Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2021

Күй күймесі мәреге жетті

581 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Қазақ ұлттық өнер университеті дәстүрлі музыка­лық өнер факультетінің ұйымдастыруымен күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдық мерейтойы құрметіне «Әсем Қоңыр» атты шығармашылық кеш өтті.

Күй күймесі мәреге жетті

Қазақ даласында өшпес із қал­дырған күйші-композиторлар қатарында Дина Нұрпейісованың есімі ерекше сүйіспеншілікпен аталады. Күйші Дина өзінің бұл өнер­ге құштарлығын бір естелігінде: «Құр­манғазының күйлерін бала кезімнен естіп өстім. Бірде әкем күйшіден менің орындауымдағы күйлерді тыңдап, шеберлігімді ұштауға көмектесуін, ұстаз болуын өтінді», деп еске алады. Тоғыз жасында әкесінен үйренген ән-күйлерді меңгеріп, қасиетті қара домбыраны жанына серік еткен Динаны жұрт сол кездің өзінде-ақ «домбырашы қыз» деп атап кеткен еді.

Күйшінің тырнақалды «Бұл­бұл», «Байжұма», «Көгентүп» күйлері өзегінен Батыс өңірі күй­шілік дәстүрінің сарқылмас сарыны айқын сезіледі. Жастайынан Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты дәулескер күйшілердің мектебін меңгерген дарын иесіне Құрманғазыдай ұлы күйшінің бата беруі тегін болмаса керек-ті. Оның: «Домбыраны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал», деген ақыл-кеңесінен шәкіртінің домбыра тартысына айрықша мән берген ұстаз ұлағатын аңғару қиын емес. Динаның репертуарында тек Құрманғазының ғана емес, атақты Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей мен Баламайсаң сынды дала данышпандарының шығармалары да көптеп кездеседі. Күй дүлдүлі шеберлігін шың­дау мақсатында көптеген өнер са­йыстарына қатысып, қазақ ұлт­тық күй өнері үлгісінің үзілмей жалғасуына айтарлықтай үлес қосты. Күй орындаушылардың кейінгі өскелең буынына қасиетті қара домбыраның қоңыр үнін, халық композиторларының озық дәстүрін табыс еткен ғажайып дарын иесі мерейтойында орын­далған шығармалар да сыңғыр­лаған сыршыл үнімен жан баурады.

– Шығармашылық кешті өт­кізудегі мақсатымыз – мерекені жоғары деңгейде атап өту, күй­ші мерейтойын ойдағыдай қоры­тындылау, халқымыздың дәс­түрлі музыкалық аспаптық мұра­сын ұлықтап, өскелең ұрпақты да­лалық өркениеттің дауылпаз рухында тәрбиелеу, сонымен қатар музыкалық-педагогикалық білім беру саласында орындаушылық дәстүрдің қалыптасуы мен дамуын әрі қарай лайықты жалғастыру, – дейді Домбыра кафедрасының меңгерушісі, «Мәдениет сала­сы­ның үздігі» Батырлан Әбенов.

Өнер кешінде университет ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева күйшінің өшпес өнері мен өнегелі ғұмы­ры туралы баяндады. Күйшінің шөбересі, «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев осы бағытта атқарылған іс-шаралар үшін Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне, Композиторлар ода­ғына, Күйшілер одағына, Қазақ ұлт­тық өнер университетіне, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Д.Нұр­пейісова атындағы академиялық колледж­ге, сондай-ақ Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы өнер шығармашылығы ұжымына алғыс білдірді. Күйші апамыздың мерейтойына арналған мерекелік тартулар әңгімеге арқау етілді. Соның бірі, астанадағы күйші Дина көшесі бойында бой көтерген, тұлға бейнесі шынайы бедерленген еңселі ескерткіш деуге толық негіз бар. Белгілі мүсінші Жалын Бауырқанның бұл туындысы күй анасына ғана емес, жалпы қазақ халқының өнеріне, соның ішінде күйдің құдіретіне көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.

Жалпы, биыл 100-ден аса түрлі деңгейде іс-шара өткізілсе, соның төртеуінің ғылыми-тәжірибелік және теориялық конференцияға арналуы күйші мұрасын зерттеп, зерделеу ісінің ілгерілей түскенін айғақтайды. Мұнымен қатар күй бұлбұлына арнап үш кітап жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Күй анасы Дина» (авт. Т.Қуанышев), «Дина Нұрпейісо­ва» (авт. А.Ситалиев, А. Үлкенбаева), «Дина, Әсем Қоңыр» (авт. К.Са­харбаева). Бұл кітаптардың бар­лығы заманауи талаптарға сай сан­дық форматта кюар кодтармен, электронды флешкалармен басып шығарылған.

Тағы бір айрықша атап өте­тін жайт, «Дегдар» қоры өткізген қайырымдылық шарасы барысында шеберлерге арнайы тапсырыс­пен жасатылған 160 домбыра өнер мектебі түлектері мен аз қамтыл­ған отбасыларындағы өрендерге «Астана Опера» театрында салтанатты жағдайда табыс етіл­ді. «Казақконцерт» бірлестігімен бір­ге ұлт-аспаптар оркестрлерінің және күйшілердің арасында челлендж ұйымдастырылып, оған 10-нан аса өнер ұжымы мен 20-ға жуық күйші қатысты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», тағы да басқа басылымдар мен интернет беттерінде 75-ке жуық мақала, сұхбат жарық көрді. Батыс Қазақстан облысының Жана­қала ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айт­жан Тоқтағанның төрағалығы­мен Д.Нұр­пейісова атындағы респуб­ликалық күйшілер байқауы өткі­зіліп, жас күйшілер өнеріне қам­қорлық көрсетілді. «Күй анасы» қоры шеберлер қолынан шыққан су жаңа домбыраны 30-ға жуық жас күйшіге табыс етті. Белгілі композитор, қобызшы Әлқуат Қазақбаев қобыз бен фортепианоға арнап музыкалық шығарма жазса, ақын Айбатыр Сейтақ өлең арнады.

– Дина Нұрпейісованың со­ңында қалған мол мұрасы әлі де тынымсыз зерттеуді қажет етеді. Апамыздың асыл мұрасы тура­лы дүниелер алдағы уақытта зерт­теуші-ғалымдардың құнды еңбек­терімен мұнан да молыға түседі деген үміттеміз. Сонда ғана ерекше дарын иесінің күмбірлеген күй-ғұмыры жарасымды жалғаса бермек. Сонымен бірге күйші Динаға орнатылған ескерткіш­тің маңындағы алаңды келешекте Күйшілер аллеясы деп атау­ды ұйға­рып отырмыз, – дейді Т.Қуанышев.

Өнер кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Ғылы­мовтың дирижерлігімен Қаз­ҰӨУ-дің халық аспаптар ор­кес­трі күйші Динаның інжу-мар­жан күйлерін орындады. Белгілі күйші Ш.Әбілтай, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Т.Әліп­баев, Қазақстанның ең­бек сі­ңір­ген қайраткерлері А.Ах­ма­диев, А.Мұздаханова, халық­ара­лық байқаулардың лауреаты А.Тоқтаған, республикалық бай­қау­лардың лауреаты М.Рысқалиев орын­­дауындағы жауһар туындылар маржан сыры түбіне шөк­кен теңіз тектес терең әлем – күй құдіретіне барынша бас игізді. Студент-жастар күйші Дина шы­ғармашылығына арналған кітап және домбыра көрмесінен көп мағлұматтарға қанықты. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбай жүргізді.