Тарих • 26 Желтоқсан, 2021

Достоевский және Семей

728 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Табаным тарих таңбасы қалған қосқабатты бөрене үйдің табалдырығына тигенде ХVIII ғасырдың табын сезінгендей болдым. Төрде көненің көзіндей оюлы, қою қоңыр түсті үстел, өрнекті орындықтар тұр. Қабырғадағы ағаш сағаттың тоқтап қалған тілі кемі екі ғасырды артқа тастаса керек.

Достоевский және Семей

Әр затты көзбен шолып өттім дағы, ортаңғы бөлменің терезесіне үңіле бергенімде «Достоевский осы әйнектен Ертістің сылдырын тыңдаған екен» деп саңқ етті музейдің экскурсоводы. Аралап жүргенім – Шоқан Уәлихановпен тонның ішкі бауындай дос болған жазушы Федор Достоевскийдің Семейдегі әдеби-мемориалдық музейі. Мен бас сұққан үйде жазушының екі жарым жыл өмірі өткен. Сол уақыт ішінде «Степанчиково ауылы және оның тұрғындары» мен «Ағайдың түсі» атты екі шығармасын жазған.Е

Кітап кеміріп өскенімізбен, Ф.Дос­тоевскийдің роман-әңгімелерін осы уа­қытқа дейін жата-жастана оқып көрмеппін. Семеймен байланысын, Шоқанмен дос­тығын, азды-көпті шығармаларын бір кісідей білеміз. Бірақ бодан болған елге деген кек пе, әлде қазақы тек пе, әйтеуір орыс жазушыларына аса құмартқан емес­піз. Мүлдем емес, мектеп қабыр­ға­сында А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Тол­стой, С.Есе­нин, Н.Гоголь сынды жазу­­шы­лар­дың әңгіме-өлеңдерін оқыдық, жат­тадық.

Жазушы, ойшыл, философ Федор Достоевскийдің өмір сүрген жерлерінде әлемге әйгілі жеті мұражайы болса, соның бірі осы – Семейдегі әдеби-мемориалдық музейі. Федор Михайлович екі жарым жыл тұрған бұл шаңырақ 1971 жылдың 7 мамырында ресми түрде музей болып ашылған. Оған дейін кітапхана-тұ­ғын. Сол заманда оқырмандар Ф.Дос­тоевскийдің шығармаларын сұраса, қор­да бірде-бір кітабы болмапты. Бұл ол­қылықтың орнын толтыру мақсатында кітапхана меңгерушісі Зинаида Фурцева белгілі жазушыларға, зиялы қауым өкіл­деріне хат жолдап, кітапхана қорын то­лықтыра бастайды. Кітап қана емес, жазушыға қатысты құнды жәдігерлерді де жинақтаған. Сөйтіп жүріп, музей ашуды ұйғарып, қара шаңырақты мұражайға айналдырған. Үйіндегі заттардың көбі Ф.Достоевскийге тиесілі болмағанымен, ХVІІІ ғасырдың жиһаздары. Сол заман­да рота командирінің қызы Зинаида Сытинаның айтуымен жабдықталыпты. Он жасар Зинаида әкесімен еріп, бұл үйге жиі келіп жүрген екен. Мәдени ошақтың ашылуына Ф. Достоевскийдің немересі арнайы келіп, семейліктерге, жалпы, қазақ халқына ризашылығын білдірген. Бірақ жазушы ұрпақтарының ешкімі қолына қалам ұстап, ата жолын қумаған.

 

К

Ату жазасына кесілген

...Музей үйдің төріндегі қон терімен қапталған орындыққа жайғаса кеткем. Шынтақ қойған үстелде Шоқан мен Федор Михайловичтің бірге түскен фотосы тұр. Жақтауға салып қойыпты. Шинель киген Шоқан жүдеңкі. Сапардан келген соң түскен суреті екен. Әрі соңғы суреті. Тарихтан білеміз, Шоқан Семейге жете салысымен, досы Федор Достоевскийдің үйіне асығатын еді. Екеуі дәл осы ша­ңырақта жез самауырдың шайын сораптай ішісіп, көрген-білгендерін айтысып, ұзақ әңгі­мелесетін. Ф.Достоевский шайды баппен өзі демдеген деседі. О заманда қаңылтыр сауыттағы шайдың қат кезі, ел ыдыстың ауызын кілттеп, кілтін мойындарына іліп алып жүріпті.

