(Қаламдас қыз-келіншектерді құттықтау)
Әдебиетте жүрген қыз-келіншектерді аяймын. Қалай аямассың! Көз алдыңа иығына ауыр қапшық салып екі бүктетіліп келе жатқан нәзік әйел бейнесі келіп тұра қалса! Атасы Абай дертпен теңеп кеткен осы бір сөз өнері дегенге не үшін килікті екен, сондай ауыр жүкті иығына неге салды екен дейсің. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. Жүгіріп барып олар көтерген жүкті алып иығыңа сала алмайсың. Өйткені ол жүк – оның тағдыры. Оны жеңілдете алмайсың. Бірақ жылына бір рет келер қыз-келіншектер мерекесі күні олардың атына ең болмаса бір ауыз жылы сөз арнау артық емес. Кейде соны да ұмытып кетіп жатамыз. Осыдан екі-үш күн бұрын түсіме Фариза апа кірді. Қоршаған қалың көңілді топ арасында жалғыз жылап тұр. Біз оны жұбатып әлекпіз. Ояна сала аруағына дұға арнадық. Оралдан Ақұштап апамыз хабарласты. Ақын апамыздың хабарласқанына таңғалдық. «Апаңды 8-наурызбен құттықтауды ұмытып кетпе, апаң биыл 70-ке толады» деп қарап тұр. Қандай жарасымды еркелік! Ақын апа Ақұштапты алға сала отырып жалпы қалам ұстаған қыз-келіншектерді еске алдық. Біразымен күллі шығармашылық ғұмырымызды қатар өткізіппіз. Кейбірі бұ дүниеден өтіп кеткен. Балалық шағымыз, яғни, біраз тақпақ жазып тұңғыш рет редакция табалдырығын аттаған 1964 жыл түсті еске. Алматы. «Қазақстан пионерінің» редакциясы. Әп-әдемі Рза Қунақова деген әпкеміз сол топтамамды алып қалып, жылы сөйлеп суретіммен газетке шығарды. Мектеп баласы үшін бұдан өткен қуаныш болар ма! Сол Рза әпкеме бір ауыз жылы сөзімді әне айтармын, міне айтармын деп жүргенде ол кісі дүниеден өтіп те кетті. Марқұм бір шұғылалы жан еді. Өлеңді қойып алғашқы әңгімелер жаза бастадық. Соларды оқып, ақыл-кеңес берген тағы бір әпкеміз Шәрбану Құмарова. «Мәдениет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы. Сөйтсем, бұл әпкеміз проза жанрына қалам сілтеген тұңғыш қазақ қызы екен. Бүгінде елге белгілі қаламгер. Төңірегіне тек шапағын шашып жүретін жан. Ақын құрдастары «желбіреген бар туға теңеген» Марфуға Айтхожина, Қанифа Бұғыбаева әпкелерімізбен кейінірек таныстық. Өлең деп соққан жетісулық Қанифа әпкеміздің де ғажайып жүрегі тоқтағалы да жылдар өтті. Алайда, Жетісудің жыр жалауын оның жерлесі Надежда тәтеміз Лушникова желбіретіп келеді. Кемтар аналар ұйымын құрып, солар үшін талмай тартысып жүрген Бибігүл Иманғазина әпкеміздің күрескерлігі таңғалдырады. Ал, прозашы Алтыншаш Жағанова болса, үлкен саясатқа кірісіп кеткелі қашан. Алматылық ақын Нәзікен Алпамысова, жазушы Кәмила Құдабаева. Осы қаламгер қыз-келіншектерге Алла қуат бергей! Ал қалам ұстаған қатар-құрбыларымыз қаншама! Тараздағы Күләш ақын, Шымкенттегі Ханбибі ақын, Астанадағы Шәрбану Бейсенова, Жұмагүл Солтиева, мәскеулік Тұрсынай Оразбаева, алматылық Мағира Қожахметова, Жадыра Дәрібаева, Үміт Тәжікенова, Надежда Чернова, маңғыстаулық Гүлжаухар Сейітжанова. Бұлар сөз өнеріне үлкен үлес қосып үлгерген қатар-құрбыларымыз. Мереке күні мерейлері үстем болғай! Олардан кейін қалам ұстаған қарындастарымыз қаншама?! Қыздардан сын әлемінде жалғыз көрінетін көрнекті сыншы Әлия Бөпежанова, күрескер ақын Айсұлу Қадырбаева, астаналық жазушы-драматург Роза Мұқанова, прозашы Айгүл Кемелбаева, алматылық танымал қалам иелері Гүлнар Салықбаева, Райхан Мәженқызы, Ләззат Омарова, Заря Жұманова, Гүлзат Шойбекова, Мақпал Жұмабай... бұл тізім ұлғайып кете береді. Поэзия майданына олардан да кейін қаншама жас тамаша ақын қыздар қосылды! 8 наурыз күні сөз өнеріміздің нәзік жанды өкілдерін құттықтай отырып, осынау дертке тең өнерді таңдаған аруларды аялайық, ардақтайық дегіміз келеді. Осы мақаланы жазуға қозғау салған Ақұштап әпкеміздің Оралдан телефон шалуы еді. Әдебиетке Ақұштап ақын біз мектепте жүргенде келіпті. Бұл 60-шы жылдардың ортасы болса керек. Өзі де, өлеңі де әдемі, ұзын бойлы, талдырмаш ақ сары қыз жұрт көзіне бірден түсіпті. Ал, ақын ағаларының сұлулық дегенде сыңғырлай жөнелетін сезімпаз жүректері болса, күміс қоңыраудай құлдырап теңселіп кетсе керек. Өлмес өлең жолдары болып төгіліпті. Сен маған душар болдың, Батқанда бақтар сырға, Мен саған сусар болдым, Қатқанда қақтар шыңға. Оралып өткен алдымнан, Оралдан ұшқан көк қаршыға. Бұл қоңыраулаған қай жүрек десеңіз, поэзия көгінен ерте ағып өткен жұлдыз ақын Төлеген Айбергенов жүрегі. Сұлулық аңсаған, бірақ соған қолы жете алмаған ақынның пұшайман жан жалыны. Ақын Ақұштап Бақтыгереева пешенесіне Раббысы қыз балаға, әйел адамға керекті ризықтың бәрін жазған. Сараңдық жасамаған. Талантты танымал ақын болу, ана болу, сүйікті жар болу бақытын жазған. Тек азамат ақын ретінде ғана оның кейде ащы дауысы Орал тараптан ауық-ауық естіліп қояды. Оны да түсінесің. Өйткені ол туған топырақ Әлия, Мәншүктерді тудырған топырақ қой. Тағы да Төлеген тілімен: «Ақын болу оңай дейсің бе, қарағым, ақын болу дегенің, аузында болу сыздаған барлық жараның» дейсің. Қалам ұстаған қыз-келіншектер... Оның ішінде журналист қыз-келіншектер қаншама... Бүгін Сіздердің мерекелеріңіз! Қалам ұстаған ер-азаматтар атынан Сіздердің жомарт жүректеріңіз ылғи да шаттық нұрына бөленіп, жүздеріңізден жәннат лебі есіп тұрғай дейміз! Нәзік саусақтарыңыздан сүйіп, мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы. АЛМАТЫ.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26