Жыл сайын Алматыда 8-9 мамыр күндері БАҚ арасында шағын футболдан белгілі жазушы, спорт журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған турнирдің өтетіні белгілі.
Сейдағаңның туған күнінде жылдағы дәстүр бойынша қолына қалам мен микрофон ұстаған әріптестеріміздің арасында өтетін турнир биыл 15-ші мәрте жалауын көтерді. Бұл турнир журналистердің жылына бір рет әсем Алматының ашық аспаны астында доп теуіп, командаларының бағын сынап көру үшін асыға күтетін бәсекесіне айналғаны жасырын емес. Өйткені, күнделікті өмірде көп ретте қызмет бабы бойынша кездесетін әріптестеріміз үшін бұл турнирдің жасыл алаңда доп теуіп қана қоймай, бір-бірімен етене араласу үшін де маңызы зор. Сол көрініс биылғы бәсекеде де өз жалғасын тапты деуге болады. Осы жылғы турнирге “Қазақ газеттері” ЖШС құрамына кіретін бірнеше басылымнан тұратын құрама команда, “Егемен Қазақстан” газеті, “Қазақстан” ұлттық арнасы, “Хабар” телеарнасы сияқты ұжымдар мен басқа да газет-журналдарды қосқанда барлығы 15 команда қатысып, 2 күн бойғы кездесулер барысында бір-бірімен етене араласып, қызықты да тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Турнирдің ашылу салтанатында Сейдағаңның ұлы Заңғар Бердіқұл, “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры Жұмабек Кенжалин, “Жас Алаш” газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, “Алаш айнасы” газетінің бас редакторы Серік Жанболат пен басқа да БАҚ басшылары сөз сөйлеп, осы турнирдің мән-маңызы мен Сейдағаңның қазақ спорт журналистикасының қалыптасуына қосқан қомақты үлесі жөнінде айтты. Осыдан кейін сөз алған Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитеті, Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының басшысы Қайрат Жанпейісов пен оның орынбасары Алексей Крючков та турнирдің маңыздылығы жөнінде кеңірек мәлімет берді. Жеребе тартылып, ойын басталған соң, үш топқа бөлінген 15 команда арасындағы турнирдің бірінші күні әр топқа түскен 5 команда өзара кездесті. Мұнда жеңілгендері жарыстан шықса, ұпай саны бойынша алғашқы екі орынды иеленген командалар келесі айналымға жолдама алып жатты. Сөйтіп, турнирдің екінші күні “Егемен Қазақстан” газеті, “Қазақ газеттері” ЖШС, “Хабар” мен “Жас қазақ” командасы, “Алматы ТД”, “КТК-Караван”, “Қазақстан” ұлттық арнасының командасы екі топқа үш командадан бөлініп, жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл сында өзара кездесулер бойынша ең көп 11 ұпай жинаған “Қазақстан” телеарнасының командасы бірінші орынды, “Хабар-Жас қазақ” командасы екінші, ал үшінші жүлделі орынды “Қазақ газеттері” ЖШС ұжымы иеленді.
Сонымен бірге, турнирдің соңында ұйымдастырушылар тарапынан мына ойыншылар жекелеген номинация бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Мұнда үздік ойыншы атағына Шоқан Мақанов (“Қазақстан” телеарнасы) ие болса, үздік қақпашы болып Аршат Оразов (“Егемен Қазақстан” газеті) танылды. Ал турнирдің ең үздік шабуылшысы Жандос Айтбай (“Хабар” агенттігі), үздік төреші болып Бақытжан Нұрпейісов атанды. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі жыл сайын Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған турнирді өткізуге мұрындық болып келе жатқан белгілі азаматтар Ғазизбек Тәшімбай мен Альберт Озолды, ҰШКД директоры Қайрат Жанпейісовті бәсекені ұйымдастыруға зор үлес қосқаны үшін атаулы дипломдармен марапаттауды ұмытқан жоқ. Осы жерде белгілі спорт журналисі Рабат Жәнібековтің де турнирге қосып жүрген үлесін атап өтпеске болмайды. Ал жасыл алаңда өнер көрсеткен әріптестерімізге келер болсақ, биылғы турнирде өз жұмысында кәсіби біліктілігімен көрініп жүрген Шарафаддин Әмір, Мұхитдин Салқымбаев, Жарас Сәрсек, Срайыл Смайыл, Жанарбек Әшімжан, Саттар Ерназаров, Ғалым Сүлеймен, Ержан Байтілес, Төлеубек Қадырмолла, Шалқар Естен, Ерік Рахым, Ақын Ордабайұлы, Амангелді Сейітхан, Асқар Тұрапбайұлы, Қайрат Мамырбаев, Есей Жеңісұлы сияқты әріптестеріміздің жасыл алаңда да өз ойын өрнегімен көзге түскендерін атап өткеніміз жөн.
Дастан КЕНЖАЛИН.
АЛМАТЫ.