Қоғам • 28 Желтоқсан, 2021

Ғұлама

653 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен ұлы ойшыл, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы әлемдік деңгейде кеңінен аталып өтті. Ұлы ғұламаның осы мерейтойының біздер үшін ерекшелігі – Әл-Фарабиді әлем жұртшылығы толықтай қазақ жерінің, қазақ елінің тұлғасы ретінде толық қабылдауы. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев: «...Дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес капиталы болып саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр», деген болатын. Осы орайда Әл-Фараби есімі қазақ елі үшін ұлттық бренд болып табылады. Осындай ұлы тұлғаны қазақ еліне, қазақ жеріне жеткізген, биыл туғанына 115 жыл толып отырған ғұлама ғалым Ақжан Жақсыбекұлы Машанов еді.

 

Ғұлама

Тектілердің жалғасы

Ақжан Жақсыбекұлы Машанов 1906 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Жазушы І.Есенберлиннің «Қаhар» романындағы Масан – Машан би Ақжан­ның атасы еді. Бала Ақжан бастауыш класта Ахмет Байтұрсыновтан дәріс ал­ған. Білімін Қарқаралыдағы Әлімхан Ерме­ков ұйымдастырған педтехникумда жалғастырған. 1934 жылы ашылған тау-кен металлургия институтының алғашқы студенттерінің қатарында болып, 1939 жылы үздік аяқтап шықты. Институттан соң, Орталық Қазақстанда геологиялық отрядтың бастығы қызметі­не кірісті. Ізденімпаздық пен терең білім негізінде өндірісте өз кәсіби шебер­лігін шыңдай түсті. Қажырлы еңбектің нәтижесінде екі полиметалдық қазба орны: Ақбастау және Құсмұрын кен орындарын ашты.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған­да аспирант А.Машановты Риддер руд­ни­­гіне маркшейдер жұмысына жібер­ді. Өйткені соғыс қорғасын өндіруге зор қа­жет­ті­лікті тудырды. Ал Риддер кен орны қорғасын өндіруде негізгі кеніштің бірі еді. Соғыс кезеңінде он оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан жасалғаны белгілі.

Жас ғалым А.Машанов өндірісте өз ғылыми ізденістерін жалғастырып гео­логиялық құрылымның механикалық әсерін зерттеді. Ғылымның геология, тау-кен, физика-математика салаларын терең меңгерген А.Машанов осы үш бағыттың негізінде жаңа ғылым саласы – геомеханика негізін қалыптастырды. Қазіргі уақытта геомеханика ілімі тау-кен саласында ғылыми-практикалық тұрғыдан кеңінен қолданылуда, дамуда. Осы бағытта А.Машановтың орыс және шетел тілдерінде жарыққа шық­қан монографиялары таптырмас ғы­лыми-методологиялық құралға айналды, жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланылуда. Мысалы, Мәскеудің тау-кен университетінде Ақаң­ның кі­таптары оқу процесінде кеңінен қолда­нылатынына өзім осы университет­те аспирантура, докторантурада оқығанда куә болған едім. Ақаңның ғылыми жетіс­тіктерінің әлемдік деңгейде мойын­да­луы­ның көрінісі – 1965-1966 жылдары Алма­тыда, Лиссабонда геомеханикадан халық­аралық конференциялардың өтуі еді.

Қазақстан ғылымының негізін са­лу­­шылардың бірі А.Машановтың ғы­лым тарихын зерттеу және оны наси­хат­тау­дағы алатын орны ерекше. Ол еліміз­де ғылыми-танымдық, ғылы­ми-фантастика­лық жанрдың негізін қалаушы ғалым. 1946 жылы Қ. Сәтбаев­пен бірге Қазақстанның Ғылым академиясын құруға атсалысты, осы академияның ал­ғаш­­қы мүшелерінің бірі болды. 1945 жылы Абайдың 100 жыл­дық мерей­тойында Қаныш Сәтбаевтың ұсыны­сымен «Абайдың ғылыми мирасы» тақырыбында баяндама жасады. Ұлы Абайдың шығармашылығын терең түсін­ген Ақаң кейін: «Егер Абайды жақсы білмесем, Әл-Фарабиге бара алар ма едім» деп ағынан жарылуы осыдан болса керек.

