Руханият • 27 Желтоқсан, 2021

Қабдеш Жұмаділов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қабдеш Жұмаділов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Жазушы биыл 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жазушыны еске алу мақсатында қырық жылдан астам тұрған Жамбыл көшесі, 163-үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл үйде жазушының қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шоқтығы биік туындыға айналған құнды мұралары өмірге келді. Оқырман қауым жазушының «Тағдыр» романы арқылы шетелге ауған қандастар тағдырын таныса, «Соңғы көш» дилогиясы, «Дарабоз» тарихи романы мен көптеген әңгіме, повестері алыс-жақын шетелдердегі оқырмандар ортасына кеңінен танылған.  

Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген жазушының тырнақ алды туындылары Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталып, «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарық көрген-ді.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ашып, жазушы мұрасы хақында сөз сөйледі.

Салтанатты жиында жазушының жұбайы Сәуле Әукенқызы осы шараны ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығын білдіре келіп:  «Бүгін отбасымызда қуанышты, тарихи оқиға болып жатыр. Қабаңа арнап ескерткіш тақта орнатылды. Қабаң өте шыншыл, шынайы, әділ адам еді. Ойламаған жерден кетіп қалды...», деп атап өтсе, бұл күнді жиналған көпшілік «классикті еске алатын көрнекі құралдардың бастамасы» деген пікір білдірді.

Қаламгер қауым мен әдебиет сүйер оқырман қатысқан жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының  орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Жиын барысында ақын Темірхан Медетбек, жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек, философия ғылымының докторы, профессор
 Ұлықпан Сыдықов сөз сөйлеп, ақын Қасымхан Бегманов жазушы рухына арнаған өлеңін оқыды.

АЛМАТЫ