Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2021

«Қазаққа өлең деген бір қадірсіз»

5072 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қар жақсы жауғанда, Абайдың «Қансонары» еске түседі. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлең жолы тіл ұшында тұрады. «Тастан түлкі табылар аңдығанға» деген жолы да тірі бейнедей бұлың етеді. «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет, Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға» дегенде де бойың шымыр етеді. Бірақ осы әдемі көріністің тасасында Абайға тән мұң мен шер жатыр деп кім ойлаған.

«Қазаққа өлең деген бір қадірсіз»

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Күтпеген тұстан: «Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы, Адам үшін батысып қызыл қанға» деп салады Абай. Түйінді ой, қорытынды сөз секілді көрінетін бұл жолдар өлеңнің соңында емес, ортасына таман орналасқан. Ал енді бүгінгі ақындарға салсаңыз, осы екі жолды өлеңнің түйіні қылып берер ме еді, қайтер еді. Өлеңді тапқыр оймен түйіндеу шеберлікке айналғалы қашан!

Бірақ бұл тыңдаушының ойын то­қыратып, өзі ойлана алмайтындай жайсыз күйге түсіреді. Абай болса: «Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, Біле ал­мас­сың, құс салып дәм татпасаң» деп, ке­неттен салғыртси қалады. Осы сәтте өлеңнің оңайлықпен ішін бермегенін байқап, басынан бастап қайта үңілесіз. Әр жолын бір шолып өткенде, әлгі екі жол көзіңізге тағы да оттай басылады. «Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы, Адам үшін батысып қызыл қанға»...

Бірақ Абай осы ойды айтам деп, өлеңді қор қылмаған. Өлеңді осы ой­ды айту үшін жазғандай соңына сақ­тап созбақтамаған да. Әйтпесе дүние қызығының бізге көрінбейтін кер бетін­дегі терең шер де осы екі жолда жатыр емес пе. Бір өлеңнің жүгін оп-оңай көтеріп кететіндей ой қауқары да жетерлік. Алайда Абай оған соншалықты салмақ та салып отырған жоқ. Себебі ол заманда ақындар өлең табиғатын бұзбайтын. Қазіргідей айтар ойды өлеңнің соңына сақтап, жасандылыққа ұрынбайтын.

«Абайдың қай өлеңін білесің?» десе, екінің бірі оның өлеңдерінің бірін­ші, екінші жолдарын айтады. Себебі бұл бастапқы жолдар көктен түскен аян іспетті құйылып тұр. Яғни өлең жолдары қалай ойға келеді, солай қағазға түседі. Шынында да қарасаңыз, кілең бастапқы жолдар есте қалып отыра­ды. Өлең табиғаты бұзылмайды, қолдан­­­­басы аяғына келтірілмейді.

Кейде әдебиет теориясы да қызық. «Айтар ойың шығарманың басында білініп қалмауы керек» дейді. Сонда шығарма бір ой үшін, бір шешім үшін жазылуы керек пе? Сол ойды білу үшін бүкіл шығарманы оқып отыру шарт па? Абайша ойды айтып алып, соны тарқатса несі бар? Ой деген негізі талқылау үшін айтылмай ма?

Абай өлеңдерінде өз ойын өзі тал­қыға салады. Бірінші, екінші жолда айтады, содан соң талқыға салады. Ойы бір қызық болса, талқысы екі қызық. Мұны Абай әдейі солай жазды демейміз. Өлеңнің табиғаты солай болып келеді. Ол да тірі тін, тұтас жаратылыс секілді. Оны бұзсаң, жаратылыстық құдіреті кемиді.

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінің де бірінші жолы үнемі тіл ұшында тұрады. Бұл жолды ішінен қайталаған адам әрі қарай нені ойлаймын десе де өз еркі шығар. «Абай осы өлеңді жазғанда қырық тоғыз жаста екен» деп қайран қалатынымыз да содан болар. Шын мәнінде ол қартайғандық па, әлде кемелдік пе, оны кейінгі жолдар аша түседі. Біздің айтпағымыз ол емес, тағы да өлеңді қалай бастап, қалай аяқтағандығы болып отыр.

Бір ғана өлеңінде «Ашуың – ашыған у, ойың – кермек», «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек», «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек», «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек» деген төрт бірдей, кейін мәтелге айналған қанатты сөз жүр. Қай ақынның қай өлеңінен осындайды көріп едіңіз деп тағы қайран қаласыз. Бірақ ақынның көңілі оның ешбірінен тоят таппайды. Өлең сөзімнің асылы осы деп, соңына сақтамайды да.