Ғылыми тұрғыдан ежелгі қазақ же­рін­де көне заманда кен-қазба, металлургия өндірісі болғанын дәлелдеп, бірнеше мақала, кітап шығарды. Кеңестік идеологияға қайшы келетін Ақаңның ғылыми тұжырымдамалары оны «ұлт­шыл­дық пиғылда» деп «қара тізімге» енгіз­гені белгілі. Егер сол кезде 1953 жы­лы И. Сталин дүниеден өтпегенде, Ақжан Жақсыбекұлының болашағы неғайбыл болар еді.

Қазақ тау-кен металлургия институ­тының (қазіргі Сәтбаев университеті) түлегі профессор А.Машанов осы уни­­­вер­­ситетте 58 жыл қызмет атқа­рып, оның жарты мерзімінде өзі құр­ған «Марк­шейдерия» кафедрасын бас­қарды. Елімізге мыңдаған инженер марк­шейдерлерді, 30-дан артық ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады. Өз саласында бірінші болып қазақ тілінде алғашқы оқулықтар жазды. Тау-кен, геология маманы, профессор А.Машанов «Әл-Фараби және қазіргі ғылым» атты монографиясында жаратылыстануды «кристаллдар призмасы» арқылы ғылыми методологиялық тұрғыдан жаңа­ша түсіндіреді. Ғылымның бірнеше саласын біріктіретін бұл іргелі, құнды еңбек елімізде өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

 Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз Ақжан Машанов 10 монография, 5 оқулық, 300-ден астам ғылыми мақала, 8 ғылыми танымал және көркем әдеби шығар­маны бізге мирас қылып қалдырды.

 Әл-Фараби жолында

Ақжан Жақсыбекұлы өзінің Әл-Фарабиді зерттеуді қолға алуын мынадай себептермен түсіндіреді. «Шығыстың Аристотелі атанған Әл-Фарабиді туған елінің білмеуі қалай, зерттемеуі қалай? Расында біз кембағал болғанымыз ба? Осы ой, халық намысы маған маза бермеді. Осындайда менің жан дүниемде бір адам отырған сияқты...». Ол маған «...Несіне басқаларға кінә қоясың, өзің отырсың емес пе? Баста, бірақ ойыңда болсын, Әл-Фараби барлық өмірін хақтың ісіне жұмсаған, ол әулие. Онымен айналысам деген адам соның өзіне ұқсап бағуы керек. Осыны қабыл аласың ба?» дейді. «Аламын» деп, Ақаң өзіне зор мін­дет алып, Әл-Фарабидің өмір жолын зерт­теуге осылай кіріседі.

 Тұтас бір ғылыми зерттеу институты­ның жүгін өзіне артқан Ақаң жүйелі түрде Әл-Фарабидің еңбектерін жинақтаудан бастайды. Қазақстан жерінен Әл-Фараби­дің ешбір ізін таба алмаған соң ол бас­қа қала­­лардан, шетелдерден іздеуге кі­рі­с­е­ді. Мәскеу, Ленинград кітапха­нала­ры­нан аздаған еңбектер табады. Ерте­де ірі медреселері болған Ташкент, Уфа, Қазан қалаларына өзі барып Әл-Фарабидің бірнеше еңбектерін табады. Халықаралық кітапханааралық биб­лиографиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып бірнеше шетел кітапханасынан Әл-Фарабидің он шақты шығармасының көшірмелерін және де оның еңбегін зерттеген ғалымдардың дүниелерін жи­нақ­тайды. Сонымен қатар шетелге іс сапармен шыққан отандық ғалымдарға өтініш жасай жүріп, Әл-Фарабидің сол жақта шыққан еңбектерін алдырады. Мысалы, академик Сайын Балмұханов Түркиядан, академик Шахмардан Есенов Канададан Әл-Фараби еңбектерін елге жеткізген.

 А.Машановтың ендігі мақсаты Әл-Фараби еңбектерін аудару, насихаттау, зерттеу, ғылыми айналысқа түсіру болды. Осы мәселелерді шешу үшін 1960 жылы Академия президенті Қаныш Сәтбаевқа өтініш-анықтама хат жазады және «Орындалсын» – деген шешім қабылдайды. Бірақ Қаныш Иман­тайұлының қайтыс болуына байланысты көтерілген мәселелер кезінде шешімін таппады. Тағы да бір күрделі мәселе, сол жылдары, Қазақстанда араб тілін үйрететін, зерттейтін ешқандай орын болмады және де араб тілін білетін мамандар жоқтың қасы еді.

