Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»
Субсидиялау ережесін талқылаған жиын облыстық кәсіпкерлер палатасында өтті. Палата бөлімінің жетекшісі Саят Жүсіпов ауылшаруашылық кешенін субсидиялау жүйесін реформалау әбден толғағы жеткен, әрі қарай созбаққа салуға келмейтін маңызды мәселе екенін айта келіп, жиналған көпшілікке Ауыл шаруашылығы министрлігі қосарын қосып, аларын алып, қайта әзірлеген жаңа құжаттағы өзгерістер жөнінде баяндап берді.
– Жаңа ереже бойынша субсидиялаудың бағыттары бұрын 47 еді, енді ол 20-ға дейін қысқарып отыр. Субсидия беру барысында қос тарапты міндеттемелер енгізілді. Субсидия алу үдерісі жеңілдетілді. Сондай-ақ бюджет қалыптастыру үшін «күту парағын» енгізу қарастырылған, – деді бөлім жетекшісі.
Мал шаруашылығы саласында асыл тұқым алу сияқты аралық технологиялық жұмыстарды жүргізуге бөлініп келген субсидия да алынып тасталмақ. Мұнда тек соңғы нәтижеге ғана, яғни бордақылау алаңдарына етке өткізілетін малға ғана демеуқаржы бөлінеді. Қазір ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері 1 литр сүтке 20 теңге субсидия алады. Егер жаңа Ереже дәл осы күйінде күшіне енсе, өткізіп отырған сүті ветсанитарлық талаптарға сай келмейтіндіктен, кооперативтер де субсидиядан қағылуы мүмкін. Сондай-ақ асыл тұқымды бұқашық пен тәуліктік балапан алуға беріліп келген инвестсубсидия да алынып тасталуы ықтимал.
Егін шаруашылығында да бірқатар бағыттағы субсидиялар жойылады деген болжам бар. Мәселен, тұқым, минералды тыңайтқыш, пестицид сатып алуға және су өткізу қызметтері бойынша, сонымен қатар қант қызылшасы, жүгері, қарақұмық, майлы өсімдіктер тұқымы, картоп, пияз, сәбіз өнімдерінің сатылым көлеміне қарай берілетін демеуқаржыны алып тастау көзделіп отыр.
Құны 3 млн теңгеден төмен аспалы және тіркеме құралдар да субсидияланбайды. Есесіне, арнайы техника мен технологиялық құрылғылар сатып алуға берілетін субсидия мөлшерін 50 пайызға ұлғайту жоспарланған.
– Сондай-ақ құрылыс-жөндеу жұмыстарына, жайылымдарды суландыру мақсатында құдық қазуға қажет жабдықтарға демеуқаржы бөлу алынып тасталды. Тек су ұңғымаларын қазуға жұмсалған шығындарды субсидиялау ғана қалдырылды. Тіпті, бұл да алынып тасталуы мүмкін. Мұның орнына құдық, ұңғыма қазудың жаңа тетіктерін енгізіп, оны іске асыруды жеке бюджеттік бағдарламаның есебінен «Қазсушаруашылығына» жүктеу көзделуде. Мұндай құдықтар кейін шаруаларға жалға берілетін болады. Сонымен қатар несиелердің пайыздық мөлшерлемесін әкімшілендіру мақсатында оны субсидиялауды «Даму» қорына беру, ал жануарларды сәйкестендіруді мал иелері есебінен жүзеге асыру ұсынылуда, – деді Саят Жүсіпов.
Жаңа ереже өзгеріске толы, алайда фермерлердің көбі бұл өзгерістердің орынсыз екенін айтты. Мәселен, шаруалар құны 3 млн теңгеден төмен аспалы және тіркеме құралдарды субсидиясыз қалдыруға қарсы болып отыр. Мысалы, стогомет, шалғы сияқты қосалқы құрылғылардың бағасы 3 млн теңгеге жетпейді. Алайда оны шағын шаруашылығы бар кез келген фермер сатып ала алмайды.
