Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректеріне қарағанда, қазір ахуал бұрынғыға қарағанда біршама қалыпты жағдайға түсіп келеді. Індеттің таралуын мамандар екі аптаның өзгерісімен бағалайды. 9 және 22 желтоқсан аралығында КВИ 922 адамның бойынан табылды. Бұл – 22 қараша мен 8 желтоқсан аралығындағы екі аптаға қарағанда 24 пайызға аз, яғни 1 253-тен 922-ге төмендеген. Әрине, арқаны кеңге салатын көрсеткіш емес, бірақ бұрынғыға қарағанда төмендеу. Соңғы тәулікте облыс орталығында – 45, Мағжан Жұмабаев ауданында – 6, Қызылжар мен Есіл аудандарында 5-тен сырқат анықталды. Басқа аудандардан да жұқтыру тіркелді.
Өңір «сары аймаққа» өткеннен бері шектеу шаралары азайды. Вакцина салғызу бойынша насихаттау шаралары жүргізілуде. Кешеге дейін вакцинаның алғашқы компонентін 268 583 адам салғызған, ал толық салғызғандар саны – 251 819. Pfizer вакцинасын салдырғандар саны да көбейіп келеді, барлығы 5 692 адамға егілді, соның ішінде 4 420 жасөспірім, 1 127 бала емізетін аналар бар.
Мониторингтік топтар өз қызметтерін қауырт жүргізуде. Желтоқсан айы басталғаннан бері олар 127 рейд жүргізді. 23 топтан тұратын олар 643 нысанды қамтып, карантиндік шектеулерді бұзған 15 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1 079 290 теңгенің айыппұлын салды. Сонымен қатар Ashyq жобасының талабын бұзған 158 заңды тұлға анықталып, оларға 6,5 млн теңгенің айыппұлы салынды. Солтүстік Қазақстандағы жаман індеттің көбеюіне жол беретіндер – шекараның ар жағынан келгендер. 2020 жылдың қазан және 2021 жылдың желтоқсан аралығында Ресей Федерациясымен арадағы шекара бекеттерінен 300 мыңнан артық адам Қазақстанға өткен. Соның ішінде 5 866 адамның ПТР-тестен өткені туралы анықтамалары болмаған. Олардың бәрі карантиндік стационарларға жатқызылған. 316 адамның бойынан індет табылып, олардың 41-і стационарға жатқызылып, 275-і абулаториялық емделуге жіберілген. Ал 1 694 шетелдік азамат Қазақстан аумағына өткізілмей кері қайтарылған.
Солтүстік Қазақстан облысы