Әлем • 29 Желтоқсан, 2021

Демократияның басты міндеті

852 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

МАДРИД. Либералды демократия әлі де тірі, бірақ әлсіреп қалғанының белгілері айқын көрінеді. Freedom House мәлі­мет­теріне сүйенсек, әлемде 15 жыл қатарынан жаһандық де­мо­кратиялық кері кету үрдісі жүріп жатыр.

Демократияның басты міндеті

Авторитаризмнің күшеюімен күресу үшін АҚШ президенті Джо Байден жақында 100-ден астам мемлекет басшысын жа­һан­дық деңгейде демократияны нығайтуға бағытталған виртуалды саммитке шақырды. Мен қатарлас испандар үшін де­мократияның құндылығын көрсетуге жеткілікті себеп бар. Өмірімнің бір бөлігі Франсиско Франконың диктатурасы тұсында өткендіктен, ел үшін ашықтық пен өркендеуді таңдаудың ма­ңы­зын жақсы түсінемін. Ис­па­ниядағы La Transición деп аталатын режімді диктатурадан кон­ституциялық демократияға өзгерт­кен саяси процесс жаңа өкілді институттардың құрылуын, әлеуметтік мемлекеттің дамуын және Еуропамен тізе қосуға бастаған тарихи ерлік еді.

Бірақ демократияны мо­раль­дық, әділ және практикалық сая­си жүйе ретінде қорғау ха­лық­­аралық аренада демократия мен автократия арасында қақ­тығыс бар деп қарастыруға мәж­бүр­ле­ме­уі керек. Өйткені әртүрлі сая­си жүйесі бар елдердің нақты жа­­һандық мәселелерді шешу үш­ін бас қосуының еш айыбы жоқ. Ең бастысы, мұндай жиындар түйткілдерді шешуге үлес қо­сады.

Демократия Саммитіне қаты­су­­шылар адам құқықтарын қор­ғау секілді аса маңызды мәсе­ле­лерде табандылық танытуға уәде бергенімен, бұл шараның нәтижесінен гөрі символдық мәні ерекше. Бұған Байденнің Тай­ваньды жиынға шақыру тура­лы шешімі дәлел. Бұл қадам Қы­тай­м­ен шиеленісті күшейт­пе­се, азайтқан жоқ.

Екінші жағынан, қазіргідей бол­жам жасау қиын, қауіпті әлем­де тиімді жаһандық басқару қа­жет­тілігі бұрынғыдан да өзекті. Өткен ғасырда пайда болған ядролық қауіптен бөлек, қазір кибершабуыл, миграциялық қарулану, әскери технологияға инвестицияның артуы және жасанды интеллекттің зияны секілді қиындықтармен күресуіміз керек.

Байден ұйымдастырған саммит секілді әлемді идеологиялық жағынан бір-біріне қарама-қарсы екі лагерьге бөлу үлкен геосаяси тәуекел әкеледі. Еркін елдер мен автократиялық мемлекеттер арасындағы бөліну жаһан­дық мәселелерді шешу немесе бас­қа­руға арналған негізгі халық­ара­лық ұйымдарға да әсер етуі мүмкін.

Мысалы, Дүниежүзілік сауда ұйымы түрлі экономикалық жүйе­лерді қабылдайтын халық­аралық сауда ережелерін құра алмауының салдарынан бұрын­ғыдай жұмыс істеуін тоқ­татты. ДСҰ-ға мүше елдер­ді де­мо­кра­тия­лық және демок­ра­тия­лық емес деп идео­логия­лық тұрғыда бөлу шешім табуды қиындатады.

Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы эконо­ми­калық тайталастың ауыр салдарын болдырмау үшін бұл дау­ларды шешу өте маңызды. Екін­ші дүниежүзілік соғыстан кейін көпжақты жүйені құру та­ри­хи жетістік еді. Бірақ оның инс­титуттарында өзара тәуелді, күр­де­лі және динамикалық әлем­мен күресу үшін құралдар жоқ.

Коронавирус дағдарысы мұны анық көрсетті. Адамзат ін­дет­­пен күресуге дайын емес. Ал Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қаржы жетіспеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығаратынын жариялағанда, ұйымның ең ірі салымшысы Билл және Мелинда Гейтс қоры ғана болатын еді.

Демек демократиялық елдер басқа мемлекеттермен идео­ло­гия­­лық айырмашылығын атап көр­сетудің орнына, олардың өзде­рі және әлем алдындағы жа­уап­­кершілігін мойындауы керек. Атап айтқанда, олар өзде­рі­нің ішкі және халықаралық заң­ды­лығын қалпына келтіру үшін екі маңызды міндетті шешуі керек.

