26 жастағы қостанайлық 20 желтоқсанда «Қостанай-Плаза» сауда орталығының бірінші қабатындағы ашық дәлізде шегенің үстінде 4 сағат бойы жалаңаяқ тұрды. Аталған іс-шараға Алматы қаласынан арнайы келген Дарья Ившина да қатысты. Екеуі шегенің үстіне сағат 10-нан 42 минут кеткенде шықты.
Давид осыдан 3 жыл бұрын Челябіде бір айлық кіші медицина маманы курсында оқып жүріп, садху тақтайын жасайтын кәсіпорынға уақытша жұмысқа кіріпті.
– Шеге қағылған тақтайдың үстіне ең алғаш сол жерде тұрып көрдім. Кейін Қостанайға оралған соң әрі қарай дамыта бастадым. 2019 жылы тұңғыш рет сауда орындарының біріне барып көпшіліктің алдына шығып, бір сағат жеке рекордыма қол жеткіздім. Бұл жолы 7 сағаттан кем тұрмауға бекініп келдім, – деді Давид.
Д.Асановтың сөзіне қарағанда, шегенің үстінде жалаңаяқ тұру медитация, психологиямен тығыз байланысты өнер екен. Мұны фитнес бағыттарының бірі – бұлшық етті созып, адамды икемді болуға бейімдейтін стретчинг жаттықтырушысы болып жұмыс істеп жүрген Дарья Ившина да растайды.
– Шегеде тұруға үйрететін арнайы мектептер бар. Жалпы, адамның жеті денесі бар, оның алтауы өте жұқа болады, қалыңы жетіншісі – физикалық дене. Шегенің үстіне шыққан адамның ментальды, эмоционалды және физикалық деп аталатын үш денесі шынығады. Ментальды дене дегеніміз біздің басымызда тоқтаусыз жүріп жататын ой-қиялымыз. Осылардың нәтижесінде эмоционалды немесе эфирлі дене пайда болады. Яғни адамның ішкі күйзеліс-қуанышынан тұратын жағымды немесе жағымсыз эмоция қалыптасады. Эмоция болып бекіген ой денеге тұрақтайды. Тән мұның бәрін жазып алады. Осы жазылып қалған нәрсені уақтылы сыртқа шығарып отырмасақ, мұның соңы ауруға, жүйке дертіне, күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін. Адам осылайша, өзімен өзі танысуды, өзінің ішкі әлемін тануды үйренеді. Біздің бетпердеміз басқа да, ішкі меніміз мүлде басқа болып шығуы мүмкін. Қолдан келгенше, осы екеуін үйлестіре білу керек, – деді Дарья.
Д.Ившина 2 сағат 22 минуттан кейін шегеден түсті. Ал Давид 4 сағатқа дейін шыдап тұрды. Алайда Қазақстан Рекордтар кітабының өкілі Бақытжан Тастүлековке хабарласып көріп едік, ол кісі қостанайлық үміткердің бұл еңбегі ресми рекорд ретінде тіркелмейтінін айтты.
– Қазақстан рекордтар кітабының ережесі бойынша адамның денсаулығына зақым келтіретін рекорд болса, біз оны тіркемейміз. Мәселен, үшкір шегенің үстінде тұрып табаны жарақаттанса, адамның денесіне де зақым келгені ғой. Біз адамның рухын көтеретін, биік жеңістерге жетелейтін рекордтарды ғана тіркейміз. Кітаптың 20 шақты адамнан құралған редакциялық алқасы бар. Олар өз сөзін айтады. Давид Асанов маған өзінің рекордын WhatsApp арқылы жібергеннен кейін, мен оны редакция алқасының чатына салып жібергем. Бірақ олар мақұлдай қоймады. Өйткені біз бұған дейін осыған ұқсас денсаулыққа қауіпті бір-екі рекордты тіркегенбіз. Осыдан кейін жұрттар әртүрлі рекордтарды ойлап тауып, не болса, соны ұсынып жатыр. Оларға қой демесек, бұл жақсы үрдіс емес. Сондықтан біз бұл рекордты тіркеген жоқпыз, – деді Бақытжан Тастүлеков.
Ал Д.Асанов алдағы жылдың күзіне дейін дайындығын пісіріп алып, қыркүйек айында тағы бір бақ сынап көрмек.