08 Наурыз, 2014

Орнын оңалтқан Орынша

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
СнимокАсылы, ел болмақ – Анадан ! Ел өссе де – анадан, беті аулақ , өшсе де анадан ! «Атқа мінсең, ей, қаған, жерді көрмейсің, таққа отырсаң, ей, қаған, елді көрмейсің! Атыңды жер, тағыңды ел көтеріп тұрғанын неге білмейсің!?» деген де біздің асыл аналарымыз! «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың» деген ұлы Абайдың сөзін санасына сіңіріп, айналасына ай мен күндей жарық сәуле шашып жүрген ана­лардың бірі – Орынша Биманова. Ол күні бүгінге де­йін ел жұртқа қа­йырымдылық жасаудан жаңылған емес. Бұл оның сом алтындай асыл қасиеті десек, жарасады. Орынша Ғиззатқызы – ісі – қайырымды, сөзі – мейірімді, жаны жомарт жайсаң жан. Оны қартайтпайтын да осы кісілік кел­беті болса керек. Оның өткен өмірі небір қиын­дыққа толы болса да ол қазақ­тың талай марқасқа ұлдарымен, аймаңдай қыздармен дәмдес, қадірлес, сыйлас, қызметтес болыпты. Олардың асыл қасиет­терін алып, өмір жолында шың­далыпты. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, әке-шешеден ерте айырылған Орынша Ғиззатқызы алғашында бірге туған бауыр­ларына қамқорлық жасап, оқы­тып ер жеткізеді. Кейін ондай қамқорлықты өзгеге жасайды. Құдай қосқан қосағы Жексен марқұмнан екі ұлы­мен қалған Орын­шаға тағдыр сал­мағы оңай ти­мей­ді. Бі­реуін же­тегіне, екін­шісін етегіне орап жүріп еңбек етеді. «Ер мен әйел тең болса, айы күндей өтеді, жалғыз қалса біреуі, іштей тынып оймен өтеді» дегендей отағасынан жастай айырылған Орыншаның тағдыры ағайын-туыстарын алаңдата бас­тайды. «Әйел қырық шырақты» демекші, тағдыр Орынғалидай азаматты кездестіреді. Орынша ошақ отын қайта жағады. «Жер­де бір жетім жыласа, көкте періштенің денесі түршігеді» деген үлкендердің өсиеті құлағына сіңген Орынша Орағаның кішкене екі қызына мейірімін төгіп, жекіріп жетімсіретпей бауырына басады. Дүниеге екі ұл әкелген Орынша мен Орынғали ерлі-зайыпты болып бақытты ғұмыр кеше бастайды. Қатал өмір-ай десеңші, «Қайта тудым, өмірге қайта келдім» деген Орыншаны тағдыр тағы сүріндіреді. Орағаның өмірі қысқа болады. Бір жығылып, бір тұрып өмір сынағына түскен Орынша өзінің ақылына, күш-қайратына сеніп есін қайта жиды. Әріптестеріне, достарына, туыстарына арқа сүйеді, еңбек етіп, ұрпағын жетілдіреді. Баяғыда бір қариядан бейтаныс біреу «Неше балаң бар?» деп сұрағанда «Құдай берген бес балам, құмай берген үш балам бар» депті. Құмай берген үш баласы бауырына басқан асыранды балалары екен. Бұл қазақтың тәмсіл сөзі ғой. Орынша алты баласын бір-бірінен айырған емес. Ол – қазір төрт ұл, екі қызын балапандай баулыған бақытты ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Ұлдары өсіп ер жетіп, қыздары өсіп бойжетіп білім алды. Мамандық иеленді. Ұрпақ өсіріп жатпен құда, құдағи болып сыйласу да бір бақыт емес пе!? Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ананың құдандалы ағайындары баршылық. Соның бірі – біздер. Екеуміздің тұңғыштарымыз жұптасып, өз алдына бір отау тікті. Жалпы, Орынша екеуміздің сырт келбетіміз де, тағдырымыз да ұқсас. Жас ерекшелігіміз алшақ болса да тату, сырлас, сыйлас жандармыз. Қиындыққа тайсалмай қарсы тұрып жеңе білген аяулы жанның өнегесі өзінің ізіндегі сіңлі-ке­ліндерге, жастарға үлгі. Орынша Ғиззатқызы ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы. Отыз жылдан астам кітапхана саласында еңбек еткен ананың бағындырған биігі, жеткен жетістіктері де бар­шылық. Аудандық, облыстық білім басқармасының марапат иегері. Бойында Домалақ-ананың әулиелігі, Бопайдың батылдығы, Айша Бибінің адалдығы, Зеренің парасаты, Бибігүлдің әншілігі, аттары алты алашқа танымал қазақтың аруларының асыл қа­сиеттері мол. Соның арқасында орнын оңалтқан Орынша аталып жүр. Сая КАРИМУЛЛИНА. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылы.