07 Наурыз, 2014

Кәсібін нәсіпке айналдырған азамат

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Фото 1 Болат 1984 жылы Қарағанды политехни­калық институтын автомобиль және автомобиль шаруашылығы мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен облыс орталығына келгеннен кейін бірден автопаркке жұмысқа қабылданды. Ол кездері бұл салаға баруға қазақ жігіттері тәуекел ете бермейтін. Содан бері арада 30 жыл зулап өте шығыпты. Осы уақыт бедерінде кешегі түбіт мұртты балаң жігіт­тің буыны қатайып, тәжірибесі толысып, шынығып, шымырланып, еңбек ұжымын басқаратын дәрежеге дейін көтерілді. 1993 жылы кәсіпкерлікті қолдаушылардың алдыңғы легінде «Петропавл-Норд» мекемесін ұйымдастырып, жолаушыларға мінсіз тасымал қызметін көрсетуден жалыққан емес. – Тайынша аудандық автобус паркі таратылғанда бір ескі көлік сатып алғанымды әлі күнге ұмытпаймын. Бизнестегі алғашқы қадамым осылай басталды. Жүруінен сынуы көп автобустың онсыз да қысқа қолды байлап, талай әлекке түсіргені есімде. Ісіміз бірте-бірте өрге басып, көліктерді шетелдерден әкелу мүмкіндігіне ие болдық. Бүгінде облыс орталығында – 5, аудандарға – 8, қала маңындағы елді мекендерге 5 бағытта қатынаймыз. Бұдан тысқары саяжайларға, Қарағанды, Астана, Щучье, Қостанай қалаларына жолаушылар тасымалдаймыз, – дейді кәсіпорын басшысы Б.Рақымов өткенді қимастықпен еске алып. Болмысынан өжеттік, іскерлік аңғарылып тұратын азаматтың кірісінен шығысы басым кәсіпті ұршықтай дөңгелетіп отырғанына қарап, еңбекке деген ерекше жанқиярлығы мен құлшынысын аңғарғандай боласың. Оның айтуынша, жолаушылар тасымалы – бейнеті, мехнаты көп, айғай-шуы аралас салалардың бірі. Сол себепті болар, шетелдерде бұл салаға жеке кәсіпкерлер сирек баратын көрінеді. Негізінен муниципалды көліктер пайдаланылады. Бізде бұл міндет жеке кәсіпкерлерге артылған. Қалалық көліктердің жолақысын жергілікті билік, ал қалааралық төлемдерді Көлік және коммуникация министрлігі бекітеді. Жанармай шығыны ескеріле бермейтіндіктен, проблема осы жерде туындайтын тәрізді. Қызмет көрсетуден түсетін табыс жөнінде сөз қозғауға қиналатыны да сондықтан. Оның үстіне жолаушыларға қызмет көрсету нарығында бәсекелестіктің жылдан-жылға артып келе жатқанын және ескермей болмайды. Сол себепті қосымша пайда табу мақсатымен кәсіпорыннан көлікті жалға беру тәжірибесін енгізді. Петропавл қаласы бойыша 70-ке жуық адам келісімшарт жасасқан. Такси қызметін ұйымдастырғанымен, бәсекеге төтеп беру қиындап кеткені аңғарылмай тұрмайды. Мекеме заңды түрде қызмет көрсетіп, салық төлегенімен, «көлденең көк аттылардың» тасы өрге домалап тұр. Материалдық-техникалық базасы әлдеқайда кемшін бола тұра, тендерді таныстықпен «ұтып» алатындардың қитұрқы әрекеттеріне тоқтау салынатын түрі көрінбейді.   Іргелі өндіріс орындарына тасымал қызметін көрсету шаралары сөз болған кезде басшы өнеркәсіптік аймаққа қатысты көкейкесті мәселелерді аттап өте алмады. Облыс орталығындағы Я.