Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

Олег Пирог Президенттің Алғысхатын алды

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы саяжай­лардың бірінде өртке оранған үйдің ішінде қалған төрт баланы құтқарған 5-сынып оқушысы Олег Пирогқа ерлік пен қайсарлығы үшін Алғысхат жолдады. Олег Қостанайдағы №22 орта мектепте оқиды.

Олег Пирог Президенттің Алғысхатын алды

Президенттің Алғысхатында: «Өзіңнің жастығыңа қарамастан, сен нағыз үлкен ерлік жасадың! Ажал аранында қалған өзіңдей өрімдей жас балаларға дер кезінде ойланбас­тан көмекке ұмтылып, батылдық пен шынайы қаһармандықтың үлгісін көрсеттің! Үлкен қайғы-қасі­ретке жол бермедің», деп жазды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың Алғысхатын батыр балаға облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов табыс етті. Сондай-ақ Олег Пирог Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, ал Олегтің анасы Валентина Пирог осы министрліктің Алғысхатымен марапатталды.

Мемлекет басшысының үндеуін Allur компаниялар тобы да қолдап, жас қаһарманға Қоста­най­дағы «СарыарқаАвтопром» серіктес­тігінде жасалған Chevrolet Nexia автомобилін мінгізді.

– Біздің Президентіміз қазақ­стан­дық­тардың осындай ерлік істерін әрдайым көре біледі және бағалайды. Қазақ жері қашанда батыр ұлдарымен даңққа бөленген. Жап-жас баланың өзі біліп жасаған өнегелі ісі – үлкен-кішіге бірдей үлгі, таңғалуға тұрарлық нағыз ерлік екені сөзсіз, – деді «Allur» КТ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Андрей Лаврентьев бұл сыйлық Олег Пирогтың ерлік әрекетін жоғары бағалаған кәсіпорынның барлық қыз­мет­керлерінің атынан екенін атап өтті.

Аймақ басшысы Архимед Мұ­хам­бетов ерлікті дәріптеп, батыр ба­лаға көлік сыйлаған кәсіпорын бас­шы­лығы мен Олег Пирогтың ата-ана­сына алғыс айтты.

Бұдан бұрын облыс әкімі өрт салдарынан баспанасыз қалған Өмірзақовтар отбасына Қостанай қаласындағы 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен болатын.

 

Қостанай облысы