Қоғам • 31 Желтоқсан, 2021

№ 456 Жарлық жүктеген жауапкершілік

281 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» ат­ты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдік пен егемендігіміздің басты құндылықтарына тоқтала келіп, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында бірқатар күрделі тақырыпқа ерекше тоқталған болатын. Солардың бірі – осы уақытқа дейін толық зерттеле қоймаған тарихымыздың ақтаңдақ беттері – «Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама» нәубеті мен алапат ашаршылық, қуғын-сүргін зұлматы еді.

 

№ 456 Жарлық жүктеген жауапкершілік

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысы «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өткенін» еске сала келіп: «Тари­хымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашар­шылық құрбандарының нақты саны тура­лы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қо­ғамды адастырады. Тиісті тарихи құ­жат­тарды, жиналған мәлі­меттерді аса мұқият зерделеу керек», деп ауқымды жұмысқа арқау болар сөз айтқан болатын.

Шындап келгенде, мақалада айтылған бұл ой-тұжырым – ел Президенті 2020 жылдың 24 қарашасында қол қойған №456 Жарлықтың заңды жалғасы еді. Өйткені «Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік ко­миссия туралы» Жарлық саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және сая­си тұрғыдан ақтау міндетін ай­қын­дап берді. Атап айтқанда, мем­ле­­кет­тік комиссияға саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарына қатысты тарихи әділ­дік­ті қалпына келтіріп, еліміздегі саяси қу­ғын-сүргін құрбандарының іс жү­зінде ақталма­ған санаттарының, оның ішінде қолданыс­тағы заңнамада қам­тыл­маған, заңна­мада аталғанымен іс жүзінде ақтал­маған құрбандар тізбесін түзу жүктелді. Жарлық қолданысқа ен­гізіл­геннен кейін көп ұзамай елордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев­тың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті.

Барлығы 49 адамнан тұратын мемле­кет­тік комиссияның құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкімет мүшелері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мүдделі мем­лекеттік ұйымдардың басшылары, қоғам­дық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің белгілі ғалымдары кірді. Осы жиынның нәтижесінде мемлекеттік комиссияның қыз­метін ұйымдастырудың негізгі мін­дет­тері тағы бір пысықталып, оның 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары құрылды. Ең бастысы – қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыт­та­рын пысықтау үшін өңірлерде арна­йы жұмыс топтары құрылып, тарихи әділет­ті­лікті толық қалпына келтіру ісіне білікті мамандар, елге танымал тарихшылар мен ғалымдар, осы тақырыпты талай жылдардан беру қаузап жазып жүрген жазушылар тартылды.

Осылайша, Президенттің бастамасымен құрылған Мемлекеттік комиссияның қызметі тарихты зерделеу мен архивтік зерттеулер жүргізу жөніндегі кешенді жұ­мыс­тың негізінде жүзеге асырылды. Мем­лекеттік комиссияның қызметін ұйым­дастыру шеңберінде Жобалық кеңсе, екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс істей бастады.

Жұмыс топтары мен өңірлік комис­сия­лардың ғалымдары мен сарапшылары жабық архив материалдарына рұқ­сат алып, белсенді зерттеу жұмысына кіріс­ті. Оның тиімділігін қамтамасыз ету үшін базалық әдіснама бекітіліп, жұмыс топ­тарының тақырыптық жоспарлары қалыптастырылды, жергілікті жерлерде архив құжаттарын іздеу және зерделеу мәсе­лелері бойынша кездесулер өткізілді.

Кейіннен саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру үшін шағын комиссия құрылды. Сондай-ақ ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметі жетіл­діріліп, архивтердегі ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысы үшін қо­лай­лы жағдай жасала бастады. Өңірлік комиссиялардың қызметін жандандырып, олардың қызметін қаржыландыру, сондай-ақ Мемлекеттік комиссия қызме­тінің ақпараттық стратегиясын қалып­тас­тыру міндеттері белгіленді. Мәселен, Мемлекеттік комиссияның бір жұмыс тобының басты міндеті – әйгілі АЛЖИР лагерінің тұтқындарын, одан бөлек, рес­публика аумағындағы лагерьлерде жазық­сыз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды, олардың отбасы мүшелерін ақтауға бағытталды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әрі Сенаттың мұрындық болуымен «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты құжаттар жинағының 5 томдығы көпшілікке жол тартты. Ашаршылыққа қатысты тарихи құжаттар мен деректер жинақталған еңбекті әсіресе тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері жақсы қабылдап, «зұлмат жылдардың жан шошытар жылнамасы» деп бағалады. Бір айта кетерлігі, 1920-1930 жылдардағы Аштық тақырыбына арналған алғашқы 3 томдықта ұсынылған 1126 құжаттың 449-ы тұңғыш рет жария­ланды.

