Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2021

Полипропилен зауытының негізгі құрылысы мәресіне жетті

831 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақта Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ЖШС-нің газ-хи­миялық кешені орналасқан. Қазір мұндағы полипропилен шы­ға­ратын кешенде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, алдын ала іске қосу-реттеу жұмыстары басталды. Енді мұнда аталған отандық өнімнің 65 түрлі маркасын шығару көзделіп отыр.

Полипропилен зауытының негізгі құрылысы мәресіне жетті

KPI ЖШС-нің басқарма төра­ға­сының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтің айтуынша, кешен құрылысын жүзеге асырған Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС «Самұрық-Қа­зына» АҚ құ­рамына кіреді. Ал 2018 жылғы қор компанияны «Қаз­МұнайГаз» ҰК» АҚ-ға сенім­гер­л­ік басқаруға берді.

Бұрын елімізде дәл мұндай жоба іске асырылған жоқ. Осы тұрғыдан айтқанда, мұның еліміз үшін де, отандық мұнайгазхимия өнеркәсібі үшін де ең ірі жоба екені даусыз. Өйткені аталған жобаны жүзеге асырумен бірге «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ мұнай­газхимия саласын игеруге нық қадам жасап отыр. Демек, бұдан былай отан­дық ком­пания көмірсутек шикізатын терең өңдеуді бастайды. Бұл – тек Атырау өңірі үшін ғана емес, еліміз үшін де жоғары экономикалық әрі әлеуметтік маңызы бар жаңа мұнай-газ химия саласы. Жаңа салаға салынған әр доллар отандық экономикаға қосымша 2-3 доллар пайда әке­ле­ді. Ал іргелес салаларда 7 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.

– Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 29 мың тоннадан астам металл құрылғылары құрастырылып, 165 мың текше метрден астам бетон құ­йыл­ды. Кешен аумағына 2,5 мың шақырым кабель мен 261 шақырым технологиялық құбыр желісі тартылды. Бас мердігер – қытайлық CNCEC компаниясы, құрылыс-монтаж жұмыстарына 40-тан астам қазақстандық ком­па­ния қатысты. Алайда құ­ры­лыс жұмыстары қызған кезде коронавирус пандемиясы басталып, карантиндік шектеулер енгізілді. Шекаралар жа­былып, дайындаушы зауыттар жұмыстарын тоқ­тат­ты. Дегенмен біз құрылыс жұ­мыс­тарын тоқтатқан жоқпыз. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» АҚ басшылары құрылыс жұ­мыс­тарын жалғастыру үшін қа­был­даған шешімдерімізге қол­дау білдірді. Биыл шілдеде кешенде Karabatan Utility Solution ЖШС-нен басты қосалқы стан­са­ға электр энергиясын, кейін бас­тапқы тұзсыздандырылған, мине­ралсызданған және техни­калық суды қабылдау бастады. Ал қараша айында азот пен құрғақ сығылған ауа берілді. Осы­лай­ша, кешенде іске қосу-реттеу жұ­мыс­тарына, іске қосу және өн­ді­ріске қажетті бар­лық ресурсты қабылдауды сәтті жүргізілді, – дейді басқарма төра­­ғасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов.

Оның дерегіне сүйенсек, кешенге технологиялық қондыр­ғы­ларды орнату үшін полимер өнді­­рі­сіне лицензия беретін Lummus Technology Inc компаниясы­мен (АҚШ) келісімшартқа қол қо­йыл­ған. Бұл – әлемдік жетекші компа­ния.

Кешен құрылысын жүргізуге жалпы ауданы 193 гектар учаске бөлінген. Бұған қосымша көлік байланысына арналған темір жол, станса, сұйытылған пропанның құю эстакадасы, автомобиль жолы бар.

Кешендегі полипропиленнің 65 түрін шығаруға қажетті бас­ты шикізат – пропан. Қазір «Теңіз­шевройл» ЖШС игеріп жат­­қан ең ірі кеніштің бірі – Теңіз кенорнынан жеткізілетін пропан үшін арнайы эстакада, сақтау паркі салынды. Кешен аумағына пропан темір жол ар­қы­лы вагон-цистерналармен жеткізіледі. Арнайы эстакадада америкалық EMCO WHEATON компаниясының саңылаусыз пропан құю жабдығы орнатылыпты. Ал эстакадаға жеткізілген шикізат италиялық SIAD компания­сы­ның компрессорлары арқылы зауыт қондырғысына айдалады. Эстакадада тәулігіне шамамен
2 300 тоннаны құрайтын 72 вагон-цистернадағы пропан құйылады.