Осындай қиындықтарға кездескен Ақаң барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, бастаған ісін жалғастыруға толық бел буады. Алдымен араб тілін меңгеруге кіріседі. Сол кезде Ақаңның жасы елуден асқан еді. Мешіт жағалап сондағы молдалардан араб тілінен дәріс алады, арабша білетін адамдарды аударма ісіне тартты. Атеистік қоғамда белгілі коммунист ғалымның мешітте жүруі кейбір адамдарға ұнамаса керек. «Басында сәлдесі бар біреуді ғалым деп басқа көтеріп жүр. Онысы діншіл молда болуы керек. Оны мешіт молдалары қостап жүр... Бұл өте қауіпті. Тоқтатпаса, Машановты жауапқа тарту керек» деген домалақ арыздарды Ақаңа қарсы қардай жаудырды.

 Әл-Фарабидің Сирияда, Дамаскіде жерленгенінен хабардар Ақаң оның зиратын тауып, белгі қойсақ, біз Әл-Фарабидің нағыз мұрагері болар едік-ау деп армандайды. Алайда оның шетелге шығуына кедергілер аз болмады, тек Дінмұхамед Қонаевтың тікелей араласуымен ғана туристік топтың қатарында 1968 жылы Сирияға жол тартты. Сол сапарда елімізден бірінші іздеуші болып, Дамаскіде кезінде патшалар, пайғамбардың жақындары жерленген Баб-ас Сағир зиратынан Әл-Фарабидің қабірін тауып, туған жерінен топырақ табыстап, белгі орнатады.

 А.Машановтың 1960 жылы Қ.Сәт­баевқа жазған хаты тек 1968 жылы іске асып, фарабитану академияның жоспарына енеді. Оған дейін барлық Әл-Фарабиге байланысты зерттеу жұмыстары Ақаңның өз бастамасымен, өз қаржысымен жүргізіліп келген еді.

1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның ғылымдар тарихына ар­нал­ған Халықаралық конгресінің 13 мәжі­лісінде Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойы қашан, қай жерде, қандай деңгейде өткізу мәселелері қаралған болатын. Ең қызу талас тудырған мәселе –  осы іс-шараның қай жерде өтуі. Осы сұ­рақ­тың қай ел пайдасына шешілуі шынтуайтына келгенде, Әл-Фарабиді, сол елдің өкілі ретінде ЮНЕСКО дең­гейінде мойындау еді. Сөз кезегінде араб елдерінен, Өзбекстаннан сөйлеген ғалымдар өздерінің уәждерін дәлелдеп бақты. Араб тілінде сөз сұрап, сөйлеген Ақаң: «Әл-Фарабидің туған қаласы Фараб-Отырар, елі Қазақстан» дей келіп, қазақ ғалымдарының баба мұрасын игерудегі игі істерін атап шығады. Осы мәжіліс қарсаңында Ақаң Әл-Фараби мұрасына арналған 32 зерттеуді шыға­рып үлгерген-ді. Оның ішінде таным­дық екі монографиясы жеке кітап болып шыққан. Осындай нанымды сөздің, қомақты істің нәтижесі ретінде форумның мынадай шешімі шықты. «Әл-Фараби ұлы ғалымдар санатында халықаралық тізімге кіргізілсін. Оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Қазақстанда, 1975 жылы 8-13 қыркүйекте Алматыда өтсін...». Бұл Әл-Фарабидің қазақ ұлтының дара перзенті екендігін әлемдік деңгейде ресми тану еді!

 

Ұлы баба даңқы –
ел игілігіне

Қазіргі уақытта әр мемлекет әлем­дік кеңістікте өзінің лайықты орнын алу мақсатында жан-жақты өз сая­сат­та­­рын жүргізуде. Негізгі мүдде – жағым­ды имидж арқылы ел дамуына инвестиция­лар тарту, ел беделін көтеріп, халық­аралық қауымдастықта өз ықпалын арттыру. Бұл мақсатта «жұмсақ күш» әлеуеті өте тиімді пайдаланылуда. Осы бағытта Қытай – Конфуций, Германия – Гете, Ұлыбритания – Британ кеңесі, Ресей «Россотрудничество» инс­ти­тут­тары арқылы өз саясаттарын жүргізуде. Осы орайда Әл-Фараби­дің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында шетелдерде ашылған Әл-Фарабидің 14 орталығын жоғарыда көрсетілген институттар мәртебесіне көтеру арқылы Қазақстанның әлемдегі ықпалын арттыруға болатынына көзіміз жетіп отыр. Оған себеп, қай ел болсын Әл-Фарабиді Шығыс пен Батысты жақындатқан өркениет философы ретінде қабылдап, ешбір қаржы талап етпей орталықтардың ашылуын қолдауы.

