12 Мамыр, 2010

СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ АРНАП ҮЙ САЛЫНАДЫ

554 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы жаңадан тұрғызылатын бұл нысан – Жеңіс мерекесінің 65 жылдығына арналып соғыс ардагерлеріне жасалған сыйлық. Ел есінде жүрген осы бір салтанатты күні облыс әкімі Бақытжан Сағын­таев соғыс өртін көрген ардагер ақсақалдарды шақырып, үлкен­дер­мен бірге бой көтермекші үйдің іргетасын қалады. Қазақы сөзбен айтсақ, алғашқы қазығын қақты. Кәсіпкер Анатолий Винерцев басқаратын “Казстройимпульс” ЖШС жүргізетін тұрғын үй құрылысына 370 миллион теңге бөлінген. Биылғы жылдың қараша айында пайдалануға берілетін жаңа үй тоғыз қабатты, бір және екі бөлмелі 108 пәтерден тұрады. Жаңа тұрғын үй алаңы бұл ауданнан бекерден-бекер таңдап алынбаса керек. Дәл осы жерде облыс орталығында орналасқан Павлодар ауданының ауыл тұр­ғындарына арналған емхана бар. Жарқырған жаңа емхана – осы заманғы медициналық құрал-жаб­дықтармен жабдықталған облыс­тағы бірден-бір емдеу мекемесі. Енді ауыл тұрғындары­мен бірге, облыс орталығында тұратын соғыс ардагерлері де осы емхананың қызметін пайдалана­тын болады. Ал, жаңадан бой көтеретін тұрғын үйдің бірінші қабаты түгелімен ардагерлерді жан-жақты қамтамасыз ететін әлеуметтік орындарға арналған. Майдан­герлер өздеріне арнап салынатын үйдің даңқты қолбасшы Михаил Суворов көшесінен орын тепкенін өздерінің ерлік жолдарының жал­ғасы ретінде жарасым тап­қанына ырза. Жалпы, Жеңіс мерекесі күні облыс орталығындағы Даңқ алаңын­да облыстан шыққан жерлес батырлар Құдайберген Сұрағанов, Иван Кудин, Спартак Маковский және басқаларға арнап олардың мүсіндері орнатылды. Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш қайта жаңғырып, жаңартылды. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.