«2019 жылдан бастап аудан әкімдері және құзырлы басқармалармен бірлесіп, елорда аумағында иесіз қалған нысандарды анықтау, тіркеу жұмысы жалғасып келеді. Өткен жылы жалпы сомасы 2 млрд 878 млн теңгенің иесіз қалған 680 нысан және 60 бірлік трансформаторлық қосалқы станциясы коммуналдық меншікке қабылданды. Биыл 158 иесіз нысан анықталды. Оның сомасы 1,8 млрд теңгені құрайды», деді Ерсін Өтебаев қалалық мәслихаттың қоғамдық кеңесінің отырысында.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, соңғы 2 жылдың ішінде елорда аумағында қараусыз жатқан 886 нысан анықталып, коммуналдық меншік ретінде қабылданыпты.
«Атап айтқанда, 180 шақырым электрмен жабдықтау нысаны, 34 шақырым сумен жабдықтау, 90 шақырым кәріз желісі, 59 шақырым жылумен жабдықтау желісі және 2227 құдық бар», дейді ол.