Абай үшін ақыл айту ұлылық емес, сол ақыл-ойды бірге талқыласу ұлылық. Жоғарыдағы өлең де «Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек» деп аяқталады. Өлең соңында ой айтқаннан гөрі, бір істі талқыға салу ниеті басым тұрады. Ақын өлеңдерінің көбінде өзгенің ісімен бірге, өз ісін де талқыға салу жиі кездеседі. Біздің айтпағымыз, әрдайым өлеңдері сондай жолдармен шамырқана бітеді.

Оның бірталай өлеңі сұрау белгісімен аяқталады. Сұрау белгісі болмаса да, соның интонациясы тұрғандай болады. Ақыл айтып отырып, ақылдан сезімді жоғары қоятынын қайтерсіз. Өлеңдерінің жүректі солқ еткізетіні де, сыздататыны да содан тәрізді. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек» дейді. Бірақ біз оның ақыл айтқан тұстарына көбірек мән береміз.

Мысалы, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін бүкіл бала жаттап өсті. Бұл өлең осылай мектеп бағдарламасына енді. Олай қарасаңыз да, бұлай қарасаңыз да ой анық, сөз қанық. Үлкенге де, кішіге де жаттап алуға да оңай. Оқушы бала аузын аш­са болды, таңдайы тақылдап төгіліп тұра­ды. Оңынан оқысаңыз да, терісінен оқы­саңыз да әр жолы ақыл, әр жолы нақыл.

Бірақ Абайдың бұл өлеңі оқу-білімнен де түңілгендей әсер қалдыра­тыны несі? Абайдың басқа да өлеңдері сияқты мұнда да өз тірлігінен өзі баз кешкендей болатыны қалай? Сонымен бірге бұл өлеңнің «Кел, балалар, оқы­лықтан» айырмасы неде? «Бұл маһұ­рым қалмағыма кім жазалы?» деп ғылымды ғана айтып отыр ма? Соңында «Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім» дегені ше?

Міне, бұл өлең де осылай насихат құралы болмай, өнер ретіндегі өз табиғатына тартқан. «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен» дейтін Абай осылай жазса керек-ті. Насихат жүрген жерде ұран, ұран жүрген жерде пафос ілесе жүреді. Шын мәнінде өлең сөзде өмір бақи ой түбінде жатқан сөз бен пәрмені күшті пафос бірін-бірі жеңісе алмай итжығыс түсумен келеді.

Абай Абай болып ешқашан пафос пен дидактикаға жолаған емес. Бұл ойымызға «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңі қайшы келуі мүмкін. «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» десе, бәрі ап-анық. Бірақ Абай «Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл» деп тағы да өз мәнеріне салады. Біздің талдауымызша, өлеңнің жанды тұсы да осы екі жолда тұрған болуы керек.

Тіпті өлеңді пафоспен бастағанның өзінде де, қайғымен аяқтау Абайға ғана тән ерекшелік. Ал қайғы деген шек­сіз, онда қуаныш, шаттық секіл­ді белгілі бір тұжырым болмайды. «Жай­на­ған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай» деген өлеңін алып қараңызшы. Інісі Оспанның қазасына арнап шығарған атақты өлеңі. «Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай» деп бітеді.

Осы өлең басқа тілдерге қалай аударылды екен деп еріксіз ойланып қаласың. Абайдың өлең құрылымын түсінбеген адам, соңғы жолын шебер­лікке балап қалуы кәдік емес. Егер өлеңді ше­бер аяқ­таса, одан әрі ойлану­дың қа­же­ті де жоқ. Ал Абайда соңғы сөз тағы да көптің талқысына тасталынады. «Япырмай» деген сөз ұйқас үшін тұрған­дай көрінгенмен, ар жағынан қылт еткен бір күмән да бас көтергендей болады.

Ақылы нақылға айналған данышпан әркіммен сырлас, әркіммен мұңдас. Біреуге пікірін таңса, Абай Абай бола ма? Тіпті Абай қазақты сынады деген сөз де күмәнді естіледі. Ол қайта қазағымен қайғылас тұлға ретінде биіктей түседі. «Абайды әлі түсініп болмаған қазақпыз» деген сөз де осыдан шықса керек.

