– Қазір Атырау қаласында 96 балабақша жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 46 мемлекеттік балабақшада 12 030 бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ 50 жекеменшік балабақшаға 4 455 бала барып жүр. Осындай 34 балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Енді, міне, мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беретін тағы бір балабақша іске қосылды. Бұл – осы ауылда тұратын отбасылар үшін үлкен қуаныш, – дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
Жаңа нысанның құрылысына демеушілік көрсеткен компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің мәліметінше, балабақшаның жалпы ауданы 2 785 шаршы метрді құрайды. Балабақша аумағында 14 топтық, денешынықтыру және жол қозғалысы ережелерін зерттеуге арналған алаң жабдықталған. Ғимаратта гимнастикаға, музыка сабағына, дене тәрбиесіне арналған залдар, сондай-ақ әмбебап үйірме бөлмесі бар.
– Біздің компания білім берудің сапасы мен қолжетімділігін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себептен, әр бала мен жасөспірімнің жеке қабілетін жетілдіру үшін бейінді дағдыларға оқыту, кәсіптік бағдарлау жобаларына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл көру қабілетінен айырылған және нашар көретін балаларға Брайль қарпін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде бірегей тренажердің көмегімен үйретуге көмектесетін Sezual жобасына қолдау білдірді. Тағы бір мысал – академик Қабдолов қорына көрсетілген қолдау. Бұл қор Қазақстанның барлық аймағында әлеуметтік желілердің көмегімен қазақ тілін үйренушілерді ынталандырып отыр, – дейді Р.Артығалиев.
Атырау қаласының «Береке» шағын ауданында жаңа мектептің бой көтергені тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің пікірінше, тәуелсіздік жылдарында білім беру саласына айрықша көңіл бөлініпті. Жыл сайын білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді.
– Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда облыста 95 мектеп пен 7 техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орнының ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Енді алдағы жылы 8 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасын табады. Өйткені біздің басты мақсатымыз – жас буынның алаңсыз, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау, – дейді М.Досмұхамбетов.
«Береке» – соңғы жылдары бой көтерген жаңа шағын аудан. Мұнда бірнеше көпқабатты үй салынып, тұрғындар саны артты. Бірақ шағын ауданда осы кезге дейін білім ошағы болған жоқ. Сол себептен, шағын ауданда тұратын отбасылардың 824 баласы қаладағы басқа мектептерде білім алып келген. Енді жаңадан ашылған 1 200 орындық мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектепте 360 орындық мәжіліс залы, асхана, жазғы спорт алаңы бар. Ал спорт залы бокс, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, кіші аяқдоп түрлеріне негізделіп салынған. Бұған қоса мектепте арнайы қауіпсіздік үшін бейнебақылау бөлмесі қарастырылған.
Исатай ауданында Жанбай деген ауыл бар. Каспий теңізінің жағалауына таяу орын тепкен ауылдың тұрғыны көп. Соған сай бой түзеп келе жатқан балалар саны аз емес. Ауылдың әлеуметтік мәселелері біртіндеп шешімін тауып отыр.
Жақында осы ауылда «Жалынды Құрылыс» ЖШС спорт кешенінің құрылысын аяқтады. Екі қабатты спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда бір мезгілде 300-ге жуық жасөспірім бокс, волейбол, баскетбол, каратэ, таэквандо, қазақ күресі секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады. Сондай-ақ ойлау қабілетін жетілдіретін тоғызқұмалақ ойыны үшін де жағдай жасалған.
– Елімізді әлемге танытып жүрген чемпиондарымыз алыстағы елді мекендерден көптеп шығып жатыр. Болашақта Жанбай ауылынан да Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары шығады деген сенімдеміз. Осы орайда енді ауыл балаларының спорттың бірнеше түрімен алаңсыз шұғылдануына толық мүмкіндік бар. Ауыл спортын дамыту үшін осындай қолдау шаралары жалғаса береді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов.
Атырау облысы