Қоғам • 21 Желтоқсан, 2021

Ит талаған қыздың өліміне кінәлі кім?

1894 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылында 7 жасар қыз баланы иесіз ит талап өлтірді. Жантүршігерлік оқиға көпшілікті елең еткізбей қоймады. Иесіз иттердің көбейіп кетуі баяғыдан көтеріліп келе жатқан мәселе болғанымен, бір басшы мәу демеген. Енді келіп, дер кезінде алдын алмаған ветеринарлардан кінә іздеп әлек. Алайда 70 мың теңге жалақыға қарап отырған аз ветеринар ит ата ма, мал емдей ме?

Ит талаған қыздың өліміне кінәлі кім?

Осыдан екі ай бұрын ғана әлеу­меттік желіде қала ішіндегі иесіз иттердің көбейіп кеткендігі туралы сөз болған. Сөз болғанымен, өрген ит өріп әлі жүр. Нәтижесі міне, айдың, күннің аманында қаршадай қызды қаңғыбас ит талап өлтірді. Ата-анасы қайғыдан қан жұтса, халық кінәні кімнен табарын білмей дал. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, құзырлы органдар қолға қару алып, ит ата бастаса, жануарларды қорғаушы­лар кесе-көлденең қарсы шығады. Алайда иттің өмірі адам өмірінен қымбат емес шығар...

– Шынымызды айтсақ, балаларды далаға жіберуге қорқа­мыз. Қаңғырған ит көп. Қаладағы ­ветеринария бөлімінің бар-жоғы белгісіз. Жабық ұйым сияқты. Қаңғыбас бір ит қалдырмай аулап, көздерін жойса дұрыс еді. Ал жануарға жандары ашитын азаматтар болса, ит қора салып, сонда қамап ұстасын, – дей­ді Өске­меннің тұрғыны Ринат Қысекин.

Ит қора демекші, Өскеменде қаңғыбас иттерді асырауға арнал­ған питомник құрылысы бас­талған. 100 итке шақталған питомникке қала әкімдігі жер де бөліп берген.

– Қала басшылығының көме­гімен питомник салынып жатыр. Алдағы уақытта құрылыс аяқ­та­лады. Қаңғыбас иттердің көбейіп кетуінің бір себебі, тұрғындар иттерді жаздай саяжайда асырап, қыста қараусыз жібереді. Қаланы иттен тазалауға ветеринария саласы жауапкершілік танытуы тиіс. Халықпен байланыста болуы керек. Алайда олардың не телефон нөмірлері, не әлеуметтік желіде парақшалары жоқ, – дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.  

Бұл не деген жауапсыздық деп, «Өскемен-Вет» КММ бас­шы­­сы Жұмағазы Оразалинге хабар­ласқанбыз. Сөйтсек, жа­уапсыздар жоғарыда, Үкіметте, министрлікте көрінеді. Осы орай­да Жұмағазы Қалибекұлы вете­ринарияның бы­лық-шылыққа ба­тып отырғанын жіліктеп тұрып айтып берді.

– Ветеринария саласына Пре­зидент пен Үкімет назар аудармаса, құрып бара жатқан сала құри береді. Біз мал емдейміз бе, ит атамыз ба?! Жалғыз дәрігер, жалғыз көлік қаладағы өріп жүр­ген итті биыл атып тауыса алмайды. Екіншіден, оларды мылтықпен атуға рұқсат жоқ. Қолымыздағы инелі қару 5-10 метрге ғана ұша­ды. Қаңғыбас ит болса, «мені атып ал» деп қарап тұрмайды, – деп ашына сөйлей бастады Жұмағазы Қалибекұлы. – Біздің міндет – ауылшаруашылық жануарларын егу, қан алу, тексеру, ауру мал­ды арнаулы санитарлық мал сою алаңына апару. Сонымен қатар етке, сүтке анықтама беру. Сырғалау, таңбалау, куәлік беру, базаға енгізу де біздің жұмыс. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау – қосымша міндетіміз. Тұр­ғындардан арыз-шағым жетсе, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейміз. Белгіленген аумақтарда иесіз иттерді аулауға аумақтық басқару орталығынан бір маман, учаскелік полиция инспекторы, мал дәрігері және автокөлік жүр­гізушісі қатысады. Бұл оңай шаруа емес. Мамандар жеткіліксіз. Себебі мал дәрігерінің, жүргі­зу­шінің жалақысы өте аз. Екіншіден, қала аумағы аз мамандар үшін өте үлкен. Үлгермейді, – деп мә­селенің мән-жайын тайға таңба басқандай етіп айтып берді.