Қазір өлең техникасы дамыған кез. Соған қатысты Абайдың өлеңдерінің ұйқасы қалай деген де сұрақ туады. Ондайда ой жатық болған соң, ұйқас та жатық болатынын ескере бермейміз. Керісінше кейбір шебер ұйқасқан өлеңдердің астарын түсінбей мүдіріп қалатынымыз бар. Себебі бүгінгі күні ұйқас бірінші орынға қойылады да, өлең мағынасы кейінге ысырылады.

Ал Абай өлеңдері еш мүдіріссіз бір леп, бір деммен оқылады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген ұзақ өлеңі бастан аяқ бір леп, бір дем. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген екінші ұзақ өлеңі де бір леп, бір дем. «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деген қысқа өлеңі де бір леп, бір дем. Осы өлеңдерінің бәріндегі бейне-бояулардың тығыздығы сонша, көз алдыңа тұтас сурет болып келе қалады.

Бөлініп-жарылмаған тұтас образ, өлең ретінде тұтас жаратылыс. Образды ойлау жағынан Абай ұлы суретші сияқты. Егер ол шынымен де суретші болса, «Қансонар» атты картина бүгінде Лувр мұражайында ілулі тұруы ғажап емес те еді. Жоғарыдағы үш өлеңінде де әр нәрсеге теңеу тауып, оның бәрін ретімен баяндап шығу үшін де дәл суретшінің төзіміндей төзім керек-ау деп ойлайсың. Абайдың заманы әлі өнерде хаос басталмаған кез, сондықтан оның туындыларындағы реттілік жоғары бағалануға әбден лайық.

Ой ұйқасқан жерде, сөз де өзінен өзі ұйқасады. Абайда бұл ешқашан керісінше келген емес. «Ой ұйқасады, оймен бірге образ да ұйқасады» деген тіркесті басқалар да қолданған шығар, бірақ мен оны Дидар Амантайдың қолданғанын білемін. Бәлкім бір бояуды екінші бояу толықтырып тұратын тұтас образдылықты айтқысы келген шығар. Бар бояу бір көрініске қызмет етеді дегісі келген де болар. Міне, Абайда осындай тұтастық бар.

Әрине, солай болған соң басы аяғына, аяғы басына келмейді. Жалпы, өнердегі хаос ішкі драмадан туатыны белгілі. Сөйтіп ол постмодернизмнің белгілі бір сипатына айналғанынан да хабардар­мыз. Абай ондай хаосқа берілген жоқ, бірақ өлеңдері ақылға да бағынған жоқ. Кез келген өлеңі ойлы да тапқыр сөзбен басталғанымен, соңында ішкі драмасы жеңіп кете береді. Тұжырымды шу­мақ­тармен басталған өлеңдерінің ая­ғында екі ұдай күйге соқтыратын траге­диялық хал-күйі де содан туған болса керек.

Абай өлеңдері жансыз заттай емес, жанды дүниедей әсер ететіні де содан болар, сірә. Біздің шақшадай басымызбен оған төрелік айту да орынсыз ба деп қорқамыз. Бұл арада Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі Мұқан атты кейіпкері киген кепті кимесімізге кім кепіл. Соған ұқсап күлкіге қалар жайымыз да жоқ. Бірақ Абайдан алыстаған сайын өлеңнен де алыстағандай болып бара жатқанымызға уайым жейтініміз рас.

Осы ретте Абайдың күнделікті өмі­рімізде жиі қолданылатын өлең жолдарын тізіп көрдік: 1. «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда». 2. «Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты». 3. «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне». 4. «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас». 5. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа». 6. «Сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап»...

Абайға қарап мұң шаққымыз келгенде еске түсетін өлең жолдарын да түзіп көрдік: 1. «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным». 2. «Боталы түйе секілді, Қорадан шықпай өлдің бе?». 3. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма». 4. «Ішім өлген, сыртым сау». 5. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?». 6. «Адасқанның – алды жөн, арты – соқпақ». 7. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»...

Осы жұрт келсін-келмесін кез келген жерге қыстыра беретін өлең жолдарын да теріп көрдік:

  1. «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың». 2. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей». 3. «Бас-басына би болған өңкей қи­қым». 4. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын». 5. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қым­бат». 6. «Ел бұзылса, құрады шайтан өр­мек». 7. «Жастықта бір күлгенің – бір қаралық»...