– Бізде әр іске машықтанған, техникалық қауіпсіздіктің жауап­кер­шілігін, өзіне жүктелген мін­дет­­ті терең түсінетін маман­дар шоғыры көп. Мәселен, темір жол эстакадасында жұмыс істейтін операторлар ең басты шикізатымыз – пропанды құйып алудың қыр-сырын меңгерген. Кейін шикізат газ қауіпсіздігін анықтайтын жүйемен жабдықталған пропанды сақтау паркіне айдалады. Әрі қарай пропилен алу үшін пропанды дегидрлеу қондырғысына жіберіледі. Ал полимерлеу қон­дыр­­ғысында соңғы өнім – полипропилен алынады. Жаңа өнім шығаратын кешен­нің қуаты – жылына 500 мың тонна полипропилен. Машина құ­растыру, медицина, электроника салаларындағы негізгі шикізат са­налатын полипропиленді қап­тау материалдары, ыдыс­тар мен жіптер, құбырлар мен тұр­мыс­тық электроника, халық көп тұ­ты­натын тауарлар, жиһаз өнді­ру үшін қолданылады, – деп түсін­дірді зауыттың бас инженері Денис Козырев.

KPI ЖШС-нің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімовтің дерегіне сүйен­сек, пропанды сақтау пар­кін­де Оңтүстік Кореяда жасал­ған үлкен төрт резервуар бар. Оның әрқайсысының ұзындығы 42 метр, сыйымдылығы 2 500 текше метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыруға Siemens, MAN, SGS, Air Liquide, Mitsubishi сияқ­ты әлемдік көшбасшы компаниялар қатысты. Қондырғылар мен жабдықтарды дайындаушы зауыттардың бас инженерлері жоғары технологиялық жабдық­тар­ды іске қосу, зауыт операторларын жаңа жабдықтармен жұмыс іс­теуге оқыту үшін Атырауға ке­ліпті.

КPI жобасындағы заманауи тех­но­логиялар кәсіпорынның то­лық­тай цифрланған зауытқа айна­луына мүмкіндік береді. Қой­мада жүргізілетін операция­лар, өнімді қаптау, сақтау, авто­көлік­ке немесе темір жол көлігіне тиеу сияқты жұмыстар адамның қатысуынсыз арнайы робот тех­ни­каның көмегімен жүзеге асырылады. Мамандандырылған ақпа­рат­тық технологиялық ше­шім­дер мен корпоративті жү­йелер дайын өнімді соңғы тұ­ты­ну­шыға жет­кі­зуге дейінгі барлық мәліметті жо­ға­ры дәл­дік­пен жүр­гі­зеді.

– Қазір бұл кешеннің Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Мұнда әлемдегі полипропилен өнімінің 1 пайызы шығарылады. Жаңа өнім бірінші кезекте отан­дық тұтынушыға жіберіледі. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Түркия, Еуропа елдеріндегі тұтынушының сұранысымен экспортқа шыға­ры­ла­ды. Зауыттың технологиясы барлық экологиялық талапқа сай екені сараптаулар арқылы нақ­тыланды. Барлық зиянды қос­па­дан тазартылған пропан алдымен пропиленге, кейін өндірістік тізбек бойынша полипропиленге айналады. Бұл процестер кезінде күкіртсутек, күкіртті ангидрид және хош иісті көмірсутек тәрізді зиян­ды заттар пайда болмайды, – дей­ді Дамир Әшімов.

Кешенде технологиялық про­цес­­­терге қажетті айналма сумен қам­ту жүйесі қолданылады. Кa­ra­­batan Utility Solutions ЖШС тазар­­ту қондырғысының ағын­­дар­­­ды толықтай тазалау және қай­­та пай­далану жүйесі есе­бінен су­ды пайдалану көлемі аза­йып ке­леді.

Мұнай химиясы саласының ірі өкілі СИБУР компаниясымен жо­ба­ны жүзеге асыру бойынша қол жет­кен стратегиялық серіктестік ма­ңызды қадам болып табылады. Серік­тес компанияның тәжірибесі мен құзыреті «ҚазМұнайГаз» ком­па­­ниясына қазақстандық өнімді жаңа нарыққа шығаруға жол аша­­ды.

 

Атырау облысы