– Жазушы Ф.Достоевский үлкен отбасында дүниеге келген. Жеті баланың екіншісі. Алдында Михаил деген ағасы, өзінен соң іні-қарындастары болған, – деп музей экскурсоводы Мадина Шал­қарқызы қоңыр үйге жапсарлас салынған ғимаратқа жол бастады. Қабырға бойы­мен ілініп кете берген фотосуреттер, құ­жаттарды шы­ны­мен қаптапты. Арғы басында Ф.Достоевский мен Шоқан Уәли­хановтың гипстен құйылған кеуде мүсіндері ағараңдайды. Ортаға ұшы ұшталған бөренелерді тіктеп жинап, дуал тәрізді экспозиция жасапты. Тегі, жазушы жазасын өтеген абақтының макеті болса керек деп ой түйе, экскурсовод сөзіне құлақ түре соңынан ергем.

– Әкесі Михаил Андреевич бала тәр­биесіне жіті көңіл бөлген қатал кісі болыпты. Кешкі астан соң үстелдің екі басына май шам қойып, балаларына кітап оқып береді екен. Әсіресе, Ресейдің тарихын, Г.Державиннің шығармаларын көп оқыған. «Қай елде тұрып жатсақ, сол елдің тарихын, салт-дәстүрін білуіміз керек» деген ұстаныммен өмір сүрген. Балалары еңбекпен біте қайнасып өссін деп, қаладан 150 шақырым жердегі ауылдан ағаш үй сатып алған. Жазғы каникулда балаларын аналарымен сол үйге жіберіп отырған. Михаил өзі кедейлерге арналған Маринск ауруханасында жұмыс істеген болатын. Ол аурухана ғимараты Петерборда әлі де тұр. Төменгі қабатында Достоевскийдің музейі бар, – деген мұражай қызметкері қабырғадағы ескі фотосуреттерді нұсқады. – Федор 16 жасқа толғанда анасы жаман аурудан көз жұмады. Ал әкелеріне жеті баланы асырау қиынға соққан. Сол кезде қайын жұрты көмек қолын созған. Заң саласында қызмет ететін олар өте беделді адамдар еді. Михаилге «үлкен екі ұлыңды алып қалып, бесеуін біздің атымызға аудар» деген екен. Амалсыз әке келіскен. Өзіндегі екі ұлын әскери училищеге оқуға береді. Ол оқуға барған бала тегіс түсе бермейтін. Көбінесе тамыр-таныстың, бай-бағландардың балалары оқыған көрінеді. Алайда Федор барлық сынақтардан сү­рін­бей өтіп, оқуға түсіп кеткен. Ағасы Ми­хаил болса, денсаулығына байланыс­ты кері қайтуға мәжбүр еді, – деген Ма­дина Шалқарқызы сарғайған қағаздағы оқуға түскендердің тізімін көрсетті. Ф.Достоевский үшінші тұр. Әрине, бұл қағаз оқу орнынан берілген түпнұсқа емес, көшірмесі ғана. Жалпы, бұл музейде ба­тальон командиріне жазған рапор­тынан басқа жазушыға тиесілі басқа жәдігер жоқ. Тек өмірін баяндайтын көр­не­кіліктер, құжат көшірмелері, фотосу­реттер... Соның өзінде сол заманның рухын сезіндірмей қоймайды. Құдды бір Ф. Достоевскиймен тілдесіп, қатар жүргендейсің.

– Федор Михайлович әскери училищеде оқып жүргенімен, әдебиеттен алыстамаған, – деп жалғады әңгімесін экскурсовод. – Училищенің кітапханасынан француз тіліндегі кішкентай кітаптарды алып, қолы қалт еткенде қалтасынан шы­ғарып оқи беретін. Француз тілін үй­реткен де әкесі. Жас Федордың алғыр­лығы сондай, соңғы курста оқып жүр­генде Оноре де Бальзактың «Евгения Гранде» атты шығармасын аударған. Онысы кейін «Репертуар и пантеон» журналында жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына ие болған. Өкініштісі, Федордың қуанышын оқу орнына келген қара қағаз су сепкендей басты. Әкесі дүние салған екен. Қа­бырғасына батқан қайғы әдебиеттен алыс­татып жіберді, оқуын тастады. Араға уақыт салып, ағасынан жұбату хат алғанда ғана есін жиып, оқуын жалғастырған. Ойдағыдай училищені аяқтап, сол жерге жұмысқа орналасты. Бірақ бүйрегі әдебиетке бұрып тұратын еді. Дәл сол уақытта әдеби орта қалыптасып, әртүрлі ұйымдар құрылып жатқан. Сөйтіп, 1844 жылдың 19 қазанында өтініш жазып, жұмыстан босатылған.

