Спорт • 31 Желтоқсан, 2021

Тұңғыш алтынға – 50 жыл

562 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Есігімізден аттаған 2022 жыл қазақ спортының күнтізбесінде айтулы даталармен ерекшеленеді. Осыдан дәл 50 жыл бұрын, нақтылап айтсақ, 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпия ойындарында баскетболшы Әлжан Жармұхамедов КСРО құрамасымен бірге бас жүлдені олжалап, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпио­ны ретінде өз атын спорт жылнамасына алтын әріп­пен жазды.

Тұңғыш алтынға – 50 жыл

1972 жылдың 26 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында Мюнхенде XX жазғы Олимпия ойындары дүркіреп өткен еді. Алма­ниядағы додада 121 мемлекеттен келген 7 мыңнан аса спортшы жарыс жолына шықты. Екі апта бойы олар спорттың 23 түрі бойынша сайысқа түсіп, барлығы 195 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Баскетбол жарысында Әлжан Жармұхамедов өнер көрсеткен КСРО құрамасы топтық кезеңде жеті ойын өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бірінші орынмен жартылай финалға шыққан КСРО алдымен Кубаны 67:51 есебімен жеңсе, драмаға толы болған финалда азулы АҚШ құрамасын жолдан тайдырып, Олимпиада чемпионы болды.

Мюнхендегі бәсекеде солтүстікқазақстандық жеңіл атлет Вениамин Солдатенко, қарағандылық жүзуші Виктор Абоимов және алматылық балуан Анатолий Назаренко КСРО құрамында күміс жүлде жеңіп алған еді.

Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы Олимпиада

Биыл қазақстандық спортшылар еліміз тәуелсіздіктен алғаннан кейінгі қатысқан алғашқы Олимпиадаға 30 жыл толды. 1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен жазғы Олимпия ойындарына ТМД құрамындағы 12 мемлекет бір тудың астына бірігіп, Олимпиадада өнер көрсетті. Барселонадағы додада отандық спортшылар алтын, күміс, қола жүлдеге қол жеткізді.

Атап айтқанда, баскетболдан әйелдер құрамында павлодарлық Ирина Герлиц Олимпиада чемпионы атанса, қарағандылық Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова волейболдан, Елмәди Жабраилов күрес түрлерінен күміс жүлде иеленді. Ал оқ атудан қарағандылық Владимир Вохмянин мен балуан Дәулет Тұрлыханов Барселонадан қола медальмен оралды.

Биылғы жылдың басты бәсекелері

m 2022 жылдың алғашқы айында қысқы спортшыларымыз Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына лицензия алу үшін барын салады. Ал қаңтардың екінші жартысында Мельбурнде теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын бір жыл бедеріндегі төрт жарыстың басы – Аустралияның ашық біріншілігінің жалауы желбірейді. Жүлде қоры мол және әлемдік рейтингтегі жағдайды жақсарту үшін тамаша мүмкіндік беретін дүбірлі додаға тек таңдаулы теннисшілер ғана қатысады. Солардың қатарында Қазақстанның да өкілдері бар.

m Футзалдан былтырғы әлем чемпионатында төртінші орын алып, айбынымызды асқақтатқан Қазақстан ұлттық құрамасы биыл Еуропа біріншілігінде бақ сынайды. 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтетін қарт құрлықтың доп додасына Еуропаның ең үздік 32 құрамасы қатысады. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан В тобында Италия, Словения және Финляндия футзалшыларымен ойнайды.

m Наурыз айында теннистен Қазақстан ерлер құрамасы Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін Норвегиямен күш сынасады. Жарыс 4-5 наурыз күндері Норвегияда өтеді. Дэвис кубогының іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық бәсекеден тұрады және үш сеттік форматта өтеді. Финалға іріктеу кезеңінде үздік атанған 12 команда жолдама алады. Оларға биылғы Дэвис кубогының финалистері – Ресей мен Хорватия қосылады. Сондай-ақ Ұлыбритания мен Сербия құрамалары арнайы шақыртумен барады.

m Қазақстан құрамасы 2022 жылы қатысатын маңызды жарыстың бірі – жазғы Азия ойындары. Сары құрлықтың шағын Олимпиадасы саналатын дода 10-25 қыркүйек күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Ханчжоудағы Азия ойындары Қытай тарихында өткізілетін үшінші Азиада болмақ. Бұған дейін 1990 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен болатын. 2018 жылғы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медальмен (жиыны 76 жүлде) жалпыкомандалық есепте 9-орын алған.

m Биыл футболдан әлем чемпионатының жалауы 21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатар астанасы – Дохада желбірейді. Доп додасы әлем чемпионаттарының тарихында тұңғыш рет күздің соңы мен қыстың басында өткелі отыр. Қатарда жаз мезгілі тым ыстық болады. Тіпті Арабия түбегінің шығысында орналасқан елде ауа температурасы жаз мезгілінде +50 градусқа дейін жетеді. Мұндай аптап ыстық әлем чемпионаты барысында футболшылардың денсаулығына қауіп төндіреді дейді мамандар. Сондықтан да ФИФА басшылары 2022 жылғы біріншілігін қыста өткізу туралы тоқтамға келіпті. 28 күнге созылатын жаһандық дода «мундиаль» тарихындағы қысқа мерзімде өткен алғашқы біріншілік болмақ.

m Биыл қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада, Паралимпиада ойындары, Белградта өтетін жеңіл атлетикадан жабық спорт кешендегі, шайбалы хоккей, дзюдо, көркем гимнастика, су спорты және басқа спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында бақ сынап, сол додаларда әнұранымызды шырқатуды көздейді.

пп