Жалпы, Жарлық қолданысқа енгі­зілгелі бері Ұлттық қауіпсіздік комите­­ті­нің архивтерінде 1800 іс анықтал­ған болса, оның 900-і – аймақтық бө­лім­ше­­лер­де, ІІМ архивтерінде – 172 462, Бас про­ку­ра­ту­ра­ның архи­вінде – 585 330 (оның 329 723-і құ­пиясыздандырылмаған) дерек-мәлімет сұратылған. Аймақтар бойынша ең көп анықталған құжаттар саны Алматыға тиесілі болып отыр. Мұнда 27 129 істің ақ-қарасы айқындалған болса, одан кейін Шымкентте – 17 231, Шығыс Қазақстан облысында 24 067 архив ісі әшкереленген. Сонымен қатар 3 миллионға жуық қуда­лау­ға ұшыраған адамның есеп карточкалары қайта көтерілген.

Жыл бойы мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының мүшелері бірнеше қалада болып, архив материалдарын жинау бойынша 30 ғылыми-іздестіру іссапарына қатысқан. Осындай жұмыс­та­рдың арқа­сын­да жұмыс топтарының мүшелері өңір­лік комиссиялар үшін кездесулер мен консультациялар өткі­зіп, жергілікті тари­хи-өлкетану мұра­жай­ларында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Қуғын-сүргінге ұшы­раған, депор­та­цияланған жандармен, сондай-ақ олардың ұрпақтарымен жүргізілген әңгімелер мен сұхбаттар да сан жылдар бойы қалтарыста қалып қой­ған тың тарихи деректердің жарыққа шығуына түрткі бол­ғаны сөзсіз. Қазіргі таңда елі­міз­дің Орталық мемлекеттік архи­вінде Мем­лекеттік комиссияның кіші комиссия­лары, жұмыс топтары, сондай-ақ өңірлік ко­миссия мүшелерінің 177 өкіліне ар­нау­лы тексеру жүргізіліп, мемле­кет­тік құ­­пия­ларға қолжеткізуге рұқсат рәсім­дел­­ген.

Ғалымдар Мәскеу мен Киев архив­те­рін­де де ауқымды жұмыс атқарып, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде КСРО-ның еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихы бойынша, соның ішінде ҚазКСР-да аумақтық орналасқан лагерьлер бойын­ша архив құжаттары анықталды. Украинаның қоғамдық бірлестіктерінің орталық мемлекеттік архивінде 27 архив қоры­ның материалдары зерттелді. Қа­зірг­і уақытта, еліміздің және шет мем­­­лекеттердің (Ресей, Қырғызстан, Тәжік­стан және т.б.) әр­түр­лі мұрағат қой­ма­ларынан келіп түсіп жат­қан архив материалдарының мәтін­дерін теру­дің белсенді процесі жүріп жатыр. Украина, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Беларусь республикалары архив­терінен қазақстандық саяси қу­ғын-сүргін құрбандарына қатысты ақпарат алу мәселелері пысықталуда.

Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құр­бандарына қатысты құжаттарды құ­пия­­сыздандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде ҰҚК Арнайы мемлекеттік ар­хивін­дегі материалдар қолжетімді болып, архивтік құжаттар және істермен жұмыс істеу бойынша Мемлекеттік комиссия өкілдеріне арналған нұсқаулық жадынама әзірленді. Нәтижесінде, ҰҚК тұрақты жұмыс комиссиясы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды қамтитын 111 архивтік іс, оның ішінде 5517 құжат құпиясыздандырылып, қа­зіргі таңда Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисі оларды цифрлау бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Сондай-ақ құпиясыздандырылған нормативтік-құқықтық актілер мен құжаттар және Қа­зақ­станда кеңес өкіметі репрессиялаған ауыл тұрғындарына қатысты екі жинақ 5000 данадан шығарылды. Жалпы, Мем­лекеттік комиссияның кіші комиссиялары мен жұмыс топтарының 2021-2022 жылдарға арналған баспа қызметінің жос­парына сәйкес келер жылы тағы бірнеше басылым шығарылмақ. Мұның сыртында Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай республикалық дерекқоры бойынша арнайы сайт құры­лып, электронды ресурсты тиісті материалдармен толықтыру жұмыстары жүр­гізілуде. Тағы бір үлкен жетістік – Пре­зидент Архиві базасында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу басқармасы – Орталық құрылды.

ТҮЙІН. №456 Жарлық жүктеген басты міндет – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру, ел тарихындағы осы ақтаңдақ беттерді ұрпақтың есінде қалдыру. Бұл – зұлмат заман шындығын қалыптастыруда жасаған аса маңызды қадам, өте үлкен тарихи миссия. Өйткені нәубет жылдарға қатысты шынайы тарихи көзқарасты қалыптастыру дегеніміздің өзі ұлт санасын жаңғырту деген сөз.