Елбасы биылғы Жолдауында «Қарапайым адамдардың әлеуметтік жай-күйлері біздің басты мақсатқа қарай қозғалуымыздың ең маңызды индикаторы болуы тиіс», деді.
«Теміржолсу» АҚ-тың негізгі мақсаты – стансалардағы теміржолшылар мен жергілікті тұрғындарды сапалы сумен және жылумен қамтуды көздейді. Елімізде 800-дің үстінде станса бар. Оның 250-нің су желілері 2000-шы жылдан бері жергілікті атқару органдарының қарауына берілген. Жамбыл, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының билігі бұл мәселеге дер кезінде көңіл бөліп, су жүйелеріне жақсы көзқарас қалыптастырды. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан билігінің құзырындағы стансалардың су желілері қиын жағдайда тұр. Әлі күнге дейін Ақтөбенің 51 стансасының 70, Шығыс Қазақстанның 25 стансасының 80 пайызы таза сумен қамтылмаған. Себебі, бұл стансалардың сумен қамту жүйелері жергілікті биліктің балансында. Бұл нысандарды «Мөлдір бұлақ» бағдарламасына қосудың мүмкіндігі жоқ.
Жол бойында еңбек ететін 160 мыңнан астам теміржолшылар мен станса тұрғындарының таза суға сұранысын қанағаттандыруды ойластырған «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың президенті А.Мамин 5 жылға арналған «Мөлдір бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Су тапшылығын тартып жүрген адамдардың тұрмысын жақсарту үшін 10 млрд. 305 млн. теңгенің инвестициялық бағдарламасын қабылдады. Алғашқы 2012-2013 жылдары 2 млрд. 745 млн. теңгенің жұмысы атқарылды. Екі жылда шаруашылық есеп әдісі бойынша 238 теміржол стансасындағы 314 сумен қамту нысаны мен кәріздік жүйе күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылды. Осы жұмыстарды атқарудан үнемделген қаржыға стратегиялық нысандардың күзет жүйесін құрып, белгі беру құрылғылары мен бейнебақылау аппараттары орнатылды.
Биыл су жүйелері мен кәріздердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсарту жұмысы жалғасады. Бұған жалпы көлемі 1412,2 млн. теңге жұмсау көзделіп отыр. Сондай-ақ, белгіленген бағдарлама бойынша халқы тығыз орналасқан Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларды толық аяқтау жоспарланған. Маңғыстаудағы шалғай стансаларға су жеткізу үшін шынылы пластикалық цистерналар жасау мен орналастыру жұмыстары жүргізілмек.
Ендеше, бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан медициналық қызмет көрсететін «Денсаулық», «Саламатты Қазақстан», «Жәрдем» пойыздарының дәрігерлері атқарған, жергілікті халықты сауықтыру мақсаттарының табысты орындалуы үшін сапалы судың қажеттігі де айдан анық. Осылай халық денсаулығын жақсартуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға шын көңіл бөлейік. Қазіргідей алмағайып заманда, Мәңгілік Ел болу мақсатын ұстанған ұлттың денсаулығы мықты болуға тиіс.
Қуат ЕСІМХА,
«Теміржолсу» АҚ президенті.