– Субсидиялау ережелеріндегі соңғы өзгерістер – Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткізген тексеру жұмыстарынан кейін туындап отырған жағдай. Көптеген ұсыныс сол жақтан келді. Аспалы құралды субсидиялау тізімінен алып тастаған АШМ оның себебін мұндай құралдар сатып алғаннан кейін еш жерде есепте тұрмайтындықтан, оны бақылау қиын деген уәж айтып отыр. Мұнымен келіспейтін болсаңыздар, бұл турасында өз ұсыныстарыңызды әзірлеп, оны негіздеу керек, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Нұрсұлтан Қабделов.
«Львовский колос» ЖШС директоры Андрей Двуреченскийдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау бағдарламасын басқа емес, сала мамандарының өздері жазу керек.
– Біз алдағы уақытта көптеген ауқымды шаруаларды қолға алуды көздеп отырмыз. Жоспар бойынша шығынның 60-70 пайызы шаруашылық ғимараттарын жөндеуге, жаңа нысандар салуға жұмылады. Ал министрлік қосалқы құрылғыларға дотация қосудың орнына субсидияны алып тастау керек дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Демек барлық шығынның ауыртпалығын фермердің өзі ғана көтереді. Бұл жағдайда кез келген жобаның құны өсіп, алдағы уақытта фермерлердің көбі инвестжобаларды іске асырудан мүлде бас тартуы мүмкін, – деді А.Двуреченский.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер субсидия алушылардың белгіленген міндеттемелері болғаны дұрыс дейді. Шаруалар сөйте тұра, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған міндеттемеде қарастырылған өндіріс деңгейін төмендетпеу, жұмыс орындары мен аналық бастың кемімеуіне кепілдік беру сияқты тармақтардың қисынсыз екенін айтты. Өйткені өндірістің деңгейі фермердің мүмкіндігінен тыс өсуі немесе төмендеуі ықтимал. Мысалы, биыл облыста құрғақшылық болып, егін шаруашылықтары екі есе төмен өнім алды. Ал ережеге енгізілген өзгеріске сәйкес, табиғи жағдайдың салдарынан дұрыс өнім ала алмаған шаруа, бұл аз болғандай жығылғанға жұдырықтың кебін киіп, субсидиядан да қағылады. Осылайша шаруашылық басшылары қос тарапты міндеттемелердің кейбір тармақтарын қайта қарауды талап етіп отыр.
Кәсіпкерлердің пікіріне қарағанда, мемлекеттен бөлінетін демеуқаржының негізгі міндеті фермерлердің ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге кететін шығындарын азайту болғандықтан, сатылған өнімнің көлеміне де субсидия берілу керек.
– Мемлекеттен бөлініп жатқан субсидияның қызығын өнім өндіретін шаруашылықтар емес, техника, гербицид, тыңайтқыш сататындар көріп жатыр. Бұрын тыңайтқышты субсидиялаудың қолайлы әрі тиімді жүйесі бар еді. Шаруа тыңайтқышты тікелей зауыттан сатып алатын, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі демеуқаржыны тыңайтқыш өндірушіге бөлетін. Ал бүгінгі таңда құнын толық төлемесең, тыңайтқыш ала алмайсың. Дотация ашық болғанда ғана тиімді болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі, «Зуевка» серіктестігінің директоры Александр Бородин.
Шаруашылық басшыларының айтуынша, АӨК-ке субсидиялаудың қарапайым әрі ашық жүйесі қажет. Мысалы, егін шаруашылығы саласына «астық саттың – дотация ал» қағидасы бойынша өнімнің сатылымына қарай субсидия белгілеуге болады. Ал мемлекет берген демеуқаржыға техника сатып ала ма, әлде тұқым немесе тыңайтқыш алуға жұмсай ма, ол жағын шаруаның өзі шешеді.
Жиын соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев шаруалардың субсидиялау жүйесіне қатысты айтқан ұсыныстары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілетінін айтты.