«Заман өзгерсе де, мінез өзгермейді екен-ау» деген ойға келтіретін өлең жолдарын да іріктеп көрдік: 1. «Керегеге сабауды шаншып қойып, Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ». 2. «Жаны аяу­лы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып». 3. «Қара қарға сықылды шуласар жұрт, Кім көп берсе, мен соған серт берем деп». 4. «Кейбірі жайдары, ашық боламын деп, Орынсыз адамдармен жыртақтаған». 5. «Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ». 6. «Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып, Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ». 7. «Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ»...

Тағы да басқа осылай жалғаса береді. «Абайдың бар өлеңі бір том» десе де, тауысып бітпестей көрінесіз. Тіпті қа­натты сөздерге «Сегіз аяқтың» барлық жол, барлық шумағын қосуға болады. Бір өлеңінде өзіміз мәтел етіп айтып жүрген бірнеше сөзі жүреді. Осының бәрі өзіміздің күйінішіміз де, сүйінішіміз де. Тұрмыста күнде айтамыз, күнде қол­­данамыз. Жетпей тұрған сөзімізді жеткізеді, өтпей тұрған ойымызды өткі­зеді. Қара шаруаның үшбу хатынан, Мемлекет басшысының баяндамасына дейін тұздықтап қосып та жібереміз.

Ал енді көп айтыла бермейтін өлең жолдарын да бір тізіп көрейікші: 1. «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз». 2. «О да өзіндей ит болсын, азғыр, азғыр». 3. «Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін». 4. «Көзінен басқа ойы жоқ». 5. «Сенен күшті кісілер не боп жатыр, Заманыңның тарлығын ойла, мырзам». 6. «Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай». 7. «Кімде-кім үлкен болса екі мүшел, Мал беріп алғанменен қатын емес». 8. «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма». 9. «Ішім өлген, сыртым сау».

Көбі сөздің мәтелі мен мәйегіне айналған мұндай жолдар ақын шығарма­ларында жиі кездесетінін жоғарыда айттық. Бұл тұрғыдан Абайға жететін ақын жоқ екені басы ашық нәрсе. Ал енді ондай жолдар бұрынғы ақындар мен жырауларда да қос-қосынан берілетінін іздеген адам табады.

Кейінгі ақындардың бір-екі ғана ұтқыр ой, тапқыр сөзді түйін етіп айтуға дағдылануы сол кенішті қазақ өлеңін кедейлендіріп-ақ тұрған тәрізді. Біздікі поэзияның бір бағытын ғана бағамдаудан туған ой, әйтпесе қазақ қай заманда да жақсы ақынға кенде болмаған. Тек қазір өлеңнің оқылмай кетуіне бір себеп, оқығаннан кейін жадыңызда сақталып қалатын, өз жарнамасы өзіндегі жыр жолдарының аздығынан ба дейміз.

Оларда Абайдың жоғарыда келтірге­німізге қосымша: 1. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?». 2. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». 3. «Адам бір боқ, көтерген боқтың қабы». 4. «Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа». 5. «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой». 6. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл». 7. «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап». 8. «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да». 9. «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» дегендей өлең жолдары неге асып-төгіліп жатқан жоқ?

Ұйқасы одан да шебер, сырты одан да сұлу, іші одан да терең талай өлеңдер жазылғанына шәк келтірмейміз. Бірақ сол шеберлік, сол сұлулық һәм тереңдік оқырманды бұрынғыдай тебірентпесе, бәлкім басқаша жол іздеу де керек шығар. «Алдымызға Абай деген тау қойып қойды, одан қалай асамыз?» деген сөзді уыздай жас күнімізде жасы үлкен ақыннан естіп қатты таңырқап едік. Әлде қазақ бар-жоғы бір-ақ том өлең жазған шерлі ақыннан шынында да ешкімді асырғысы келмей ме екен?

Бірақ өлең оқылмай кетсе, онда бас­қа жанрлардың да күні қараң еке­нін мойындау керек шығар. Себебі қазақ әдебиетінде өлең қай заманда да флаг­мандық рөл атқарумен келеді, атқа­ра да береді. Ендеше, өлең қалай оқылады, әдебиет те солай дамиды. Абай­ға дейінгі жыраулар мен Абайдан кейінгі ақындарға бас ие отырып та осы ойды айтуға бо­ла­ды. Поэзияда қозғалыс болмай, тұ­тас әдебиетімізде де қозғалыс бола қоймайды.

Сондықтан да ұлтты рухани түлету үшін де қазаққа тұлға ақындар керек дегіміз келеді. Ұлы ақынның өлеңдерін өзімізше тәпсірлеген мақаламызда айтпағымыз да осы еді. Абайдың өзі айтпақшы, ««Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл»...