08 Мамыр, 2010

ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮС, КҮЙМЕЙСІҢ

1340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Тәуелсіздік сарайында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шара өтіп, мерекелік кеш “Ерлік пен бірлік – дәстүр сабақтастығы” концертіне ұласты. Тәуелсіздік сарайының іші әдет­тегіден өзгеше айшықталып, сахна төріне қос мерекені ұлық­тай­тын бейнелер бедерленіп, бір жа­ғы­на Ақорда мен Қазақ елінің қа­зіргі қайсар да сақ сарбаздарының қырандай тұлғалары тұғырға қонса, екінші қапталына 1945 жылғы Жеңіс парадындағы сардарлар кө­рі­нісі отты жылдар жаңғырығын ес­ке салып, ұрпақтар сабақтас­ты­ғын паш еткендей әсер қалдырды. Кеу­десі қаһармандық пен қайсарлық рухымен өрленген, кешегі Отан үшін от кешкен қаһармандардың жұрнағындай елестейтін майдангер ұрпақ пен бейбіт өмірде ел іргесі беріктігін белсене қорғаған қазақ сарбаздары қатар жайғасып, Отан деген ұлы ұғымның қай кезде де, қай буынның өкіліне де ортақ құндылық екені сезілді. Мерекелік кешті жүргізуші зал­ға ел Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың кіріп келе жатқандығын хабарлады. Қазақстанның Мем­лекет­тік туы сахна төріне көтеріліп, байтақ елдің көгілдір байрағы әс­ке­ри әуенімен асқақтай желбіреді. Қазақ елінің Әнұраны әуелеп, тәуел­сіздік рухымен жігерленген қарт майдангерлер мен әскери мәр­тебелері мемлекеттік наградалармен толықсыған жас сарбаздар сымдай тар­тылып, қазақ даласын асқақ­тат­қан сазды қосыла шырқаған. Қор­ға­ныс министрі Әділбек Жақсы­бе­ков қос мереке жайында баяндап өткеннен кейін (ведомство бас­шысының сөзі газетте жеке беріліп отыр — ред.), елдік пен ерлікті, қайсарлық пен өрлікті ұлықтайтын әндер ұлан-ғайыр далаға қанат қағып кете барды. Қорғаныс министрлігі орталық ансамблі, эстрадалық-симфониялық оркестрі, Б.Байқадамов атындағы хор ка­пелласы мен Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры хоры (дирижері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері А.Беляков) А.Александровтың әйгілі “Священная война” әнін шырқап, экраннан талай тағдырды от пен оққа ұшырған, адамзат та­рихында алапат жойқын шығы­ны­мен, қасірет-қайғысымен қан қақ­сатқан соғыстың солқылдаған жа­расы жарияланып жатты. Респуб­ликалық конкурстардың лауреаты Еркін Шүкімановтың орындаған Р.Елебаевтың “Жас қазақ” әні ар­қылы бұл майданнан қазақ халқының да аз қасірет тартпағаны баяндалды. Нұржан Бажекенов пен Олег Татамиров шырқаған Р.Бо­ран­баев пен Қ.Жұмағалиевтің “Батыр Бауыржан” әні кейінгі өсіп келе жатқан жас сарбаздарды қа­һармандыққа үндейтін, саналарын ширататын екпінімен ерекшеленді. КСРО-ның халық әртісі Әлібек Дінішев М.Төлебаев пен Қ.Ле­ке­ровтің “Тос мені, тос”, А.Новиков пен Я.Шведовтің “Смуглянка” әндерін қоңыр үнімен сызылт­қанда, тебіренбеген жан жоқ еді. Игорь Благодарный, Олег Татами­ров пен Мұрат Нұрғазиев, Д.Тух­манов пен В.Харитоновтың “День Победы” әнін орындап, кешегі оқ бораған отты жылдардың жаңғы­рығын еске салды. “Жас ұлан” мек­тебінің курсанттары Азат Ба­бажанов пен Әділет Құрмашов Н.Бекетаевтың “Жас ұлан” әнін үлбіреген үндерімен үзбей шырқап шықты. Құрама хор мен эстрадалық-симфониялық оркестр тартқан Т.Мұхамеджанов пен Ұ.Есдәу­ле­товтің “Заман-ай” әні қазақ дала­сының тағы бір қасіретінен сыр шертті. Мәдина Сәдуақасова мен Степанида Басюк А.Жұбанов пен Н.Баймұхамедовтің “Ақ көгершін” әнін “Елігай” балалар хорымен бірлесе шырқауы жастық үнінің жарық сәулесіндей төңірекке сәуле құйды. Қорғаныс министрлігі ор­талық ансамблінің әншілері Қайрат Жүнісов, Қайырбек Бердібай, Дәурен Байбөрінов қазақтың өзінің төл әскери әндер шеруінен үзінді ұсынды. Қарағанды қаласынан келген “Әуен” ансамблі І.Жақанов пен Қ.Бегмановтың “Теміртау түні” әнін селкеусіз сезіммен серпіле орындаған. Мақпал Исабекова мен Алмас Кішкенбаевтың Т.Мұхамед­жа­нов пен Қ.Әбіл жазған “Астана кеші” бір кездергі қиындық пен соғыс өртін ығыстырып, қазақтың кең сахарасында бой көтеріп келе жатқан еңселі қаласына назар тік­тіргендей еді. Қорғаныс министр­лігі орталық ансамблінің әншісі Ермұрат Зейіпхан “Көк тудың желбірегені” әнімен тәуелсіздік туын аспандатып, айбынды қазақ әскерінің айшықты нақыштарын әспеттеген. Құрмет қарауылы ро­тасы мен Республикалық ұланның президенттік үрмелі аспаптар оркестрі қару-жарақтарымен түрлі қызықты амалдарды алға тосты. Азамат Жылтыркөзов пен Игорь Благодарный Л.Хамиди мен Д.Әбі­ловтің “Отаным” әнін шырқаумен мерекелік кешті қорытындылап, Отан-Ана алдындағы қарыз бен парыздың әр сарбаз үшін биік құн­дылық екенін сездірген. Сарбаз­дар­ға самала кеште саумал әуен сыйлаған өнерпаздардың құрметіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан себет толы ықылас гүлі тарту етілді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.