Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздікке тарту

4004 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профес­соры, белгілі абылайтанушы Зар­қын Тайшыбай Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғына арнап «Абылай хан тарихы» атты 3 томдық жинақ шығарды.

Тәуелсіздікке тарту

Онда Ресей архивтері мен Қазақ­стан қалаларындағы ханға қатыс­ты архив материалдары топтас­ты­рылған. Бұл – ғалымның көпжыл­дық еңбегінің нәтижесі. Бола­шақ абылайтанушылар архив шаң­дарын жұтпай, бір кітапқа шоғыр­ландырылған ханға қатысты мәлі­меттерді осы жинақтан таба алады.

Жуырда облыс орталығындағы ең үлкен мәдениет орны – Жас­өспірімдер сарайында кітаптың тұ­саукесер рәсімі болып өтті. Оны университет ректоры Ерлан Шо­ланов ашып жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде ректор бұл еңбектің СҚУ қабырғасында жарық көруі өздері үшін үлкен абырой екенін айтты. «Қазақ халқының мыңжыл­дық тарихында ел басқарған кө­сем­дер, сөз бастаған шешендер мен қол бастаған батырлар көп бол­ған. Елбасы Н.Назарбаев Абылай хан есімін жоға­ры бағалайды. Баршамызды Абы­лай хан рухы қолдап жүрсін», деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов өңір басшысының құттықтау хатын оқыды және ең­бектің маңыздылығына тоқталып өтті. «Мыңнан артық құжаттың басын құраған бұл еңбектің танымдық маңызы аса зор болмақ. Олар ұлы ханымызды бүгінгі және болашақ ұрпаққа жан-жақты танытады», деді ол өзінің сөзінде. Еңбектің маңыз­дылығы жөнінде СҚУ ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева, облыс­тық архивтің директоры Сәуле Мәлі­кова, тарих ғылымдарының кандидаты Сәу­ле Қартова, «Рухани жаңғыру» зерт­теу институтының басшысы Гүл­нар Ахметжанова және т.б. айтып берді.

Кітаптың тұсауын облыс әкі­мінің орынбасары Ғани Нығ­метов, облысқа белгілі азаматтар Құдай­берген Қалиев, Жомарт Омаров, Нағашыбай Барлыбаев, Кемел Оспанов және т.б. кесті.