Тәртібі темірдей жұмыстан өз еркі­мен шыққан ол В.Белинский құрған ұйым­ға мүше болады. Шығармашылық ортаға түскен жалынды жас бір демде «Бей­шаралар» романын жазып шыққан. Ав­тордың есімі осы романнан соң ха­лық арасында кеңінен танылады. Ба­лалар тақырыбында жазған шағын әңгімелері жарық көреді. Еңбегі елене бастаған соң Виссарион Белинский мен Федор Достоевскийдің арасында келіспеушіліктер, кикілжіңдер пайда болған. Әуелде В.Белинский әріптесінің «Бей­шаралар» романын оқып шығып таңдай қаққан еді. Қуанышын жасыра алмай, шығарманы Н.Некрасовқа да көрсеткен. Сонда Н.Некрасов «Жаңа Го­голь пайда болған екен» деп баға бе­ріпті. Ол уақытта Н.Гогольдің «Тарас Буль­басы», «Ревизоры» дүркіреп тұрған-тұғын. Кейін абыройы арта бастаған Ф.Достоевскийді көре алмады ма екен, кім білсін?! Федор Михайлович те көзқарасын бірден түсініп, М.Петрашевскийдің ұйы­мына ауысқан. Мұндағылардың бәрі әскери қызметте болған, саяси сауаты то­лысқан адамдар еді. Ұйым мүшелері үнемі халықтық мәселелерді талқыға салатын. Қай заманда да солай емес пе, ұйым алғаш құрылғанда-ақ Николай І өзінің тыңшысын мүше етіп кіргізіп қойған еді. Демек, ұйымдағы талқыланған тақырыптардың үтір-нүктесіне дейін жоғарыға жетіп отырған. Бірде халықты ушықтырмай, төңкеріс жасау туралы сөз болып, патшалыққа жетеді. Сол-ақ екен, бір-бір жарым сағат ішінде ұйым мүшелерін түгелдей дерлік тұтқындап әкеткен. Ешкім қашып үлгермеген. Сегіз айға созылған тергеуден кейінгі шыққан үкім – ату жазасы еді. Жазаға кесілгендердің бастарына қап кигізіп, енді мылтық кезене бергенде, Николай патша райынан қайтқан. Ол «Халық алдында атып тастасам, осы жерден төңкеріс басталып кетер» деп қауіптенген. Сөйтіп, 1850 жылдары әскери атақ-даңқтарынан, шендерінен айырылған ұйым мүшелерімен бірге Ф.Достоевский де төрт жыл каторгаға қа­малады. Ол тура­лы экспозициямыз осы, – деп әлгіндегі бөрене қоршауға таяп бардық.

Бөрене бөлменің қақ ортасында үш тақтайды біріктіре шегелеген жатын орын. Оның төменгі жағында шұбар жыландай аяққа салынатын шынжыр кісен жатыр. Көтеріп көріп едім, салмағы едәуір. Төрт жыл тұсаулы жүру үшін төзімнің өзі темір­дей болу керек шығар. Қолымдағы бұл темір кісен қамақтағы адамның аяғы­нан екі-ақ жағдайда шешіледі екен – қайтыс болса немесе абақтыдан босап шықса. Түрмедегі түнейтін орындары – биік дуалды қоршау ішіндегі қос барақ үй. Оның да шағын макеті арқылы қамаудағылардың жай-күйін сезінгендей болдым. Әй, бірақ жып-жылы музейде жүріп, Сібірдің қырық градус аязын сезіну қайда?! Айтқан ғой. Біздің түсімізге де кірмейтін шығар. Ләйім, осынау бейбіт күннен айырылмайық!

Ф.Достоевский өз күнделігінде каторганы «Өлілер үйі» деп жазыпты. Қапаста онымен бірге 400 адам отырған. Жазушы сол 400-ді суреттеп, мінездеме беріп, күн­делігіне түртіп жүріпті. Ал музей­дегі мынау тақтайшаларға солардың портреттері барельеф түрінде қашалған. Зер салып қарап шықсаңыз, бірі қайғырған, бірі мұңайған, енді бірі жылап жүр... Каторгада қалам ұстағандар ғана емес, аса ауыр қылмыс жасағандар да жазаларын алған. Қылқалам ұшынан шыққан суреттерге қарасам, Петров адам өлтіргені үшін отырса, Газин ұрлық жасап қамалыпты. Петерборлық суретшілер сыйлаған мұн­дағы портреттердің барлығы Ф.Дос­тоев­скийдің суреттеуімен жазылған. Сурет­тер еріксіз үңілдіреді, түңілдіреді. Аура­сы бөлек.

