Қоғам • 23 Желтоқсан, 2021

Шам жарығындағы кездесу

648 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында тұратын әде­биетші жастар өздері бірлесіп, ұлттық поэзияны насихаттайтын Şam атты шығармашылық орталық құрған еді. Аталған орталық 2016 жылдың 19 қа­ра­­­шасында Шымкент қаласында өз жұ­мы­сын бастаған.

Шам жарығындағы кездесу

Бұл ұйым әдебиеттің түрлі жанрында шығарма жазатын жас қаламгерлердің туындыларын таныстырып, жас авторларға жан-жақты қолдау жасау мақсатында іргесі қаланып, жетекшісі белгіленді. Орталықтың төрағасы болып ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүндет Сейітов сайланды.

Биыл осы орталыққа бес жыл толды. Осыны негіз ете отырып, орталық мүшелері поэзия кешін ұйымдастырды. Аталған шығармашылық кештің мәні мен нәші бөлек болғанын кешке қа­тысқан жұрт айтып жатыр. Атаулы кеш Şam әдеби шығармашылық ор­талығының 5 жылдық мерейтойы аясында «Шам жарығындағы кездесу» деген атпен өтті. Кеште шығармашылық ор­талықтың мүшелері өлең оқып, поэтикалық жекпе-жекке шықты. Кеште «Шах-Мат» кітабының тұсауы кесілді.

Şam әдеби ұжымы көптеген же­тіс­тік­ке жетті. Оның ішінде, жеті ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар од­ағының мүшесі атанса, бес ақын «Жыл­дың үздік ақыны» һәм бес жазушы «Жыл­дың үздік жазушысы», бір ақын, яғни Батырхан Сәр­сенхан «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты, бұ­дан бөлек төрт ақын республикалық әде­би сый­лық­тардың лауреаттары атанды.