрын Германияда тұратын ұлына барып, бір ай демалған таныс әйел қайтып келгенде көпқабатты үйінің подъезіне кіре алмай біраз тұрғанын жыр етіп айтып еді. «Германияда ұлым тұратын үйдің подъезінен кейін өз үйіме кіру қорқынышты секілді көрінді. Екеуінің айырмашылығы аспан мен жердей. Ондағы подъездерде құмыраға гүл өсіріп, терезелеріне көркем перде тұтып қояды. Ал біздің подъездер шаңнан көрінбей жатады», деп налыған. Расында, көпқабатты үйде тұратын тұрғындардың барлығы да пәтерін ғана ойлайды, ал үйдің сыртымен шаруасы жоқ. Жылуы жоқ, төбесінен су тамшылап тұратын ескі үйдің мехнаты баспанасыз, пәтер жалдап тұрудың қиындығынан да асып түседі. Бірақ тығырықтан шығар жол жоқ секілді көрінетін. Адамдардың өздері үшін болатын игілікті даладан келіп біреу бітіріп беретіндей, бюджетке қарап телміретін масылдық қалпын Қостанайда 2011 жылы басталған тұрғын үй-комммуналық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының бұзатын түрі бар.
– Біздің үйдің сырты мен ішінің сұлулығы Германияның үйлерін жолға қалдырады, – дейді Қостанай қаласының Таран көшесіндегі №161 үйдің тұрғыны әрі кондоминиум басқарушысы Евгений Притула. – 2011-2012 жылдары екі рет несие алып жөндеткеннен кейін үйімізді көрген жан танымай қалды.
Евгений айтса айтқандай, бұл 1956 жылы салынған, үш қабатты ескі үй болатын. Тек қабырғасының қалыңдығынан жетпіс жылға таяу уақытқа төтеп беріп тұр еді. Шатыры мен едені де төбеден күн, төменнен саңырауқұлақ жеп тозған, жылу, су құбырлары шіріп кеткен. Осы үйді кондоминиумға тіркеткеннен кейін тұрғындар несие алып, жөндеу жұмысы басталды.
Бұл үйдің шатырынан бастап, еденіне, электр желілеріне дейін жаңартылды. Бұрынғы қақ тұрып қалған шойын құбырлар пластик құбырлармен ауыстырылды. Ең соңында жертөлеге жылу есептегіш пен автоматты жылу бекеті орнатылды. Автоматты жүйе ауа температурасына байланысты жылу беруді реттеп тұрады. Үйді қайта жөндегенде оның жылуды ұстап тұруы ескерілген. Автоматты жүйе жылуды пәтерлерге барынша үнемдеп жеткізеді. Біз осы құралдарды Ресейден 1 миллион 200 мың теңгеге алған едік, ол бір маусымда өзінің құнын ақтап шықты, дейді Евгений Анатольевич. Осы үйдегі барлығы 27 пәтердің тұрғындары кондоминиум шартын бірден түсініп, бірігіп әрекет етуге бекінді. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген осы екен. Тұрғындар бүгінде үйді жөндеуге 15 жылға алған несиені өтеу үшін айына 6500 теңге төлеп отырады. Бұл ешкімнің қалтасына ауырлық жасамайды. Автоматтандырылған жылу бекеті орнатылған соң тұрғындар жыл ақысын әр шаршы метрге стандартты 132 теңге емес, есептегіш көрсеткен жылу мөлшеріне қарай төлейтін болған. Бұл жылуды ғана емес, тұрғындар ақшасын да үнемдейді. Мысалы, Евгений Притуланың айтуынша, тұрғындар қазан айында әр шаршы метрге стандартты 132 теңгенің орнына жылуды пайдаланғанына қарай – 45, қараша айында – 68, тіпті, ең суық желтоқсан, қаңтар айларында 90, 129 теңге төлеген.
Жақында Қостанайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы тақырыбына өткен семинар-кеңеске облыстағы бес қала мен Таран ауданынан өкілдер шақырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Евгений Аман семинар-кеңес жұмысын қатысушыларға осы үйді көрсетуден бастады. Тұрғын үйлерді жаңғырту, жөндеу жұмыстары осылай жүзеге асуы керек. Оның басты мақсаты жылуды үнемдеу болуы тиіс. Ол үйдің шатырын, қабырғасын, жертөлесін, еденін сапалы жөндегенде, қымтағанда ғана мүмкін болады. Содан кейін автоматтық жылу бекетін орнатқан дұрыс, деді Евгений Иосифович.
Семинар-кеңесте тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу үшін тұрғындар кондоминимумға тіркелуі керектігі айтылды. Бір кемеге мінгендей, бір үйде тұрған соң, оның жылуына да, сұлуына да бір кісідей жауапты болмаса мемлекет тарапынан жасалған қаржы-көмектің барлығы да желге ұшатыны анық. Облыста 3206 көпқабатты үй бар, бүгінде соның 585-і кондоминиумға тіркелген. Облыста осы іске басшылық жасап отырған Евгений Аманның айтуынша, тозығы жеткен көпқабатты үйлерді жөндеп, жаңғыртудың кондоминиумға тіркелуден басқа тиімді жолы жоқ. Ортақ іске бірікпесе береке бола ма? Көпқабатты үйлердің барлығы да жеке адамдардың меншігінде. Сондықтан оны бюджеттің есебінен жөндеу заңға қайшы келеді.
Елімізде 2011 және 2020 жылдар арасында жүргізілетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы үшін 2,5 триллион теңге қаржы қарастырылған. Соның 8 миллиард теңгесі 2014 жылға тиесілі. Содан Қостанай облысы үшін биыл 700 миллион теңге бөлініп отыр. Осы қаржы облыс қалалары мен аудандарындағы кондоминиумға тіркелген, жөнделетін үйлер тұрғындарына бөлініп беріледі. Ал оны қайтару мерзімін тұрғындардың өздері шешеді.
Осы 700 миллион теңгенің жартысына жуығы Қостанай қаласындағы үйлерге берілетін болды. Мұнда барлығы 1050 көпқабатты үйдің төрттен бірі кондоминиумға бірікті. Биыл көпқабатты 18 үй жөндеуден өтіп, оларға автоматты жылу бекетін, жылу есептегіш орнататын болады. Алғашқы кезде тұрғындар бұл іске сенімсіздікпен қарап, несие алуға қорқа соқты. Құрамында қала әкімдігі қызметкерлері, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы мүшелері, ішкі істер органы және басқа да құрылымдар өкілдерінен тұратын жедел насихат тобы жүргізген жұмыстың арқасында тұрғындар кондоминиумның мәнін түсініп, өздері тұрған үйді жөндеуге, жылытуға, таза ұстауға белсенділік таныта бастады. Ең бастысы, олардың мемлекеттік бағдарламаның тиімділігіне көзі жетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.