Сәл үнсіздіктен соң мұражай қызмет­кері танымдық әңгімесін қайта сабақтаған: – Абақтыда Інжілден басқа кітап болмаған­дықтан, Федор Михайлович соны оқи берген. Басқа кітап оқуға, жазуға тыйым салынған, – дей бергенде, күнделігін қалай жазды деп көкейге қона кеткен сұрақты көлденең қойғам.

– Ф.Достоевский түрмеге түскен соң талма ауруына шалдыққан. Сол себепті госпитальге барып, ем алып тұратын. Түсі­ністік танытқан медбике күнделікті ақ парақ алып келіп отырған екен...

Жазушы қарыздан

қалай құтылды?

– Жер бетіндегі тозақтай көрінген түрмеден жазушы 1854 жылы босатылған. Босатылғанымен, Семейге айдалған. Мұнда келген ол казарманың қарапайым күзетшісі болып еңбек етеді. Келе сала ағасына: «Жазық дала, өсімдік аз. Үне­мі құмды жел соғып тұрады. Азиат­тар көп, сау­да дамыған. Дегенмен «Се­мипалатинск» маған ұнады, қала туралы әлі де жазамын» деген мәтінде Семейді баяндап хат жазған. Ол заманда Семейде қазақтар, казактар, татарлар көп тұратын. Татарлар іргесі биік қос қабатты үйде тұрса, казактар кең үй тұрғызған. Ал қарапайым қазақ киіз үй тіккен.

Мұнда Ф.Достоевскийдің өмірі күрт өзгереді. Оған себеп, казармаға басшы болып Барон Брангель келген. Онымен Федор Михайлович достасып, жақсы араласып кетеді. Бірде Барон Меңдібай, Теңдібай деген қазақтардың үйіне қо­наққа бара жатып, Ф.Достоевскийді де ерте жүрген. Қазақтың шаңырағына алғаш барған Федор салт-дәстүр, әдет-ғұрып­тарына қызығушылық танытқан. Құранды орысшаға аударып оқыған.

Өміріне өзгеріс алып келген тағы бір жағдай – Семейде алғашқы махаббатын кездестірген, тұрмыстағы Мария Исаеваны. Тұрмыста болғанымен, екеуі жиі кездесіп тұрған. Бірақ Семейдегі бақытты күндері бұл жолы ұзаққа созыла қоймады. Исаевтар әулеті Ресейдің Новокузнецк қаласына қоныс аударған. Соның өзінде екеуі хат жазысып, хат алысып тұратын. Бірде Мария күйеуі қайтыс бол­ғанын айтып, хат жолдайды. Кішкентай бала­мен бөтен елде жалғызсырап қалға­нына налиды. Федор Михайлович бұл хатты оқи сала Барон Брангельдің есігін қаққан. Хатты оқытып, бірнеше күнге босатуын сұрайды. Новокузнецкке барып, Марияны алып келмек. Барон болса, айдауда жүрген адамды босатуға қатаң тыйым салынғанын алға тартады. Бірақ дос көңілін де қимайды. Махаббаттың құдіреті ме, алған беттен қайтпаған Федор «жібермесең Ертіске секіріп өлемін» деп шарт қойыпты. Амалы қалмаған басшы жауапкершілікті өз мойнына алып, рұқсатын берген. Ф.Достоевский бара сала Мариямен некелесіп келеді. Ол кезде неке кітабы өте үлкен болған. Себебі екі жақтың бүкіл өмірбаяны толықтай жазылған, – деп экскурсовод сөредегі ұзын-сонар мәтін жазылған қос парақты көрсетті. – Семейге қайтып келісімен екі қабатты бұрынғы пош­ташы Лепухиннің үйін жалдап тұрады. Бірінші қабатында қожайындары тұрса, екінші қабатын өздері жайлаған. Ауқатты әулеттен келген жарына барынша жағдай жасауға тырысатынын айтып, уәде берген. Дегенмен күзетшілік жұмысы үшін алатын 16 сом жалақының 8 сомы осы үйді жалдауға кетсе, 8 сомына өмір сүр­ген. Сөйтіп жүріп кітап жазуға кі­ріс­­кен. Бірде Семенов Тян-Шанский: «Сенің шы­ғармаларың аянышты, мұңды, ауыр. Дұ­рысы комедия жаз» деп қолқа салған. Оның сөзін жерге тастамаған ол «Степанчиково ауылы және оның тұрғындары» мен «Ағайдың түсі» атты шығармаларын жазып шыққан.

