Үкімет • 29 Желтоқсан, 2021

Нығматуллин Мәжілістің 2021 жылғы жұмысын қорытындылады

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин биылғы жалпы отырыста Палата депутаттарының 2021 жылғы жұмысының қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нығматуллин Мәжілістің 2021 жылғы жұмысын қорытындылады

Мәжіліс Спикері атап өткендей, осы сессия басталғаннан бері Мәжіліс жұмысында 80 заң жобасы болды, оның 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілді, 25 заңға ел Президенті қол қойды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиясын және ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды реформаларын заңнамалық қолдау үшін Мәжіліс депутаттары осы сессияның басынан бастап бірқатар жаңа заң жобаларын әзірледі. Олар, ең алдымен, экономиканы қалпына келтіруге, елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды дамытуға және, әрине, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы мәселелердің барлығы өзекті күн тәртібін қалыптастырады және еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін болады», деді Нұрлан Нығматулин.

Осы сессияда Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобаларының ішінде - адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы, Құқық қорғау органдары, прокуратура мен сот арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырататын үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша заң жобалары бар.

Мемлекеттің экономикалық саясатын заңнамалық қамтамасыз ету одан әрі жетілдірілді. Мақұлданған заң жобаларының қатарында өнеркәсіптік саясат туралы, бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша, мемлекеттік сатып алуға, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуына қатысты заң жобалары бар.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасауды, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізуді, биржалық сауданы дамыту мен жасауды көздейтін заң жобаларын мақұлдады.

«Жалпы, Мәжілістің депутаттық корпусының жұмысы сессияның алғашқы күндерінен бастап айтарлықтай қарқынды және мазмұнды болды», деп атап өтті Мәжіліс Спикері. 

Ол осы сессияның басынан бастап 5 Үкімет сағаты, Мәжіліс комитеттерінің 4 көшпелі отырысы, 1 халықаралық конференция мен 9 «дөңгелек үстел» өткізілгенін атап өтті.

Парламентшілер қызметінің халықаралық бағыты туралы айта келе, Нұрлан Нығматулин қыркүйекте Түркістанда өткен Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Х пленарлық отырысын еске салды. Оның жұмысына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, сондай-ақ Өзбекстан мен Венгриядан парламенттік делегациялар қатысты. Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері отырыста алғаш рет Модельдік заңдар қабылданғанын, бұл ТүркПА қызметінің заң шығарушылық бағытының күшеюін айғақтайтынын атап өтті.

«Келесі, 2022 жылы бізді одан да көп жұмыс күтіп тұр. Барлық фракциялардың, барлық депутаттардың бірлескен жұмысының арқасында Парламент Мәжілісі ел басшылығының саясатын сапалы әрі тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз ететініне сенімдімін», деп қорытындылады Нұрлан Нығматулин.