Бірінші міндет – ішкі эко­но­микалық теңсіздікті азайту. Демократия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық өсу мен қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етуге көмектескен әл-ауқат мемлекетін құру арқылы өзін көрсетті. Бірақ бұл кейінгі кезде үлкен сәтсіздіктерге ұшы­ра­ды. 2008 жылғы жаһандық қар­жы дағдарысы мен коронавирус пандемиясынан қатты әлсіреді.

Қоғамымызды сипаттайтын әлеуметтік-экономикалық тең­сіз­діктер демократияға қауіп төн­діреді. Өйткені барған сайын бө­лек өмір сүру ұжымдық саясатты қиындатады. Сайып келгенде, тең­сіздік азамат ретінде әрекет ету қабілетімізді бұзады. Көптеген елдегі демократияның әлсіреуі азаматтардың наразылығын туындатады. Олар саяси жүйенің экономикалық қауіпсіздік пен өмір сүру деңгейінің құлдырауын қалпына келтіре алатынына сені­мін жоғалтқан. Соның сал­да­ры­нан саяси көңілсіздік попу­лис­­тік ұлтшылдықты қолдаудың не­гі­зі­не айналады.

Демократиялық елдердің екін­­­ші міндеті – дамушы мемле­кет­тердің одан әрі дамуы үшін қа­жет­ті әлеуметтік-эконо­ми­ка­­лық жағдайларды жасау­ға жетекшілік ету. Бұл дамушы елдерде де­мо­кратиялық құндылықтарды ұста­ну­ды жеңілдетуі мүмкін.

Жаңа Omicron нұсқасының жылдам таралуы көрсеткендей, коро­навирус вакциналарын әлем­­де тең таралуын қамта­ма­сыз етуге моральды да, прак­ти­­­калық та мүмкіндігіміз бар еке­нін көрсетті. Африкада вакци­на­лау деңгейі өте төмен. Бай демократиялық елдердегі көп­те­ген азаматтар қазір вак­ци­на­ның үшінші дозасын ала алады. Бірақ африкалықтардың тек 8 пайызы ғана толық вакцина салдырған.

Оның үстіне, ең осал елдердегі адамдарға екпені жылдам жет­кі­зу­ден өткен демократияның жарнамасы жоқ. Әлем халқының 70 пайызын вакциналау G7 елдері ішкі жалпы өнімі көлемінің 0,13 пайызын ғана құрайтынын ескерсек, бай демократиялық елдерде халықаралық аренадағы абыройын арттырудың ерекше мүмкіндігі бар.

Демократиялық мемлекеттер дамушы елдерге «жасыл» экономи­ка­ға көшуге бөлген қар­жы­ларын толықтай беру ар­қылы одан әрі беделін нығайта түседі. 2009 жылы Копенгагенде өткен Бірік­кен Ұлттар Ұйымы­ның Кли­­маттың өзгеруі жөніндегі кон­­ференциясында ең бай мемле­кет­тер дамушы елдерге зардаптарды азайту және бейімделу шы­ғындарын өтеуге көмектесу үшін жылына 100 миллиард доллар бө­луге уәде берді. Бірақ эконо­ми­касы дамыған елдер сөзінде тұр­ған жоқ.

2020 жылғы президенттік сай­лау науқанында айтқан Демо­кра­тия саммитін шақыру туралы уәдесін орындау арқылы Байден өзінің Трамп емес екенін көрсетті. Бірақ бұл жеткіліксіз болуы мүм­кін. Идео­логиялық тұрғыдан пікір­лес адаммен жұмыс істеу өте күр­де­лі. Дүниетанымы басқа, тіпті өз көзқарасына қайшы ке­летін адаммен мұны істеу әлде­қай­да қиын.

Демократияны нығайту қа­жет­ті екеніне қарамастан, іргелі құндылықтарымыз ең өзекті жа­һан­дық сын-қатерлерді шешу үшін басқа елдермен жұмыс іс­теуге кедергі болмауы керек. Де­мо­кратия осыны талап ететі­ні­не шын жүректен сенемін.

 

Хавьер СОЛАНА,

ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы жоғары өкілі, НАТО-ның бас хатшысы және Испанияның сыртқы істер министрі қызметін атқарған, EsadeGeo – Жаһандық экономика және геосаясат орталығының президенті және Брукингс институтының құрметті қызметкері