07 Наурыз, 2014

Жаңа зауыттың жаңалығы

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Агран» ЖШС Ақтөбе филиалы көпсалалы кәсіпорын. Бұған дейін мұнда металл жабындылар шығаратын өндірістік желі пайдалануға беріліп, қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Жақында тағы бір шағын зауыт іске қосылды. Бұл кәсіпорын жылуұстағыш әйнек пакеттерін шығарады. Жоба өткен жылдың аяғында қолға алынған болатын. Қондырғыларды қысқа мерзімде орнатқан серіктестік мамандары енді оның игілігін көрмек. Мұнда флоат әйнек пакеттеріне жылуұстағыштық қасиет беру үшін өндіріс жағдайында пиролиз әдісімен ыстық әйнек беті жұқа қабатта арнайы металл тотығымен жабылады. Мұндай жабынды әйнекпен біте қайнасып оған айрықша төзімділік береді. Жылуұстағыш әйнек жоғары сәуле өткізгіштік қасиетке ие болып, көзге кәдімгі әйнектен айырмашылығы байқалмайды. Әйнек негізінен Ресейдің жақын өңірлерінен жеткізіледі. Зауыттың негізгі технологиялық қондырғылары әйнек кесу, әйнек пакеттері өндірісінің автоматты желілерінен және әйнекті пысыту пешінен тұрады. Өндіріс ПВХ мен алюминийден жылу-ұстағыш терезелер өндірісі үшін қондырғылар шығаратын дүние жүзіндегі ірі өндіруші болып табылатын Австрияның жоғары технологиялық қондырғысы «LISEC» автоматтандырылған желісіне негізделген. Бір және екі камералы, оның ішінде жылуұстағыш әйнек пен әртүрлі мөлшердегі әйнек пакеттерін шығаратын мұндай желі облыста әзірге біреу ғана. Шағын зауытты салуға 150,0 миллион теңге қаржы жұмсалған. Кәсіпорынның жылдық қуаты жылына 200,0 мың шаршы метр қуат үнемдегіш әйнек пакеттерін шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа инновациялық өндірістің іске қосылуымен 25 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда толықтай жергілікті адамдар жұмыс істейді. Олардың алдыңғы легі Ресейде осы өндірісті игеруге маманданып, тәжірибеден өтіп келіпті. Олар кәсіпорынға кейінірек орналасқан жұмысшыларға өз білгендерін үйретіп, жаңа мамандыққа қалып­тасуға көмектесуде. Жаңа қуат үнемдегіш әйнек пакеттерін шығаратын кәсіпорынның тұсаукесеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысып, өндірістік желіні салтанатты жағдайда іске қосты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суреттерді түсірген Хайредин РАУШАНОВ.