Музейде Шоқан Уәлиханов екеуінің достығына арналған бұрышты да бай­қадым. Бұрыш қана емес, ауласында екі достың қоладан соғылған мүсіндері алыстан менмұндалайды. Әуелде Шоқан екеуі Омбыда кадет корпусында оқып жүргенде Ивановтар әулетінде танысқан екен. Федор Михайлович Шоқаннан 14 жас үлкен болғанымен, екі ел азаматының достықтары берік.

Ф.Достоевский Семейде бес жыл тұр­ған соң Ресейдің басқа қалаларына айдалып, өз елі Петерборға жетіп тоқтайды. Үлкен қалада ағасы Михаил екеуі бірігіп, «Время» және «Эпоха» деген екі журнал шығарады. Журнал жұмысы жақсы дөңгелей бастағанымен, әйелі көз жұмып, жоспарларының тас-талқаны шыққан. Іле-шала үш айдан соң ағасынан айырылады. Журналдың шығуы да тоқтайды. Ағасының отбасына, Марияның жалғыз баласына көмектесу Ф.Достоевскийдің мойнында еді. Оның бәрі қаржылық қиындық туғызады. Оның үстіне Семейде картаға құмартқан ол шетелдерде жүрсе де ойыннан бас ала алмаған. Тарихи деректерді парақтап отырсам, құмар ойын­ның соңы қарызға кіргізгені туралы аз жазылмапты.

Тығырыққа тірелген күндердің бірін­де баспагер Ф.Стеловский «26 күн ішін­де жаңа роман жазып берсең, бүкіл қарыздарыңнан құтқарамын» деп уәдесін берген. «Ал белгіленген роман уақытылы аяқталмаса, авторы мен боламын» деп тығырыққа тіреген. Амалы қалмаған жазушы 21 жастағы Анна Сниткина есімді қызды көмекке алған. Соның арқасында уәделі мерзімде «Игрокъ» романын жазып шыққан. Қарыздарынан ойдағыдай құтылған. Романды аяқтаған соң көмекші қыз Аннамен шаңырақ көтеріп, төрт бала өсірген.

Жазуға қабілетті Анна Сниткина ал­ғаш шаңырақ көтерген күндерінен бас­тап, жары Ф.Достоевский туралы күн­делігін жаза бастаған. Федор Михай­ло­вич театрға, көрмеге барғанды жақсы көрген екен. Бірде дүбірлі көрмеге барып, «Қайсардың динары» деген картинаға ұзақ қарап тұрыпты. 1516 жылы Италия суретшісі Тициа­наның бұл туындысында қарапайым шаруа құдайға бақыр ұсынып тұрған көрініс қанық бояулармен анық жазылған. Неге ұзақ қарады десе, «Құдайға да ақша беріп, өз дегеніңді жасатуға бола ма?» деген екен. Кейін осы картина «Братья Карамазовы» романына арқау болған. Жалпы, Ф.Достоев­скийдің әлемге әйгілі бес романы бар – «Нақұрыс», «Бейшаралар», «Қылмыс пен жаза», «Албастылар» және «Ағайынды Карамазовтар».

Жазушы шығармалары шет тілдерімен қатар, қазақшаға да аударылған. Кітап­ханалардан Әлкей Марғұлан, Дулат Иса­беков, Сәйділ Талжановтар аударған әңгіме, романдарын табуға болады екен. Тағдырлы жазушының музейінен алған әсер ме, кітапхана сөресінен әлем оқыған романдары мен қазақшаға аударылған бірқатар шығармаларын көтеріп әкеткем. Оқып отырсақ, суреткер ғана емес, психолог жазушы дер едік. Адамның астаң-кестең жан дүниесіне үңіле білген. Сол үшін де жазушы қазасы қара ормандай оқырманының қабырғасына қатты батқан. Ақтық сапарға шығарып салғанында халық құрметі сондай, шыңылтыр аязға қарамастан көшеде ине шаншар орын болған жоқ. Оған да музейдегі тарихи фотосурет дәлел. Бұл 1881 жылдың 28 қаң­тары еді. Бар-жоғы алпыс жасаған жазу­шының жан дүниесінен шыққан шы­ғармалары оқырманын жоғалтпақ емес.