«Жасыл» технологияға негізделген жаңа кәсіпорындағы өндірістік желілердің бәрі әлемдік стандарттар мен санитарлық талаптарға сай. Комбинаттың автоматтандырылған қасапханасынан бөлек етті сүйегінен ажыратып, сіңірінен сылып алатын дербес цехы, сорпалық сүйек алатын, таза етті өңдейтін, дайын өнімді орайтын, қалдық өңдейтін арнайы цехтары бар. Шикі ет пен дайын өнімді сақтайтын тоңазытқыш бөлмелері де бөлек орналасқан. Зауытқа әкелінген шикізатты ең алдымен осындағы зертхана мамандары ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізеді.
Заманауи кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – мұндағы өндірістік желілер электр қуаты мен табиғи газдың күшімен баламалы түрде жұмыс істей береді. Ең бастысы, мұнда бауыздалған малдың қанын құйып алу, өндірістік қалдықтарды жою сияқты жұмыстардың бәрін ақылды құрылғылар атқарады. Тіпті биоқалдықтарға дейін өңделіп, кәдеге жаратылады. Мұндағы өндіріске «Халал» жүйесі мен ҒСС – ас өнімдері қауіпсіздігі жүйесі енгізілген.
– Ғимараттың, цехтардың ішін тазартатын құрылғы да автоматты түрде жұмыс істейді. Кәсіпорынның өзі қаладан 1 шақырым қашық жерге орналасқан. Мұның бәрі айналамыздың ластануына жол бермеуге, қоршаған ортаны таза ұстауға мүмкіндік береді. Біздің кәсіпорын эмиссия бойынша 1 класты қауіпсіздік талаптарына сәйкес жұмыс істейді. Сонымен қатар біз облыс көлеміндегі шаруашылықтар мен жеке тұрғындардың да малын сойып, жіліктеп бере аламыз, – деді Beef export group серіктестігінің директоры Александр Пархоменко.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында қолға алынған айтулы жобаны іске асыруға бас-аяғы 7,2 млрд теңге жұмсалған. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мамандары жаңа комбинат өңірде өндірілетін ет өнімдерінің көлемін 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді деп отыр.
Ет комбинатында 250 адам жұмыс істейді. Мұндағы автоматтандырылған өндірістік желі тәулігіне мың жарымнан астам ірі қара етін өңдей алады. Алдағы уақытта өндірістік қуатын толық пайдалану үшін кәсіпорын жергілікті фермерлердің сыртында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы шаруашылықтардан мал сатып алуды көздеп отыр.
Қостанай облысы