Осы уақытта Қазақстан қаржысына салынған ұлы бабаның Дамаскідегі кесенесінің құрылысы толық аяқталып, бос тұр. Осыған байланысты кесенені Қазақстанның тарихи, мәдени, ғылыми-зерттеу, оқу орталығына айналдыру мақсатында Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетіне беру тура­лы ұсыныс жасалған еді. Әл-Фараби кесенесіне өте таяу жерде ұлты­мыз­дың тағы бір тарихи тұлғасы – сұлтан Бейбарыстың мавзолейі, кітапханасы орналасқан. Бұл ғимараттар қазақстандық қаржыға жөндеуден өткен. Халқымыздың екі ұлы тұлғасының орталықтарын ел игілігіне дұрыстап пайдалана білсек, оларды елімізге теңдесі жоқ рухани қызмет атқаратын, түркі, ислам, жалпы әлем елдері үшін екінші Меккеге айналдыруға болар еді.

Қазіргі таңда, елімізді жоғары тех­но­логиялармен қатар, биік адами құн­дылықтар үйлесім тапқан озық, қуатты мемлекетке айналдыру ұлы ойшыл­дың жерлестері үшін күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы бағытта ұлы бабамыздың есімі Елбасы атап көрсеткендей, еліміздің алға ілгерілеуіне көп септігін тигізетініне көзіміз жетіп отыр. Алғашқы қазақстандық «Әл-Фараби 1», «Әл-Фараби 2» наноспут­никтерін ғарышқа ұшыру барысында Үндістан аэроғарыш ұйымынан, АҚШ-тағы Илон Масктың Space-X компанияларынан жақсы қолдау тауып, Әл-Фараби тұлғасына, қазақ еліне деген шынайы қызығушылықты байқадық.

Дамыған елдерде ғылыми техноло­гия­лық алқаптар сол елдердің даму­шы күшіне айналып отыр. Осы мақ­сат­та Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың қол­дау­ларымен жасалған «Әл-Фараби ғылыми технологиялық алқабы» жобасы көптеген елдердің назарын аударып, қолдауын тапты. Сауд Арабиясының білім министрі Хамад бен Мухаммед Аль аш-Шэйх: «Әл-Фараби есімімен, ғылыммен байланысты жобаларды біз әрқашанда қолдаймыз» деп, жобамен танысуға өз орынбасарын Алматыға жіберген еді. Ал белгілі түрік бизнесмені Осман Мимарсинаноглы: «Мен біраз жасқа келдім. Мен үшін Әл-Фараби алқабы жобасы инвестиция жасайтын соңғы жоба болмақ, бірақ әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіретін Әл-Фараби университеті, осы жоба мен үшін өте маңызды» деп 1млрд доллар тұратын келісімшартқа қол қойған еді.

Ғылым мен технологияның бұрын-соңды болмаған даму биігіне көтерілуі мен рухани адамгершілік болмыс арасындағы қарама-қайшылықтарға куә болудамыз. Осы орайда тек адами капитал ғана емес, жаңа технологияларды туындататын зерттеу университеттерінің атқаратын рөлі ерекше болмақ. Әл-Фарабидің қайырымдылық идеясы негізінде жасалған университеттердің жаңа буын моделі «Университет 4.0» Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде таныстырылып, қолдау табуы ғұлама ілімін қазақстандық жоба ретінде әлемдік деңгейде насихаттауға зор мүмкіндік тудырып отыр. Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының қорытынды жиналысында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш өз үндеуінде «...Біз қазір орасан зор қиын­дықтармен бетпе-бет кездесудеміз. Жаһандық ынтымақтастық бізге оларды жеңуге көмектеседі. БҰҰ-ның мәні осында..., мен адамдардан бірігуді сұраймын» деген сөздері Әл-Фараби ілімімен тікелей үндесіп жатыр. Осы жиында сөз алған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд Драммондтың «Егер Әл-Фараби қазіргі заманда өмір сүрсе, сөз жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымын басқарған болар еді», деуі Әл-Фарабидің әлемдік деңгейдегі беделінің бүгінгі заманда қандай биік екендігін дәлелдейді. Міне, ұлы бабаны туған еліне қайтаруға бүкіл өмірін сарп еткен, заманымыздың ғұламасы Әл-Машанидің арманы іске асты деуге болады.

 

Ғалымқайыр МҰТАНОВ,   

ҰҒА вице-президенті, академик