Гашек көшесі бойында көптеген ірі кәсіпорындар орналасқан. Өкініштісі сол, бұл бағыттарға қоғамдық көліктердің қатынауына тиісті орындар құлықсыз. Соның салдарынан адамдар алыс қашықтыққа жаяу баруға мәжбүр. Қанша рет өтініш айтылса да, ескерусіз келеді. Қоғамдық көлік бағыттарын ұзарта салу соншалықты қиын емес. Бұл аумақтағы тұрғындардың жайы әзірге ешкімді толғандырмайтын сыңайлы. Сондай-ақ қаланың кейбір аудандарына жолаушылардың талабымен қатынай бастаған көліктердің жөнсіз тоқтатылуы, қолдан жасалатын кедергілердің азаймауы нәпақасын айырып отырған кәсіп­керлердің орынды реніштерін тудырады. Серіктестік жетекшісі оған мысал ретінде №8 бағыттағы автобустың Борки кентіне дейін ұзартылып, көп ұзамай қысқартылып қалғанын келтірді. Кадрларға зәрулік ортақ проблема екенін де жасырмады. Білікті мамандардың жетіспеушілігі жұмыстың сапасына кері әсерін тигізіп жататын жайттар аракідік болса да ұшырасып қалады. Кейде жүргізушілердің дөрекілігі жайлы айтылып жатады. Оған, бір жағы­нан, жүргіншілердің өздері де кінәлі. 80 мың теңге жалақы үшін таң атқаннан күн бат­қанша тыным таппайтын жүргізуші әр­қилы мінез, қылық көрсетушілер тарапы­нан зәбір көріп жататынын мойындау керек. – Еңбеккерді қорғау заңын алып қарасаңыз, кәсіпорынға көп талаптарға мойынұсынуға тура келеді. Мәселен, жүргізуші жол ережесін бұзып, көлікті жарамсыз етсе де, ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Өйткені, оның бізбен жасаған еңбек шарты жеме-жемге келгенде түкке тұрғысыз. Сотқа шағымданып, материалдық шығынның орнын толтыру жөніндегі әрекетімізден түк те өнбейді. Қоғам алдында еңбеккер үшін кәсіпорын жауапты. Бізден көлікті жалға алып, жеке кәсіпкерлігін ұйымдастырғандардың өзіне біз жауаптымыз. Олар техникалық жағынан ғана өздеріне міндеттеме алады, – дейді кәсіпорын басшысы тағы бір мәселенің ұшын шығарып. Осыншама ауыртпалықты арқалап келе жатқан “Петропавл-Норд” ЖШС-нің қоғамға да, адамдарға да тигізіп отырған пайдасы зор. Қоғамның бір дерті – маскүнемдікке салыну, ішімдікке әуестену. Жұмысқа қабылдау қатаң тәртіппен жүргізілетіндіктен, бұл жағына үлкен талап қойылады екен. Тасымал бойынша ұйымдар мен қоғамдарға, жекелеген шараларға көмек қолын созуды басты парыз санайды. Бір кездері аукцион арқылы сатып алынған “Солнечный” балалар сауықтыру орталығы мен “Росинка” балабақшасының ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтаруын азаматтық кеңдігін айғақтамай ма? Кейін оның біреуінің жеке меншікке құжатталып кеткенін естігенде қатты қапаланыпты. Жетім балалар үйіне, ауған соғысының ардагерлеріне қамқор қолын созып тұрады. Б.Рақымов – еселі еңбегінің арқасында бірқатар марапаттарды иеленген абыройлы азамат. 2006 жылдан бері Ресей, Қазақстан, Беларусь, Украина елдерінің халықаралық рейтинг одағының тағайын­дауымен берілетін мемлекеттік емес «Қазақстан даңқы» орденін кеудеге тақты. Осы елдердің сапаршыларынан құралған қазылар алқасы көлік тасымалы қызметінде жеткен жоғары жетістіктері үшін «Сала үздігі» атағына лайықты деп тапты «Парыз» байқауының жеңімпазы. Гүлгүл ТӨЛЕШЕВА, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.