Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2021

Шымкентте «Елбасы медалі» жастар бағдарламасының қатысушылары марапатталды

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте 200-ден астам белсенді жас «Елбасы медалімен» марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте «Елбасы медалі» жастар бағдарламасының қатысушылары марапатталды

Іс-шара Қазақстан жастарының Конгресі және «Елбасы академиясы» КҚ, Шымкент қаласы «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Биыл «Елбасы медалі» жастар бағдарламасына Қазақстан бойынша 10 000-нан астам адам қатысуға өтініш берген.

Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 1050 үміткер бағдарлама қатысушылары атанып отыр. Жоба барысында қатысушылар спорт, кітап оқу, волонтерлық және дарын мен дағды қалыптастыру секілді 7 бағыт бойынша өздерін дамытып, шеберліктерін жетілдірді.

Қатысушыларға тәлімгерлер күнделікті тапсырма беріп, оның орындалуын бақылап отырған. Нәтижесінде өздерін бірнеше ай әр түрлі бағытта сынаған 214 қатысушы медаль иегері атанды.

«Осы челленджге қатыса отырып, мен өзімді жетілдіріп қана қоймай, мүддесі мен мақсаты ортақ жаңа достар таптым. Ең алдымен, бағдарлама өзіммен күресуге және өзімді жеңе білуге үйретті. Мен күн сайын физикалық жағдайымды жақсартып, дағдыларымды дамыттым, айналамдағыларға барынша көмек бердім. Бастысы өзімше әрекет етуді үйрендім. Маған аталған бағдарлама қызықты әрі ұмытылмас тәжірибе сыйлады», дейді қола медальдің жеңімпазы Арай Қыдырбай.

 

Медаль иегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов және Арман Оспанов, Жазира Жаппарқұл, Дархан Асадилов сынды еліміздің спорт майталмандары марапаттады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2019 жылы белсенді, креативті және талантты жастарды қолдау бойынша «Еl Úmiti» бастамасын ұсынған болатын.