07 Наурыз, 2014

Алтын күн, көк аспан, Бұл – біздің Қазақстан!

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_1565 Қостанай облысындағы жоғары және орта оқу орындарында өткен патриоттық акцияда студент-жастар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік Ел идеясын қолдайтындықтарын білдірді. Сондай акцияның бірі М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті мен осы аттас колледжде өтті. Білім ордасының үлкен акт залы студенттер мен оқытушыларға лық толды. Қазақ елінің кең даласын, туған жерге деген махаббатты паш еткен патриоттық әндер жанды ерекше баурайды. Бұл акцияда әп дегеннен Мәңгілік Ел идеясы бүгіннің ғана емес, болашақтың жарқын көрінісі екені айтылды. Жер үшін өмірі аттың жалында өткен аталарымыздың тәуелсіз ел болу арманы орындалды. – Ел болу оңай емес, ал сол елді сақтап тұру одан да қиын. Міне, уақыт оның айналамыздағы зар­дапты мысалдарын алдымызға тосып отыр. Елді ұстап тұру үшін оның экономикасын дамытуымыз, оған үлес қосуымыз, әрқайсымыз туған жердің, елдің патриоты болуымыз қажет. Сол үшін студент-жастардың міндеті сапалы білім алу, оқу, ертеңгі білікті маман болып шығу, – деді университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы Сәбит Есмұратов. Мұнан кейін білім ордасының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясатының дұрыстығына тоқ­талды. – 1997 жылы мен Нұрсұлтан На­зар­баевтың алғашқы Жолдауын тыңдауға қатысқан едім. Сонда Елбасы айтқан мәселелер мүмкін еместей, таңғалып қайтқан болатынмын. Міне, қазір соның барлығы да жүзеге асты. Қазақтың даласында елордамыз тоты құстай таранып өсті. Нұрсұлтан Әбішұлы елдің болашағы тек қана халықтың, қазақстандықтардың бірлігінде екенін әр кездесуінде айтып отырады. Мұны да өмір растап отыр, – деді Сәбит Борисұлы. Ауғанстан жеріндегі соғыстың ардагері, запастағы подполковник Анатолий Харченко жастардың патриоттық акциясының қонағы болды. – Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдарғы қиындықтарды бүгінгі жастар үлкендердің айтуынан ғана біледі. Ал біздер оны өз басымыздан өткіздік. Астана қаласы салынады дегенде көпшілік адамдардың оған күмәні болғаны рас. Мен де «Зейнетақы төленбей жатқанда тұтас қала қалай бой көтермек?» деп ойлағанмын. Көп уақыт өтпей-ақ мен біздің Қазақстанның қуатты ел екеніне көзім жетті. Алысты болжайтын саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бас­тамасын жан-тәніммен қолдап отырамын. Елдің болашағы, оны қорғау, тәуелсіздіктің іргесін бекіте түсу – біздің өз қолымызда. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты, ынтымақтың болуын айтумен келеді. Мен Қазақстанда тудым. Әскерден кейін қайда кетсем де еркім еді. Бірақ мен туған жеріме қайтып оралдым. Бұл жерде менің атамның, әжемнің кіндік қаны тамған. Бұл – менің Отаным. Мен дұрыс таңдау жасағанмын. Қазақстан үшін барымды беремін. Өйткені, мұнда менің балаларым өсіп келеді, Қазақстан – солардың, мына сіздердің болашағыңыз! «Қазақстан-2050» Стратегиясын мына сіздер жүзеге асырасыздар, игілігін де сіздер көресіздер!– деп Анатолий Харченко тебірене сөйледі. Патриоттық шара студенттер шырқаған әнмен, бимен өрнектеліп отырды. Мұнан кейін сөз алған оқы­тушылар, кәсіпкерлер, студенттер Елбасының Қазақстан халқына биыл жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындағы «Мәң­гілік Ел» идеясын қолдай­тындықтарын айтты. Олар бұл әр студент еліміздің патриоты бол­ғанда ғана мүмкін деді. Акция соңында оған қатысушылардың барлығы қосылып Қазақстанның Әнұранын шырқады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.