Қайткенмен, ветеринария саласында өмір бойы қызмет етіп келе жатқан басшы бұл тығырықтан шығудың жолын білетін шығар деп, ұсынысын да тыңдадық. Біздікі де құзырлы органдар құлақ асып қалатын шығар деген ой ғой. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ветеринария саласына көңіл бөлу керектігін Жол­дауында айтқан.

– Үкіметке ұсыныс айтар болсам, қаңғыбас иттерді аулау­ды басқа мекемеге жүктесін. Әр аумақ­тық басқару орталығында ит­терді аулау бригадасы құрылып, қаржы бөлінсе деймін. Елді мекеннен алыстау жерлерде тобымен жүрген иттерді отты қарумен атуға рұқсат беру керек пе деп ойлаймын. Өйткені біз пайдаланып жүрген «Увыш-651» инелі қару көшедегі итті атуға жарамайды. Тиген жағдайда, ит қашып барып өледі. Шприц түсіп қалса, оны бір бала тауып алып, оқыс жағдайға ұшыраса қайтеміз? Қыл аяғы тағы да мал дәрігері кінәлі болып шығады, – деп бүкпесіз ұсыныс-пікірін тізіп берді «Өскемен-Вет» КММ басшысы Ж. Оразалин.

Сонымен қатар мал дәрі­гер­­­­­­­лерінің ай сайынғы жалақы-
ла­­рының мардымсыз екенін де тілге тиек етті. Жұқпалы ауру­ға ұшыраған малмен жұмыс істей­тін дәрігер бір реттік емдеу-са­уық­тыру жәрдемақысын ала алмай­­тынын да ашына айтты. Ком­му­налдық мемлекеттік кәсіп­орын қызметкерлері мем­лекеттік немесе азаматтық ме­кеме қызметкерлеріне жатқы­зыл­мағандықтан, кезекті еңбек демалысына шыққандағы төлемі де тиын-тебен көрінеді.

– Мал дәрігері бір жыл қызмет етсе де, отыз жыл жұмыс істесе де алатын айлық бірдей. Санаттың өсуі деген жоқ. Бүйте берсе, иттің адамға шабуы түк емес болып қалады. Жұқпалы індет дендеп, мал қырыла бастаса, адамзаттың күні ветеринарға түседі. Бірақ ол кезде тым кеш болады. Айтпағым, ертеңімізді бүгін ойлайық. Бүгін деп отырғаным, қазіргі мал дәрі­герлерінің жас шамасы 55-63 жас аралығында. Олар зейнетке кеткен соң орындарын басатын жас кадр жоқ, – дейді болашаққа көз тастағандай Ж.Оразалин.

Айтқан уәжі де, ұсыныс-пікірі де орынды. Жалақы көтерілмей, жұмыс істеуге мүмкіндік жасалмай, жоғарыда айтқан мәселелер шешілмейді. Ит бүгін бір баланы жазым етсе, ертеңгі күні мұндай жағдай қайталанбайды дегенге кім кепілдік береді?!

– Осы жылдың 17 желтоқ­са­нында Ертіс полиция бөлімі аталған факті бойынша сотқа де­йінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақыт­та қылмыстық іс бойын­ша тиісті сот сараптамасы таға­йын­далды. Болған оқиғаның бар­­лық мән-жайларын анықтауға бағыт­талған қажетті тергеу әрекет­те­рі жүргізілуде. Өзге ақпарат қыл­мыс­тық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жа­рия етуге жатпайды, – деді облыс­тың бас полицейі Сағат Мәдиев.

Ал қайғылы жағдай­ға бай­ланысты полицейлердің тергеуі, әкім­діктегі бір сағаттық жиын – жыл­дар бойы бері жалға­сып келе жатқан проблеманы шеш­­пейді. Бұл үшін біз қаузап отыр­­ған саланың жүйесі сала ма­маны айтқандай өзгеруі керек. Өз­гермейінше, сан соғып қала бе­реміз... Айтпақшы, 17 желтоқсан күні ит талап өлтір­ген қыз 18-і кү­ні жеті жасқа толуы керек еді. Қыр­шынынан қиылған ғұмырға кінәлі кім?