Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Өрт шыққан сәтте үлкендер өз шаруаларымен қалаға кеткен еді. Үйде қалған 4 балаға ес болатын ересегінің өзі сегіз жастағы бала. Лап еткен қызыл жалыннан қорыққан балақайлар сыртқа жүгіріп шығудың орнына бірін-бірі құшақтап үрпиісіп бір бұрышқа тығылып қалған. Сырттан көмек келмегенде мұның соңы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Абырой болғанда үйдің қабырғаларынан шығып жатқан қою түтінді сол маңайда ойнап жүрген №22 мектептің бесінші сынып оқушысы Олег Пирог байқап қалған. Олег бұл үйде кішкентай балалары бар отбасы тұратынын бұрыннан білетін еді.
– Мен күнде өзіміз сырғанап жүрген қар үйіндісіне шығып шатырдың жанып жатқанын көрдім. Қоршаудың тесігінен аулаға ендім. Осы сәтте үйдің ішінде қалған терезе әйнегін тақылдатып ұра бастады. Күртемді шешіп, қардың үстіне тастадым. Есік арқылы кіру мүмкін емес, лапылдап жанып жатыр. Одан кейін терезені итеріп ашып, ішке кірдім де, балаларды бір-бірлеп сыртқа шығара бастадым. Сәбилердің біреуі жалаңбұт екен, оған шалбарын тауып бердім. Төртінші баланы сыртқа шығарып жатқанымда бір ер адам келіп көмектесті. Ол сәтте қорқыныш деген нәрсе ойыма да кірмепті, бар ойым балаларды сыртқа шығару болды, – деді бала батыр.
Жанып жатқан үйдің түбінде жартылай қарға батқан газ баллондары тұр еді. Олег әлгі бейтаныс ер адаммен бірге бұларды да қауіпсіз жерге апарып қояды. Артынша періште қағып ажал аранынан аман қалған төрт баланың ата-анасы мен өрт сөндірушілер де жетеді.
Құтқару қызметі өртті жарты сағатқа жетпей сөндірді. Үй ішінде қалған балалардың денсаулығына ешқандай зақым келген жоқ.
Қостанай облысы