Қоғам • 28 Желтоқсан, 2021

Төрт баланы өрттен құтқарған Олег Пирогқа көлік мінгізді

4220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы саяжайлардың бірінде өртке оранған  үйдің ішінде қалған төрт баланы құтқарған 5-сынып оқушысы Олег Пирогқа ерлік пен қайсарлығы үшін Алғыс хат жолдады. Олег Қостанайдағы №22 орта мектепте оқиды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төрт баланы өрттен құтқарған Олег Пирогқа көлік мінгізді

Президенттің Алғыс хатында: «Өзіңнің жастығыңа қарамастан, сен нағыз үлкен ерлік жасадың! Ажал аранында қалған өзіңдей өрімдей жас  балаларға дер кезінде ойланбастан көмекке ұмтылып, батылдық пен шынайы қаһармандықтың үлгісін көрсеттің! Үлкен қайғы-қасіретке  жол бермедің», – деп жазды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатын батыр балаға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов табыс етті. Сондай-ақ, Олег Пирог Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, ал Олегтің анасы Валентина Пирог осы министрліктің Алғыс хатымен марапатталды.

Мемлекет басшысының үндеуін «Allur» Компаниялар тобы да қолдап, жас қаһарманға Қостанайдағы «СарыарқаАвтопром» серіктестігінде жасалған «Chevrolet Nexia» автомобилін мінгізді.

дж

– Біздің Президентіміз қазақстандықтардың осындай ерлік істерін әрдайым көре біледі және бағалайды. Қазақ жері қашанда батыр ұлдарымен даңққа бөленген. Жап-жас баланың өзі біліп жасаған өнегелі ісі – үлкен-кішіге бірдей үлгі, таңғалуға тұрарлық нағыз ерлік екені сөзсіз, – деді «Allur» КТ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Андрей Лаврентьев бұл сыйлық Олег Пирогтың ерлік әрекетін жоғары бағалаған кәсіпорынның барлық қызметкерлерінің атынан екенін атап өтті.

ы

Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов ерлікті дәріптеп, батыр балаға көлік сыйлаған кәсіпорын басшылығы мен Олег Пирогтың ата-анасына алғыс айтты.

Бұдан бұрын облыс әкімі өрт салдарынан баспанасыз қалған Өмірзақовтар отбасына Қостанай қаласындағы 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын.